Халық жауының баласы - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Халық жауының баласы
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»
"Өнерің асқан сый,
Отаның алған бағалап.
Бармағыңнан тамған күй,
Еліңді жүр жағалап..."
Бұл – қазақтың атақты күйшісі Әбікен Хасеновтың қабіртасындағы жазу.
Алпыс екі тамырыңды қуалап кеңіткен осынау бір десерлі шумақты кім жазды екен деп ойлайсың. Кім де болса рухының мықтылығын мойындайсың. Жаудың баласы демеген. Халық жауы деп тұрған жоқ.
Халық досы деп тұр.
Мұны жазған халық жауының баласы Қажымұхаммед Дияқажыұлы болатын.
Арқаға қадау емендей біткен Пайғамбар есімін иеленген бұл сойдан қазақтың атақты үш тұлғасы шықты. Бірі –  еліне Дияқажы есімімен белгілі болған Арқаның бүлікшіл ақыны Мұхаммедия Ахметұлы. «Ғалия» медресесінде оқыған. Түркияның Ая-Софиясын бітірген. Он алтыншы жылы патшаға әскер бермейміз деп елді ат үстіне қондырған. Қызыл қуып, ақ қашқан заманда шамасы жеткенше екеуін де қырып салып отырған. Ақыры қайран ер 1931 жылы Қарқаралының Үлкенкөлінде атылған.
Екіншісі – Мұхаммедкәрім Дияқажыұлы.
Жиырмасыншы жылдардың аяғындағы саяси оқиғаларда белсенділік танытқан кесек тұлғалардың бірі. Ауыл молдаларынан тіл сындырып, Омбыда оқиды. Одан кейін оқуын Петерборда жалғастырады. Алайда, денсаулығына байланысты оны аяқтамайды.
Елге оралып, Қарқаралыда қаржы инспекторы болып істейді. Ауыл балаларын оқуға тартуда көп еңбек сіңіреді. Белгілі сықақшы Жүсіп Алтайбаевты тістелеп жүріп оқытады.
Отызыншы жылдары Талғарда банк басқарушысы болады.
Қырдың саяси өміріне белсене араласады. Ақбайдың Жақыбымен тығыз қарым-қатынаста болады. Қыр қазағын Қытайға асыруда батыл әрекеттерге барады. Қазіргі Шет ауданын мекендеп жатқан бүкіл Бесата жұртының  Қытайға өтуін жақтаған. Арқа және Жетісу қазақтарының Жаңа Тройцкдегі құрылтайына Боранқұлдың Әкбарымен Алматыдан өкіл болып қатысады.
1937-ші жылы Қытайдың тыңшысы деген жаламен Халық жауы ретінде ұсталады.
Үшіншісі – айтып отырған Қажымұхаммед Дияқажыұлы.
Ақшатау болыстығының оныншы ауылында 1913 жылы дүниеге келген. Ресей құжаттарында ол кісінің туған күні ретінде 1911 жыл көрсетіліп жүр. Сауатын ерте ашады. Қазақтың тағы бір алашшыл тұлғасы Ілияс Ахметовтің үйінде жатып, Қызылорданың тоғызжылдық мектебін бітіреді. Сол кездің өзінде әкесінің өлеңдер жинағын шығаруға талпыныс жасайды. Кітабын шығара алмаса да Сәбит Мұқанов құрастырған жинаққа Диекеңнің «Алтын сақа» толғауын енгізеді.
Оны Кеңестік қудалаудан біраз уақытқа Сәкен Сейфуллин сақтап қалады. Қажыкеннің партия қатарына өтуіне ұйытқы болады. Екі тілде бірдей сауатты жігіт тапсырылған жұмысты игеріп-ақ әкетеді. Сол кезде орыс тілі, оның ішінде аударма тілі жүріп тұрады. Қазақ ақындарының патриоттық өлеңдерін аудару оңайлыққа соқпайды.
