Ғибратпен өрілген ғұмыр - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Ғибратпен өрілген ғұмыр
Адамзатқа үлкен қауіп төндірген Чернобыль атом электр станциясы апатының бетін қайтаруда қазақ жігіттері өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, Отан алдындағы парыз­дарын абыроймен атқарды. Биыл сол қасіретке – тура 30 жыл.

Кеңес үкіметі ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді қаншама бұғалықтаса да, отын өшірмей, шоғын шапанының етегімен көлегейлеп, аман сақтап қалған аймақтар аз емес. Сондай қазыналарымызды көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге аманат етіп жеткізген өңірлердің бірі – Жаңаарқа. Баба қанымен берілген ұлтжандылық қасиеті лаулап тұрған азамат Жанділдә Шалин – осы Жаңаарқаның тумасы.
Жанділдә Құсайынұлы 1943 жылы наурыз айында Атасу жерінде дүниеге келген. Осы аудандағы Ленин атындағы №1 орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау бөлімін 1966 жылы аяқтады. Мамандығы – экономист. Жоғары оқу орнын бітіріп келіп, Жаңаарқа ауданының автобазасында экономист, одан соң «Қарағандысельстрой» ПМК-15 тресінде жоспарлау бөлімі бастығының міндетін атқарды. Мол тәжірибе жинақтай жүріп, 1973 жылдан Жаңаарқа аудандық атқару комитетінің жоспарлау комиссиясының төрағасы болды. 1975-1981 жылдар  аралығында Шахтинск қалалық қаржы бөлімін басқарды. 1981-1992 жылдарда Қарағанды облыстық қаржы басқармасының меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары болды. 1992 жылы облыстық салық инспекциясы бастығының орынбасары қызметіне ауыстырылып, 1997 жылға дейін сонда қызмет атқарды. 1981 және 1988 жылы білімін жетілдіруде Ленинград қаласындағы қаржы-экономика институтын үздік тәмамдады. 1997 жылы облыстық қаржы бақылау комитетінде бөлім бастығы, 2000 жылдан бастап осы комитетте аға бақылаушы-ревизор болып істеді. 1973 жылы – Жаңаарқа аудандық кеңесіне, 1975, 1977, 1979, 1981 жылдары – Шахтинск қалалық кеңесіне депутат болып сайланды.
1986 жылы сәуір айының аяғында Украинаның Чернобыль атом электр станциясынан өрт шығып, күрделі апат орын алды. Тез арада апаттың  жолын кеспесе, бүкіл әлемге, Еуропа жұртшылығына, табиғатқа келер кеселі жойқын еді. Бір түнде, тек, Қарағанды облысынан 200-ге тарта, бұрынғы химиялық бөлімшелерде әскерде болған солдаттар мен өзі сияқты запастағы офицерлерді «әй-шайға» қаратпай алып кетті.  
Бастапқыда мерзімі белгісіз еді. Чернобыль маңындағы апаттың адам төзгісіз алапатын көрген соң, бір жарым айдан кейін төрт баласы барлары және денсаулығы нашарлағандары елге қайтарылды. Ішінде Жәкең де бар. Сол алапаттың ортасында жүргенде бауырлас қандастарына тамақты көбірек жеп, әлсін-әлі арақ ішуге үгіттейді. Өйткені, арақ залалдың бетін қайтаратын көрінеді. «Елге жеткен соң жылқының еті мен қымызына бас қоярмыз, әзірше, арақпен, мол тамақпен сақтана тұрайық» деп, офицерлерге беретін таза арақтан жігіттерге жасырын әкеліп тастайды екен. «Қанша сақтанғанымен атомның қасіретінен, көбі, елге келген соң, ауырып көз жұмды», – деп еске алып, күйініп отырушы еді. Келген соң өзі де сырқаттана бастады, қол-аяғы сырқырап, келе-келе басы ауырып, жүріп-тұруы қиынға соқты. Ақыры 70-ке қараған шағында өмірден озды.
Бір салада қырық жылдан астам адал еңбек етіп, оның ішінде, басшылық лауазымында болса да «еңбегінің өтеуіне орден-медаль» дәметпеген, «өзіме емес, өзгеге бұйырса екен» деп, тілеулес болып өткен таза жан. «Отан маған не береді?» деп емес, «Мен Отаныма не беремін?» деген ұстаныммен еңбек еткен адал жан. Ақ тілеуінің арқасында бүгінде ұл-қыздарынан өрбіген немере-шөберелері атасының өмірін жалғастырып, өніп келеді. Баян мен Ғалымжан – әкесі сияқты экономистер. Сүйікті еркетайы Бақытжан – дәрігер­-стоматолог, кенжесі Нұрлан – заңгер. Балалары мен немере-шөберелерінің саябағы  Тұрсынхан жеңгеміз – аға әулетінің мәуелі бәйтерегі. Ұлағатты ұстаз, бірнеше кітап шығарған ақын Тұрсынхан жеңгеміз «Көркің көзден, есімің естен кетпес» атты естелік кітап жазып, аяулы жары Жанділдә Шалиннің өткен өмір жолын баяндап, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырып отыр. Жақсыдан шарапат.
Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 106
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px