Көптілділік көптік етпейді - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Көптілділік көптік етпейді
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»


2016 жылғы 16 маусымда облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Жандос ӘБІШЕВТІҢ төрағалығымен мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті.

Онда мына мәселелер қаралды.
Үш тілде білім беруді ілгерілету аясында білім беру салаларындағы тілдерді оқыту мәселелері туралы.
Қарағанды қаласы мен Осакаров ауданында моральдық тұрғыдан ескірген атауларды жүйеге келтіру шаралары туралы.
Бірінші мәселе бойынша облыстың білім басқармасының басшысы  А.Аймағамбетов баяндады.
Қазақстандық қоғамда үштілділіктің қажеттілігі түсінігі жоғары тұр. Жаһандану жағдайында әлемдік тілдердің ең болмаса біреуін білмей алға жылжу мүмкін емес, солардың бірі – ағылшын тілі.
– Үштілді білім беруді енгізуге дайындық қазіргі күнде облыстың барлық білім беру ұйымдарының жұмысындағы ең өзекті  бағыттардың бірі болып табылады, – деді басқарма басшысы. – Үштілді білім беруді дамытудың Жол картасын жүзеге асыру аясында 2015-2020 жылдарға арналған жоспары бекітілді. Жүзеге асырудың 20 пилоттық білім  беру ұйымы анықталды. Ресурстық орталықтар болып қазақ-түрік лицейі, «Мұрагер» және Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттары табылады. Британдық кеңеспен тығыз ынтымақтастық жолға қойылған. Пәндерді ағылшын тілінде оқыту әдістемесі бойынша жаратылыстану-математикалық бағыт мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары тұрақты түрде ұйымдастырылып, өткізіледі. Бүгінде 18 педагог-оқытушы курстардан өтті.
2015 жылдың желтоқсанында Алматы қаласында Британдық кеңес тренерлерін даярлау тренингтері өткізілді. Жыл аяғына дейін әрбір оқытылған үш тренердің әрқайсысы жаратылыстану-математикалық бағыт педагогтары үшін 5-тен оқыту тренингтерін өткізеді. Оған облыстың 357 педагогы қатысады. Одан әрі жаратылыстану-математикалық бағыт пәндерін ағылшын тілінде оқыту әдістемесі каскадтық әдіспен жүзеге асырылатын болады. Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының базасында информатика мұғалімдері үшін ұйымдастырылған пәнді ағылшын тілінде оқыту курстарынан 20 педагог өтті. Осы жылдың қаңтарында «Болашақ» Қарағанды университетімен бірлесіп қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сабақ беретін мұғалімдер үшін Қазақстан, Ресей, Украинаның жетекші лингвист  ғалымдарының қатысуымен «Когнитивтік лингвистика және көптілді білім берудің тұжырымдамалық негіздері» тақырыбында халықаралық қысқы ғылыми мектеп өткізілді.
Үш тілде оқыту жөнінде әдістемелік нұсқаулықтар, вариативтік бөліктің, қосымша білім берудің және сыныптан тыс жұмыстың бағдарламалары жасалуда. «Мұрагер» және Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған     мектеп-интернаттары    жаратылыстану-матем­атикалық бағыт пәндері бойынша терминологиялық сөздіктер, оқу-әдістемелік кешендерін дайындады.
2016 жылдың мамырында Н.Нұрмақов мектебі базасында «Үштілді білім берудің өзекті мәселелері» тақырыбына облыстық семинар өткізіліп, ҚАЗТЕСТ қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі, төрт тілдік дағдылар тұжырымдамасы екінші тілді оқып-игеру негізі ретінде қарастырылды. Семинар жұмысына облыстық тіл үйрету орталығының, Қарағанды қаласының ағылшын тілі мұғалімдері қауымдастығының өкілдері, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері қатысты. Барлығы облыстың 575 мұғалімі 2016 жылы өз біліктілігін арттырады. Каникул уақытында тілдерді дамыту үшін оқушылар арасында облыста 106 жазғы тілдік мектептер жұмысы ұйымдастырылып, 12 мыңнан астам оқушы қамтылған.
Одан әрмен сөзінде баяндамашы қазіргі дақпырттарға орай түсінік берді. Мәселен, қазір ағылшын тілі пән тілі ретінде кіргізілген жоқ. Ағылшын тілді физик, химик, информатика, ақпараттандыру мұғалімдері тұрсын, сол пән мұғалімдерінің өзі жетіспейді.
Бұл мәселе бойынша қосымша баяндаманы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры А.Қалықов жасады.