Анау-мынау емес, Жамбыл ақынның хатшысы болады. Жыр алыбы өлеңдерінің орыс тілі редакциясын басқарады. Қазақ радиокомитетінде төраға орынбасары, М.Әуезов атындағы драма театрында өнер бөлімінің меңгерушісі, «Қазақфильмде» сценарий бөлімінің редакторы, «Мәдениет және тұрмыс» журналында түрлі қызметтер атқарады. Осы редакциядан 1977 жылы зейнеткерлікке шығады.
Бірқатар сатиралық өлең, мысал жазған. «Дария» атты өлеңдер кітабын баспаға тапсырған. «Бетпақдалада» деп аталатын дастан жазған.
Бұл өлең кітабы шықпай қалған. Себеп – жеткілікті.
... Жоқ, бұлай күткенімше мүлдем жасып,
Өлейін дедім бір күн намыс тасып.
Талтүсте айла жасап, жұмысыма,
Киімім қарауыл ғып, кеттім қашып.
Күні-түн қаша-қаша  елге жеттім,
Еліме, өзім туған жерге жеттім.
Арман жоқ,
Өтті, кетті сол бір күндер,
Тағдырым мені осылай дөңгелетті.
Бұл – 1949 жылы ақынның лагерьде отырып жазған өлеңі. Өлеңі «Лагерьде» деп аталады.
Осы жерде лагерьдің ақынға қандай қатысы бар деген сауал көлденеңдейді.
Соғыс басталғанда Қажыкен мәдениет министрлігінің репертуар бөлімінде кеңесші болып істейді. Сол тұста қилы әңгіме жүреді. Қажыкен әскерге алынбайтын болады. Өйткені, ол жаудың, Халық жауының баласы. Көзі ашық Қажыкен сол жерде неміс әскерінің біраз артықшылығын айтып қалады, онымен қоймай жалаңаш қол халқымыз қырылып қалады ғой деп уайым танытады. Мұны сол сәтінде қазақтың тағы бір Д. Ә. деген үлкен ақыны төрт әріпке жеткізеді. Сол-ақ екен, дөңгелек тегершігі теріс айналады. Әкесі – Дияқажының қас жауы болған С. Б. деген ақын әлгіге қосылып береді. Халық жауының баласы да Халық жауы деп 1941 жылғы 17 наурызда №307 іс қозғап, қызылсот Қажыкен ағамызды он жылға кесіп, қоя береді. Советке қарсы үгіт-насихаты үшін. Сөйтіп, Қажыкен ағамыз саяси тұтқындар қатарын толтырады.  1941 жылғы 20 қазаннан 1950 жылғы 14 қыркүйекке дейін КрасЛагта отырады. Үлгілі тәртібі және еңбектегі озаттығы үшін алты ай мерзімін ғана қысқартады.
КрасЛагтың 1938 жылы құрылғаны белгілі. 1950 жылға дейін онда жүз мың адам отырған. Соның жартысынан астамы саяси тұтқындар еді. Бұл кәдімгі орман құлататын лагерь болатын. Қажыкен осында ағаш құлатушы болады. Күніне екі норма беріп отырады. Осындағы жайлаған іш ауруларынан аман қалады.
Табиғатынан алашшыл ақын, Алаш тұлғаларының тәрбиесін сіңірген ол бәрібір кеңестік қыл арқаннан босай алмайды. Түрмеден босағанымен Алматысына жете алмайды. Кеңестік сот ондай рұқсат бермейді. Амал жоқ, Кеген ауданын паналауға ұйғарады. Байлаулы аттай біраз уақыты осында өтеді.
Алматыға келген соң өнер мен әдебиет әлеміне қайтып сүңгиді. Алайда, лагерьде отырғаны бар, Халық жауы деген аты бар – құлашын кеңге жая алмайды.
Мен 2008 жылы Дияқажының бір томдық таңдамалысын құрастырып шығардым.  Сол кезде Қажыкен ағамыздың да жыр жинағын жинай жүргем. Оныма Диекеңнің жиені София Атшабекқызы көп көмек жасады. Ол жинақ бүгінде менің қолымда. Қаржы жағы шешіліп жатса оның да ел игілігіне айналатынына сенемін.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 302
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px