Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 18.08.2017

Коррупциямен күрес – өркендеу жолы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – Қазақстан мемлекеті саясатының басты стратегиялық бағыттарының бірі. Коррупциямен күрес саясатының негізгі бағытын айқындау мақсатында ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 2014 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығымен республиканың 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлықпен күрес Стратегиясын бекітті.

Аталған құжат коррупцияны ұлттық қауіпсіздікке төнер қауіп ретінде анықтап, онымен күрес жолында мемлекет пен қоғамды бірігуге бағыттайды.
Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан жемқорлықпен күрес саясаты нақты істермен жүргізілуде. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды саяси жігері бұл бағыттағы жұмыстар жемісінің кепілі ретінде алға тартылуда.
1998 жылы Қазақстан ТМД елдері ішінде алғашқылардың бірі болып «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңды қабылдады. Заңнамада аталмыш әлеуметтік кеселмен күрестің мақсаты, міндеттері, негізгі принциптері мен механизмдері нақтыланды. Келесі ретте ауқымды нормативтік-құқықтық база құрылды. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңнамасы әлемдегі ең тиімді құқықтық құжаттардың қатарынан орын алады.
Жемқорлыққа қарсы күрес бойынша мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелері бұдан кейінгі жұмыстарды мақсатты түрде жүргізіп, жемісті іс-әрекеттер атқаруға қажетті жағдайларды қалыптастыруды жалғастыруды талап етеді.
Коррупция экономикалық және қаржылық ортаға шығын келтіріп, бизнестің дамуына кесірін тигізіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін кемітіп, инвестиция тартудың жолын кесіп, экономикалық дамудың қарқынын тежейді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жемқорлықпен күрес мәселелеріне айрықша тоқталды.
«Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық – жай құқықбұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біз түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті күшейтуіміз керек», – деді Елбасы Жолдауында.
Президенттің тапсырмасы коррупцияға қарсы күрес жүйесінің жұмысына қарқын берді.
Алдағы он жылда атқарылатын жемқорлықпен күрес бағытындағы кешенді жұмыстарға алдын алу мақсатындағы сипаттама беріледі. Осы арқылы коррупцияның деңгейін төмендетіп, қоғамның әр саласында жемқорлықтың туындауына себеп болар жайттарды жоюға басымдық жасалуда.
Осының нәтижесінде жемқорлықтың салдарымен күреспей, керісінше, болдырмау жолдары қарастырылуда.
Бүгінгі таңда жаңа антикоррупциялық стратегияны қалыптастыруды жалғастырып, оны іске асыруға күш салынуда.
Коррупция мәселесі қоғамның ертеден келе жатқан дерті және барлық мемлекеттерде бар. Тек, ауқымы мен түрлері бойынша ерекшеленеді. Шенеуніктерді сатып алу, қызметтік лауазымын асыра пайдалану – жемқорлықтың кең таралған түрі болып саналады. Сондықтан, бұл мәселені біріге отырып шешу қажет.
Қазіргі күнде Қазақстанда жүйелік сипатқа ие бола бастаған жемқорлықты жою бойынша белсенді жұмыс жасалуда.
Елімізде мемлекеттік қызметтер саласын және мемлекеттік аппарат жұмысын ақпараттандыруды дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар қабылданды. Осы арқылы коррупцияның туындауына себеп болуы мүмкін жағдайлардың алды алынып, азаматтардың шенеуніктермен тікелей қарым-қатынасы шектелді. Мемлекеттік қызметшілер лауазымы мен деңгейіне қарамастан, заңның барлық талаптарына сәйкес қатаң жазаға тартылады. Сол арқылы заңнан бұлтартпау шаралары сәтімен жүзеге асырылуда.
Қазақстанда шетел мемлекеттері тәжірибесіне сүйене отырып, коррупциялық іс-әрекет туралы деректерді хабарлаған азаматтарға сыйақы беріледі. Қарағанды облысы тұрғындарының есіне сала кетейік, коррупциялық дерек туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қарағанды облысы бойынша департаментінің кезекші бөліміне 91-36-80 телефоны арқылы хабарлауға болады. Сондай-ақ, республикалық бірегей Call-центр 1494 жұмыс істейді. Бұл механизм тиімділігін көрсетті. Келешекте жалғаса беретін болады.
Стратегияда қарастырылған антикоррупциялық шаралар қоғамның барлық саласы өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылуы тиіс. Себебі, коррупцияға қарсы іс-әрекеттің жемісті болуы үшін өкілетті мемлекеттік органдар ғана емес, азаматтық-қоғамдық институттардың да белсенді қатысуы қажет.
Ең біріншіден, қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік түсінігін қалыптастыру қажет. Бұл мақсатта қоғамның барлық тараптары – мемлекеттік билік, азаматтық қоғам, жекеменшік сектор бір күштей жұмылуы тиіс.
Тұрғындар коррупцияның қоғамға тигізер кері әсерін білуі тиіс. Коррупциялық құқықбұзушылықтар үшін қолданылатын жазаның салмағынан хабардар болуы керек. Сол арқылы әр азамат қылмысқа бармас бұрын келешегін ойлап, құқықбұзушылықтан бас тартады.
Бүгінгі күнде облыстағы әр білім беру мекемелері мен мемлекеттік органдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қарағанды облысы бойынша департаментінің антикоррупциялық курстарымен қамтылған. Бұл тұрғыда азаматтардың толыққанды хабарландырылуы нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Азаматтардың коррупцияға қарсы мәдениеті, иммунитеті қалыптаспай, күтілген межені еңсере алмайтындығымызды түсінуіміз керек. Әрбір қазақстандық, әрбір отбасы жемқорлықпен күрес – қоғамның ортақ ісі екендігін түйсінуі шарт. Бірігіп, тізе қоса отырып, міндетті түрде жеңіске жетеміз.

Ержан ИБРАИМОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
 іс-қимыл ұлттық бюросы Қарағанды облысы бойынша департаментінің
басшысы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 898
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1170
count 88x31px