Көктемге қам жасалуда - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Көктемге  қам  жасалуда
Сағыныш ӘБІЛОВА,
«Орталық Қазақстан»
Қарқаралы ауданы елді мекендерін көктемгі су тасқынынан қорғау шараларын ұйымдастыру мақсатында аудан әкімі Халел МАҚСҰТОВТЫҢ төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Комиссия мүшелері, мекеме-кәсіпорындар басшылары, қала, кент, ауыл әкімдері қатысқан жиында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Т.Сүлейменов баяндама жасады.
Бүгінгі таңда аудан бойынша Ынталы, Матақ, Тегісшілдік, Жарлы, Қарынши, Көктас, Жаңажол, Жарлы, Ақшоқы, Жекежал, Жәнібек, Қаракөл және Талды елді мекендерін су басу қаупі басым. Ол жерлерде 1407 отбасы, яғни, 6453 адам мекендейді.
Төтенше жағдайға байланысты бүгінгі күні аудан көлеміндегі су деңгейі тексеріліп, үнемі бақылауда ұсталуда. Арнайы кезекшілік ұйымдастыру, су басу қаупі бар аумақтарға топырақ төгу жұмыстары жасалуда. Ауданда су тасқынына қарсы іс-шараларды қамтамасыз ету және оның алдын алу мақсатында аудандық төтенше жағдайлар резервінен 9,5 млн. теңге қаралды. Су тасқынының қаупі бар ауылдардағы су ағарларды қар мен мұздан тазарту мақсатында ауыл тұрғындарынан құрылған еріктілер топтары құрылды. Өзен бойында орналасқан Ынталы және Тегісшілдік ауылдық округтеріне қауіпті болып саналатын Нұра және Жарлы өзендерінің мұздарын жару бойынша Қарағайлы поселкесіндегі «Интеррин» ғылыми-өндірістік мекемесімен келісілді.
«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, өткен күз айларында су тасқынының алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Угар селосының Матақ елді мекенінде ауыл сыртынан ұзындығы – 2 шақырым, биіктігі – 1,5-2 метр және Қырғыз селосының Жәнібек елді мекенінде ұзындығы – 1,1 шақырым, биіктігі – 80-90 см болатын бөгет тұрғызылды. Тегісшілдік селосының Тегісшілдік елді мекенінде қазан айынан бастап Жарлы өзенінің ауыл іші арқылы өтетін арнасы жабылып, арнасы бұрылды. Осы өзен арнасының жарты шақырымы құмнан тазартылды. Жарлы, Көктас, Ынталы елді мекендері маңайында топырақ үю жұмыстары жүргізілді. Барлығы – 8,9 шақырым жерге топырақ үйілді. Ал, республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардағы суағарлар, көпірлерді қар мен мұздан тазарту жұмыстары аудандағы жол жөндеу мекемелеріне бекітілді.
Су тасқынының алдын алуға 20 тонна жанар-жағармай қоры, 16 мың қап, 800 тонна оқшаулау материалдары, 5 тонна азық-түлік, 100 келі медициналық құралдар жасақталып, басқа да қажеттіліктер үшін бюджет резервінен 3 млн. 240 мың теңге бөлінді.
Аудан басшысы аудандағы мекеме-кәсіпорын басшыларына тиісті тапсырмаларды жүктеді. Мәселен, ғимараттар шатырын мұз бен қардан тазарту, су басу қаупі бар елді мекендерге қосымша инертті материалдар жеткізуді, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді міндеттеді.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 242
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px