Кіндік шеше - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Кіндік шеше
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

...Қарқаралы төңірегіне аты мәшһүр қақпаншы Сланбек майданға аттанғанда артында қол бұлғап жары Кәпия мен жалғыз ұлы Сапарғали қалған. Аяғынан ауыр жараланып, 1944 жылы елге оралғанда да күлтөбенің басында қарсы алған осы жалғызы Сапарғали еді. 1945 жылы аймаңдайлы қыздары келді өмірге. Соғысқа дейін Сапардан үлкені бар, кішісі бар төрт перзентін қызылша жалмаған Слекең мен Кәпіш анамыздың қуанышында шек жоқ. Алайда, бұл қуаныш та ұзағынан сүйіндірмеді. Жөргектегі Тілеужан шетінеп кетті.
– Осы жалғыздың бетіне қарап қаламыз-ау, Кәпіш, ә..., – деп мұңаюшы еді Слекең. Олай болмады. Кәпіш шешейдің аяғы ауырлап, 1946 жылы 5 мамырда сәбилі болды. Есімін қазақы ырыммен Тұрсын қойған.
Слекең мен Кәпіш шешейдің басынан құс ұшырмай өсірген қыздары Тұрсын апайдың өзі 70-ке толып, медицина саласында еңбек еткеніне 50 жыл толып отыр биыл. Шынымен де, Тұрсын апай құттыаяқ болды. Тұрсыннан кейін анасы үш құрсақ көтеріп, екі қыз бір ұл дүниеге келді.
Көздегенін құр жібермейтін, қақпаны қаңырап көрмеген Сланбек ақсақал тағдырына риза еді.  Тұрсынды ұлша тәрбиеледі. Жастайынан атқа мініп, әкесімен бірге қақпан құруға шығатын. Содан шығар, Тұрсын апай Аққора мен Сарыобалының ой-шұңқырын жатқа біледі. Кейінірек ауыл емханасында фельдшер болып қызмет еткен жылдарында да әкесі екеуі қақпан құратын сай-саланы талай шолған. «Жедел жәрдем» көлігімен емес, салт атпен.
***
...Тұрсын Сланбекованың көкейінде «Дәрігер боламын» деген армен ерте бүр жарды. Сұрапыл майданнан жарымжан болып оралған әкесі де, ұзақ жыл перзент күтіп зарыққан анасы да жиі ауыра беретін. Ағасы Сапар марқұм қала оқуына кеткен. Үйдің ішкі-сыртқы тірлігінің бәрі – Тұрсекеңнің мойнында. Жұмыстың көптігі емес, ата-анасының жиі ауыра беретіні жүрегін сыздатады. Сондай сәттерде оңаша жылап алып:
– Ертең дәрігер боламын! Әкемді де, анамды да өзім емдеп, жазамын, – дейтін.
Мақсатына жетті. Дәрігер болды. Бірақ, өміріндегі ең аяулы жандар – асқар таудай әкесі мен асыл анасына туралап келген ажалға араша тұра алмады. Әсіресе, алпыстан енді асқан шағында бақилық болған анасының қазасы қатты батты жанына. Дегенмен, «тірі адам тіршілігін жасайды» екен. Жарты ғасыр ел игілігі жолында еңбек етіп келеді. Ақ пейіліне  ақ желеңі әр беріп. Екеуін де кірлеткен жоқ.
***
1966 жыл. Қарағанды медициналық училищесін бітіріп, туған ауылының №1 бөлімшесіне фельдшер болып орналасқан жас маман өзінің алдында небір сындарлы сәттер мен тосын оқиғалар күтіп тұрғанын сезді. Ер мінезіне арқа сүйеп, Гиппократ антына адалдық танытуға тәуекел етті. Бірақ... Бөлімшеде медпункт те жоқ. Жалғыз өзі науқастарды үйінде қабылдап, қыстақ-жайлауларды атпен аралайды. Совхоздың санаулы техникасы науқандық жұмыстардан босасын ба?!
