Келешек бастауы – бүгіннен - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Келешек бастауы – бүгіннен
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Егемендіктің ширек ғасырлық мерейтойына ат шалдырған қазақ жұрты жарқын келешекке көз тігіп отыр. Өткенді бағамдап, болашаққа жоспар құрудың қамында қазір. Зұлмат кезеңдерді бастан кешкен тарлан тарихтан тәлім алудағы мақсатымыз – осы. Қам жасай жүріп, қапы қалмауды ойластыру.

Қарағандыдағы №36 орта мектепте өткен «Тәуелсіздік тұлғалары» атты кездесуден мол тағылым түйіп қайттық. Кездесуге келген «Ғасыр адамы», профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Темірғали Көкетаев пен мемлекет және қоғам қайраткері Қасымбек Медиев толғаулы әңгіме тиегін ағытып, аталы сөзді ортаға салды.
Алдымен мектеп директоры Сәуле Ізтілеуова қонақтарды білім ордасындағы «Мәңгілік Ел Сарыарқа өңірінде» тарихи-өлкетану мұражайымен таныстырды. Бұдан кейін Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқы қол жеткізген жетістіктерге тоқталған баяндамаға кезек берілді. Ал, жас жеткіншектер қонаққа келген азаматтар жайлы ойларын арнайы жазған еңбектерінде жеткізді. Бұдан бөлек, 10 сынып оқушысы Қуаныш Сұңғатов қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров турасындағы «Тұраннан – Тұңғыш» атты тартымды еңбегі тыңдарман қошеметіне ие болды.
Өз кезегінде Қасымбек Медиев өзінің өмірлік тәжірибесі жөнінде әдемі әңгіме өрбітті.
«Өмірімде үш оқиғаны ерекше есіме аламын, – дейді қайраткер, – біріншісі – 1991 жылы қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровті ақ жол тілеп, Байқоңырдан ғарышқа шығарып салғаным. Екіншісі – 1991 жылы Тәуелсіздіктің жариялануы туралы тарихи заң қабылданар аса жауапты сәтте кезектен тыс сөз сөйлеп, себепші болғаным. Үшіншісі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғаш рет Президент болып сайланып, ант беру рәсіміне шыққан кезде құлап бара жатқан Туды шалт қимылмен ұстап қалған сәті. Бұған қуанбаған адам қалмады. Қазақ ырымшыл халық. Президенттің Туды құлатпай алып қалуын – біз Тәуелсіздігіміздің мәңгілік боларына жорыдық».
Ғалым Темірғали Көкетаев жастарды білім алуға, ел игілігі үшін аянбай қызмет жасауға шақырды. Ұлы Абайдың сөздерінен мысал келтіре отырып, «тегінде адам баласы бір-бірінен ақыл мен білім арқылы озатынын» айтты.
Жеткіншектер бұл кездесуден зор тәлім алғаны сөзсіз. Саналы ғұмырын ел алдындағы қызметке арнаған ағалардың өткен өмір жолы өскелең ұрпақ үшін таусылмас ғибрат екені анық.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 121
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px