Кәсіптен – нәсіпке - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Кәсіптен – нәсіпке
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Қарағанды облысында өткен жылы өзін-өзі мейлінше ақтаған «Бизнес-кеңесші» курстары қайтадан қарқын алды. Оның аясында өз кәсібін ашуға ықыласты кез келген адамның бизнесті неден бастау қажеттілігі, бизнес-жоспарды жүйелі құра білу алғышарттары, алғашқы қаражатты дұрыс есептеу ерекшеліктері хақында толыққанды әрі барынша сапалы ақпарат алу мүмкіндігі бар.

Орайы келгенде орнықты іс-шараның өткен жылғы нақты нәтижелеріне үңіле кеткеннің еш әбестігі жоқ секілді. Шынтуайтында, қорытынды өте қомақты. Аталған курстарда 1200-ге жуық адам дәріс тыңдап, кәсіпкерлікке машықтану шарттарын меңгерген екен. Олардың арасынан 79 тыңдаушы бүгінгі күнге дейін өз кәсіптерін ашып та үлгеріпті. Бұдан тысқары, 41 тыңдаушы жалпы сомасы 63 млн. теңгені құрайтын грант көмекті иеленсе, 46 адам қаржы институттары арқылы қаржыландыру игілігіне қол жеткізіпті. Оларға берілген қаражаттың жалпы сомасы – 143 ,4 млн. теңге.   
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Гүлім Оразбаеваның мәлімдеуінше, биылғы жылы ізгі ниет ұстанымымен алғаш рет өткізілген семинарға қатысуға 27 адам ықылас білдірген екен.
Өз кезегінде, бизнес-жаттықтырушы Арай Өспаева да семинарға қатысушылардың белсенділігі мен дайындық деңгейінің жоғарылығына тәнтілік танытып отыр. «Дәріс тыңдаушылардың жас мөлшері – алуан түрлі, нақтылай түссек, жасының ең кішісі – 29-да, ең үлкені – 59 жаста. Былтырғы жылғы қатысушылармен салыстырғанда, биылғы жылы келушілердің қатарында тың әрі жүзеге асуы әбден мүмкін бастамалары бар адамдар жеткілікті. Мәселен, Мәди Шәкеев пен Әли Темірханов Абай қаласында тіс қаптамаларын жасайтын цех ашқылары келеді. Олар бұған дейін тіс техниктерінің көмекшілері ретінде айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Өз өнімдерінің сұранысқа ие боларына сенімді. Ал, 22 жастағы Жанар Қанапиеваның келешектегі жоспары да тым тартымды. Оның ойында етті сапалы өңдеу және тұтынушыларға ауа қысымы қаптамасымен ұсыну жобасы бар» дейді болашақ іскер азаматтардың тәлімгері.
«Бизнес-кеңесші» жобасы Қазақ­станның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан 2015 жылдан бастап қолға алынғанын атап өткен жөн. Жоба кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындар мен іс үстіндегі кәсіпкерлерді өз бизнесін ашуға, маркетингтің қыр-сырын меңгеруге, еңбек ұжымын басқаруға, бизнесті жүргізудің заңнамалық негіздеріне және қаржыны оңтайлы бағыттауға оқытуды мұрат тұтады. Бизнес-жаттықтырушылар бірнеше күннің ішінде кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркеуден өту, бизнес-жоспарды сапалы түзу және мемлекеттік қолдау бағдарламаларын ұтымды пайдалану шарттары туралы егжей-тегжейлі әңгімелейді. Бұл жерде тыңдаушылар кәсіпкерлікті жүргізудің қатерлі тұстарына қатысты жайттарға да қанығады. Семинарға қатысушылар оның қорытындысымен арнайы курстан өткені туралы сертификатты иеленеді.
«Бизнес-кеңесші» курсын тәмамдағанын айғақтайтын сертификаттың болуы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша грант қаражатын алу үшін басты шарт екендігін ескерген ләзім. Ол, сонымен қатар, кәсібін жаңа бастағандар мен жас кәсіпкерлер үшін алған несиелерін ішінара кепілдендіруде сұранысқа ие. Курстан өту кезінде меңгерген білімнің қажеттілігі start-up жобасымен екінші деңгейлі банктерден несие алу ниеті туындаған сәтте де міндетті түрде бой көрсетеді. Бұларды былай ысырып қойғанда, өз кәсібін енді ғана бастаған кәсіпкерлер қолында аталған сертификат болған жағдайда тәлімгерлік қағидаларын қолдану арқылы жүргізілетін «Бизнес-мектептер» және «Бизнес-өсім» секілді басқа да бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін иеленеді. Бұл курстар іс үстіндегі кәсіпкерлер үшін ұйымдастырылады және біліктілікті арттыру мақсатындағы оқытулар болып табылады.
Ең бастысы, «Бизнес-кеңесші» семинарына қатысу жолы күрделі емес, оған ешқандай шектеулер қойылмаған – Кәсіпкерлер палаталарының кеңселерінде тиісті өтініш үлгісін толтыру жеткілікті. Ал, курстардың өту кестесі туралы мәліметті Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы сайтындағы «Бизнесті қолдау» бөлімінен табуға болады.      

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 244
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px