Дәрігерлік кәсіпке кіріскеніне ай толмаған уақытта (1966 жылдың қыркүйек айы болса керек-ті) ауыл келіншегі ауыр толғақпен қиналып жатыр деген хабар жетеді. Алып-ұшып жетті. Келіншек ақ тер-көк тер болып, қиналып жатыр. Тұрсын апайдың бірінші рет әйел босандыруға қатысуы. Қолтығына қыса жүретін кәсіби жадынамасы бар. Көбіне оған да қарап жатпайтын. Ондағы теориялық қағидаларға емес, ғұмыры перзентхана төсегіне жатып көрмеген аналарының әйел босандырудағы қазақы ырымға сүйенгенді жөн көреді. Арқанға асылып, жарыса қазан қайнатып жатушы еді ғой бұрынғылар. Алайда, біржақты қазақы жолды таңдауға жол беруге де болмайды. Ежелгі дәстүр мен бүгінгі медицина тәсілдерін шебер шендестіре білген жас фельдшер сол жолы шекесі торсықтай егіз ұлдың кіндігін кесті.  Әлі есінде, егіздердің анасының есімі – Майраш.
Алғаш рет әйел босандырып, оның өзі егіз болғаны есін шығарған Тұрсын апай үйге өңі қашып оралған. Анасы марқұм бәйек болып:
– Құлыным-ау, өңің қашып кетіпті ғой... Аманшылық па? – деді.
– Аманшылық, тәте. Егіздердің кіндігін кесіп келдім, – дейді сонда ғана қастерлі мамандық таңдағаны, анаға – қуаныш, балаға – өмір сыйлағаны есіне түскен Тұрсекеңнің жанарына қуаныштың нұры ойнап. Сонда анасы Кәпия марқұм:
– Құлыным-ау, сол! Егіздің кіндігін кескен екенсің, өмірдегі несібең де, қызметтегі абыройың да еселі болады екен, – деп еді. Аяулы анасының сол күнгі айтқаны әулиенің болжамындай дәл келді емес пе?!
Мол болды. Несібесі. Асқақ болды. Абыройы.
***
...Қасым ауылының «Аққора», «Саробалы» аталатын қос бөлімшесінің маңдайға басқан жалғыз дәрігері. Әрине, біліктілігі бойынша – орта буындағы медициналық қызметкер. Ал, атқарып жүрген шаруасы – жоғары білімді дәрігерлердің ісі. Шалғайдағы қыстақтар мен жайлауларды аралайды. Естеріңізде болар, қойшылардың келіншектері жылда босанады. Аралары – бір жастан, өңкей қарадомалақтар. Оларды өбектеп жатқан жан болсайшы... Әйтеуір, фельдшер Тұрсын Сланбекова айына бір соғып, дәрігерлік кеңесін береді. Түшкіріп қалғанын үшкіріп кетеді. Арасында жұқпалы кеселдерге қарсы екпесі мен жоспарлы ем-дом шаралары бар. Осының бәрін бөлімше меңгерушісінен сұрап алған атпен аралап жүріп атқарды. Аракідік трактормен жолға шыға қалса, ұшаққа мінгендей болушы еді. Қыстағы көлігі – ат шана. Тізгін – әкесі Слекеңнің қолында. Марқұмның киізбен қапталып, тұлыппен тұмшаланған хан қызының күймесіне бергісіз шанасы болатын.
Шана демекші, мына бір оқиға қанша жыл өтсе де, Тұрсекең жадынан көмескіленер емес.
Түн ортасында «Аққорадағы» Слекең үйінің терезесі қағылды. Суыт жағдай екенін шырт ұйқысынан сергек оянған фельдшер Тұрсын хабаршының терезе қағысынан білген. Тіпті, сындырардай... Оған қабақ шытып жатқан ешкім жоқ. Бірден жағдайдың мән-жайын сұрайды. Алыс қыстақтан толғақ қысқан жас келіншек «ДТ-54» тракторымен жолға шыққан екен. Трактор жолда қарға батып, жүре алмай қалған. Жаны қысылған тракторшы жігіт қиналған келіншекті жалғыз қалдырып, «Аққораға» жаяу жеткен беті осы екен. Дала – ақ түтек. Аспан мен жер тұтасып кеткен десе де болғандай. Беймезгіл уақыттағы абыр-сабырдан оянған әкесі Слекең бірден шанасын қамдауға кетті. Онсыз да сөзге сараң ақсақал әп-сәтте шанасын күйттеп, үйге кірді де:
– Балам, қалың киіндің бе? Кеттік, – деді.
