Әкемді сағындым - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Әкемді сағындым
Таулар алыстаған сайын биіктейтіні сияқты жылдар өткен сайын әкеме деген сағынышым арта түскендей. Менің әкем Әубәкір Ақшабайұлы Онбаев 1916 жылы дүниеге келген. Анасынан жастай айырылып, әжесінің бауырында өседі. Бір үйде жалғыз өскендігінен шығар – өте бауырмал, көпшіл болды. Немере бауырлары Армия мен Серікті бауырына басып, азамат болып қалыптасуларына ықпал жасады. Жаны жайсаң достар жинады. Қайсарлығы мен табандылығының арқасында мектептен кейін мұғалімдік курсты бітіріп алды. Ауыл мектебінде мұғалім болып, шәкірт тәрбиеледі. Совет армиясы қатарында болып, кіші сержант шенімен оралды. Қан майданға 1942 жылы кірді. Сұрапыл соғыста жүріп екі рет ауыр жарақат алады. Госпитальдан шығысымен қан майданға қайта кіреді. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
Соғыстан аман-сау оралған соң анамызбен отбасын құрады. Сегіз бала сүйеді. Әкелік мейірімін төгіп, бәрімізді еркелететін. Қазір сол кездерді еске алсам кеудемді сағыныш кернейді, көзіме еріксіз жас аламын. Сол әке құшағындағы алаңсыз күндерге ештеңе жетпейді екен.
Он сегіз жасымда анамнан, тағы бір жылдан соң әкемнен айырылдым. Солайынша ерте есейдік. Қиналған сәттерімде әкемнің рухы күш беріп жатады. Әкемнің өнегелі өмірі маған үлгі болып келеді.
Бүгінде бақытты ғұмыр кешудеміз. Ұлы Жеңіске 71 жыл толыпты. Сол бақытты күндерімізді бір күн де болса жақындатуға үлес қосқан әкемді ел білсе деп едім. Аға ұрпаққа ризашылығымызды білдіре жүрейік дегім келеді.

Бағдат ОНБАЕВА.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 194
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px