Мұнда да үш тілде  білім беруді ілгерлету бойынша жанды жұмыстар жүргізілуде. Тіл курстарының жұмысы жандана түскен. Өздері үшін бұл курс тегін. Алайда, осындай тегін курс басқалар үшін ақылы болып қалуда.
Шын мәнінде мамандарды даярлау бойынша қыруар қаржы жұмсалады. Мамандар Алматыдан шақырылады. Сондай мамандар өзімізден табылып жатса іс жедел ілгерілей түсер еді.
Екінші мәселе бойынша Осакаров ауданы әкімінің орынбасары А. Шалабаева баяндама жасады.
– Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында 2014 жылдың 7 сәуірінде аудан әкімдігінің «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №21/07 қаулысы арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №31/13 қаулысы қабылданды.
Жалпы Осакаров ауданында 2 кент, 22 ауылдық округ және 48 елдімекен бар. Қазіргі кезде 22 ауылдық округтің 12-сі өзгертіліп, 54 пайызды, 48 елдімекен атауының 25-і қазақша атауға өзгертіліп, 52 пайызды құрап отыр. Аудан бойынша 472 көшенің 20-сы қазақша аталған. Көше аттарының үлесі – 4,2 пайыз.
Моральдық тұрғыда ескірген атаулар, оның ішінде: кеңестік сипаттағы атаулар:  елдімекендер – 6;  көшелер саны – 97. Мән-мағынасы тозған атаулар: елдімекендер  –32;  көшелер саны – 299-ды құрап отыр.
Тарихи тамыры тереңге тартқан ауданның бүгінгі территориясында: бабаларымыздың ізін, өткенін баяндайтын жер-су атаулары, тарихи-археологиялық ескерткіштер шоғыры жеткілікті болғандықтан, 2015 жылы елдімекен және көше атауларының байырғы атауларын қайта атау бойынша біршама жұмыстар қолға алынғанды. Соның нәтижесінде Дальний ауылдық округінің аты – Жансары, Лиманное ауылының атауы – Басқорық деп өзгертілді.
Ағымдағы жылы аудандық тарихи-өлкетану музейінде Абылай ханның қолбасшыларының бірі – Сайдалы Нияз батырға арналып мүсіні қойылды. Осакаров кентіндегі Мостовая көшесінің атын – Социалистік Еңбек Ері Хайролла Байғабылов көшесі деп өзгерту бойынша кент тұрғындарымен қоғамдық жиын өткізіліп, құжаттар облыстық тілдерді дамыту басқармасының қарастырылуына ұсынылды.
Қазіргі уақытта елдімекен, көше атауларын өзгертуге шектеу қойылғанымен, бұл бағыттағы жұмыстар қосымша бақылауға алынып, қадағалануда. Алдағы уақытта аудандағы 2 көшенің транскрипциясын өзгерту және 11 көшенің атын қайта атау жоспарланып отыр.
Бұл мәселе бойынша комиссия алдында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары И. Любарская есеп берді.
– Ономастика саласында кеншілер қаласы бойынша қыруар жұмыс істелді. 2010 жылғы уақытша жарияланған мораториге қарамастан жұмыс үзілген жоқ. 2014-2015 жылдары жаңа атаумен 19 көше пайда болды, екі көше атауы өзгерді. Қаладағы 846 атаудың (көше, шағын аудан, даңғыл, т.б.) 552 қайта қарауды қажетсінеді. Оның ішінде мораторий алынысымен 124 көше қаралатын болады.
Баяндамашы атап өткендей, Қарағанды бойынша көше атауларын қайта қарауда ұлттық мәселелерді көтеріп алмау маңызды. Кеншілер қаласы тұрғындарының 46,62 пайызын қазақтар, 42,28 пайызын орыстар, 15,1 пайызын басқа ұлт өкілдері құрайды. Содан да болар, қоғамдық тыңдауда Архитектурная, Щорс, Новоселов көшелерін қайта атау өтпей қалды. Арызданушылар Президент аппаратының басшысына дейін жеткен.
Елді мазалаған сауалдың бірі – Ленин көшесін және Октябрь ауданын Әлихан Бөкейханов есімімен атау жөніндегі тұрғындардың ұсынысы еді. Бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына да біраз уақыт өтті. Алайда, әр түрлі себептермен кешеуілдетіліп келген-ді. Бұл жөнінде И. Любарцкая:
– Бұл мәселе мораторий ресми түрде тоқтатылысымен қаралады, –  деді.
Комиссия қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 721
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px