Сейсенбі күні өткен облыстық қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібінде өзекті мәселелер қаралды. Кеңес мүшелері облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен жер реформасын талқылады.
Жер реформасын талқылауға қатысты республикалық комиссияға облыс атынан кірген «Қазақстан шаруалар одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Абдолла Төребеков бүнгі таңдағы өзгерістерге тоқталды.
– Заңның 24-бабының бірінші тармағы өзгеріссіз қалды. Қарапайым халықтың жерді басыбайлы сатып алуға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан, жалға беру мәселесі қаралып жатыр. Жалға берілетін жер көлемі жеке адам үшін де, заңды тұлға үшін де республика бойынша бірдей болуы тиіс. Бұл мәселе экономикика тұрғысынан зерделенуде. Сонымен қатар, жерді жалға беру нормасына, яғни, 50-бапқа өзгерістер енгізілетін болады. Бүгінгі таңда сатылымға шығарылған жердің 1,3 пайызы сатылды,– деді ол.
А.Төребековтің айтуынша, осы уақытқа дейін республикалық комиссия отырысы өткен Алматы, Ақмола және Қызылорда облыстары жерді сатуға қарсылық білдіруде. Мемлекет негізі жер мен халық екенін тілге тиек еткен сарапшы көпшіліктің осы пікіріне құлақ асқан жөн деп санайды.
Бұдан кейін сөз алған облыстың жер қатынастары басқармасының басшысы Аян Шалмағамбетов облыс тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқанына тоқталды.
– Жер мәселесіне қатысты құрылған call-center-ге бір айдың ішінде 113 қоңырау шалынды. Сонымен қатар, тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, түсіндіретін орталықтар әр аймақта ашылған,– деді ол.
Басшы көпшіліктің көңіліндегі мәселелерді ортаға салды. Мәселен, мал жайылымының жетіспеушілігі. Қажет барлығы 6 млн. га жайылымның бүгінде 42,7 пайызы ғана қамтылған. Жерге қазақстандықтардың жекеменшік құқығының сақталуы. Жерді шетелдіктерге сатуға тиым салу. Шетелдіктерге жалға берілетін 25 жылды 10 жылға қысқарту мәселелері өңірлерде өткен халықпен кездесулерде жиі айтылған ұсыныстар.
Аймақ басшысы бұл мәселе әлі де терең зерделеуді қажет ететінін алға тартты.
– Заң қабылданып кеткен соң сан соғып қалмайтындай халықтың ескерту, өтініштері есепке алынуы керек. Бұл мәселеде бір жақты пікір айту мүмкін емес. Сондықтан, ұсыныстарды облыс халқының пікірін жан-жақты талдап, негізге ала отырып республикалық комиссия назарына ұсыну қажет,– деді Нұрмұхамбет Қанапияұлы.
Жергілікті полиция қызметі – қоғамдық кеңестің назарына ұсынылған мәселенің бірі. Облыстың ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Жалғасбай Жақаев баяндама жасады.
– Биылғы жылдың мәліметіне сәйкес, ауыр қылмыстар 2,1%-ға, тонау 8,6%-ға, бұзақылық 34%-ға төмендеген. Сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық кикілжіңдер, жол көлік оқиғасында көз жұматындар саны азайған.
Жалғасбай Сұлтанғалиұлының айтуынша, учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдық тәртіпке жауапты инспекторлар кезекшіліктен, түнгі патрульден босатылған. Тек, өз учаскелерінің тыныштығына жауап береді. Полиция қызметіне судай жаңа сегіз автокөлік берілген. Алдағы уақытта тағы да күтілуде. Баяндамашының мәліметінше жергілікті полиция құрамы барынша толыққан. Маусым айында жас мамандар алынып, жұмысқа кірісіпті. Тәртіп сақшылары Теміртау, Семей қалаларында оқу-жаттығудан өтеді. Жергілікті полиция бюджетін ішкі істер департаментінен бөлу мәселесі де алдағы уақытта назардан тыс қалмақ емес.
Биылғы жылдың ақпанынан құрылған қоғамдық кеңестің жұмысы жайлы кеңес хатшысы Наталья Вшивцева егжей-тегжейлі тоқталды.
– Бүгінгі таңда кеңес құрамында бес комиссия жұмыс істеуде. Олар – бюджеттік, құқықтық, жеке азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарайтын комиссия, қоғамдық бақылау және жер реформасына қатысты комиссия. Осы уақыт ішінде қоғамдық кеңестің бес, комиссиялардың 12 отырысы өтті,– деді хатшы.
Кеңес төрағасы Ерқара Аймағамбетов отырысты қорытындылай келе, біздің облыстың қоғамдық кеңесі республика бойынша алдыңғы орында екенін жеткізді. Жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.