Далада – боран, шанада – үшеу. Тракторшы жігіттен Слекең келіншектің қалған жерін ғана сұрады. «Оңға», «солға» деп отырғанда шатасатын біздер дейсіз бе?! Тура осы төңірекке алты қыстың қары жауып, алты ай боран соқса да, жол сорабынан қиыс кетіп көрмеген Слекең ғой бұл. Тартып берді. Боран үдей түскен. Бейнебір сүт ішіне сүңгіп кеткендей күй кешіп келеді. Слекең ғана – сенімді. Әлгінде ғана осы жолмен жаяу келген тракторшының өзі күмәндана бастаған. Күмәнданбай қайтсін, шана тізгінін ұстаған қариядан тым болмаса «Осылай ма?» деген ләм-мим жоқ. Тракторды тұралатқан манағы дөңнен түсіп келе жатқанын ат жүрісінің ширағанынан ғана болжаған механизатордың көңіліне үміт ұялай бастаған. Жетті-ау, әйтеуір межелі жерге.
Келіншек тұлыпқа оранған күйі қиналып жатыр екен. Абырой болғанда трактордың моторы өшпепті. Тұла бойын майлы қар құрсаулап тастаған фельдшер бір сілкініп алып, келіншектің маңдайын ұстады. Қара терге малшынған. Жағдайы – ауыр. Трактордың енді қозғала алмайтынын бірден аңғарған Слекең:
– Тұрсынжан, уақыт өткізбейік. Кешігіп қаламыз. Мына баланы шанаға отырғызып, жолға шықпаса болмас, – деді. Солай етті де. Бірақ, қайтар жол бұрынғыдан да ауырлап кеткен. Жүріс өнбеді. Орта жолға келгенде, боранның толассыз уіліне нәрестенің іңгалаған үні қосылды. Шарананың кіндігі шанада кесіліп, Тұрсынның барынша жылы алақанына арқасы тиген сәби Арқа боранының ызғарын да сезінген жоқ. Таңға жақын жас босанған келіншек Слекеңнің үйінде Кәпия шешеміздің қолынан құрт қосылған сорпа ішіп отырды. Мейірімді жандардың шуағына малынып, есін жиған келіншек Алматынікі болып шықты. Есімі Перизат екен. Жолда туған нәрестеге Тұрсекең Тәттімбет бабасының есімін қойған. Сол боранда босанып, шанада шырылдаған шарана Тұрсын апайды 20 жылдан кейін іздеп келді. Анасы Перизаттың сәлемін жеткізген Тәттімбет өзінен кейінгі қарындасының есімін ауыл фельдшерінің құрметіне Тұрсынгүл қойғандарын айтты. Осы сәттегі Тұрсын апай жанарының бақыттан нұрланғанын көрсеңіз... Ғажап күй тұла бойын елжіретіп, ерекше бір қанағат сезіміне бөлеген еді. Ол – адалдыққа арқа сүйеген аппақ пейілдің көшірмесіндей болып қайтқан еңбектің бақытты күйі еді!
Иә, Тұрсын апай 50-ге жуық нәрестенің кіндігін кескен екен. Кіндік шеше! Дүние есігін ашқан сәбиді анасынан бұрын ыстық алақанына салатын Кіндік шеше!
***
Жиырма жасында иығына жамылған ақ желеңі жарты ғасыр өтсе де, кіршіксіз күйінде сақталған. Ары да – аппақ! Тұрғындар денсаулығын қалтқысыз күзетудегі еселі еңбегі мемлекет тарапынан да бағаланбай қалған жоқ. 1983 жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген денсаулық сақтау қызметкері» атанды. Бірнеше мәрте жергілікті кеңестердің депутаты болып сайланды. Он екі жыл аудандық аурухананың аға медбибісі болып абыройлы қызмет атқарған ардагер-ана  бүгінгі күнге дейін аттан түскен жоқ. Баяғы бөлімшенің немесе Слекең марқұмның атымен емес, абырой арғымағымен жүр. Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі облыстық орталықтың Қарқаралы бөлімінде маман болып әрі медицина саласы ардагерлері аудандық кеңесінің тізгінін ұстап отыр.
«Абыройыңыз аласармасын, Аяулы ана!» деген ізгі тілекпен қалам қаңтарайық... Әзірге, әрине. Кіндік шеше жайында жазарымыз көп еді...

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 392
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px