Есенберлиннің есесі кімде кетпеген? - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Есенберлиннің есесі кімде кетпеген?
Алашымның басына алақұйын күн туып тұрған соң, әлеуметтік желіге назарымыз ауған. Сәт сайын жаңарып жатқан ақпарат легінен ой түйіп те үлгермейсің... Қаншасы дәйекті, қаншасы дақпырт? Оны да бағамдау мүмкін емес. «Бүгін – тұңғышымның туған күні», «Ертең – әкетайымның өмірден озған күні», «Шоу-бизнестің ханшайымын күйеуі соққыға жығыпты» деген секілді арзан ақпаратсымақтан көз тұнады. Кімге қажет осының бәрі?
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»


Ал, «Фейсбук» желісіндегі жезқазғандық бейтаныс қарындастың парақшасындағы мына бір жазба елең еткізді мені. «Жезқазғандағы үйлердің біразында Совет Одағынан қалған естеліктей болып осындай тақтайшалар ілулі тұр. «Есенберлин көшесі» деп жазуға қолы тимей жүргендер тым болмаса, алып тастамай ма? Әттең, өзімнің бойым жетпеді. Көмектесем деушілер болса...» депті жанары қырағы болса да, амалы таусылған қарындасым.
Бұл – жанайқай емес, жарқыл! Намыстың ұшқыны, Ар-ожданның жалыны! Өкінішке орай, қаршадай қарындастың қанында ойнаған жарқыл біздің әкім-қараларда болмай тұр. Біздің «советский» әкімдерге айтқан «советіміз» қабылдана ма? Әйтпесе, ұлттың тарихын ырғаймын деп, өзі «ырғалып» кете жаздаған Ілияс Есенберлиннің сол Совет дәуірінде кеткен есесін қайтаратын кез жетті ғой. Жезқаладағы тура осы «Советская» көшесіне ресми түрде Есенберлин есімі берілгеніне 20 жылдан аспаса, кем болған жоқ. Осынша уақытта жаңармаған тақтайшаның тағдырына жөппелдемеде не айта қоямыз?!
Қала әкімі Батырлан Ахметовтің «бойы жетпеген» жерге бейтаныс қарындасымның ойы жеткен екен. Рухани ергежейлілер тізгін ұстаған заманда рухының биіктігін аңғартқан қарындасыма риза болғандықтан жазып отырмын бұл фотоайыптауды. Ахметов мырзаны жазғыру ойымда да жоқ. Есенберлиннің есесі кімде кетпеген?! Кеткен есені қайтаратын қайраткер әкім керек ол үшін...
«Көмектесем деушілер болса...» деген қарапайым ғана жазбасымен ой салған қарындасыма қолымнан келген көмегім осы болды, ағайын. Бұл қарындасым алдамшы шуаққа емес, ұлы мұратқа қолын созып тұр. Жетеді, айналайын! Бойымыз да, қолымыз да жетеді сол мұратқа!
Сурет бейтаныс қарындастың «Фейсбук» желісіндегі парақшасынан алынды.

 

 

 

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 558
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px