Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019

Ұлт басына төнген қасірет

1931-1933 жылдардағы халқымыздың басынан кешкен ашаршылық нәубеті тарихымызда өшпес ізін қалдырғаны бүгін ғана сөз болып отырған жоқ, әлі бола береді де. Расында «ашаршылық» деген тоғыз дыбыстан тұратын сөзді естігенімізде қай-қайсымыздың да болсын жүрек тұсымызға шаншудай қадалатыны белгілі.

Тарих беттерін ашқанымызда, мұрағат парақтарын ақтарғанымызда сол кездердегі жан түршігерлік жайлардың өткенін танып жүрегіміз сыздайды. Әрине, нәубеттің үлкен-кішісі болмайды. Нәубеттің аты – нәубет. Бірақ, оның қолдан жасалғанын көрген кезде қалай қиналмасқа. Барлық жайды саралай карасаңыз, шынында да бұл қолдан жасалынған. Тек Орталық Қазақстанның өзінде қаншама жағдайлар бастан кешірілген. Бірінші: 1921-1932 жылғы жер реформаларында суармалы жерлер қайта бөлінді, бірақ кедейлер егін екпеді. Екінші, 1926-1927 жылдарда егіндік және шабындық жерлерді қайта бөлу жүргізілді. Егіншілікпен айналысатын ауқатты, шаруалар жерлері алынып, кедейлерге берілді. Бірақ жаңа берілген жерлерге кедейлердің егін салуға шамалары келмеді.

Осы екі реформаны алған күннің өзінде егін шаруашылығымен айналысатын ауқатты шаруалардың тамырына балта шабылды, олар егін алқаптарын, малы көптер шабындық жерлерінен айрылды. Бұл дегеніміз – астық өндірудің күрт төмендеуіне әкеліп соқтырды. Астық тапшылығы байқалып. Ол аз болғандай 1928 жылдың 27 тамызында ірі байларды тәркілеу жөнінде қаулы шықты. Тәркіленген малдар талан-таражға түсті. Мал саны күрт азайды, оның үстіне 1929 жылдың күзінде жаппай ұжымдастыру науқаны басталып, мал ортаға салынды, ұжымдық шаруашылықтар құрылып, барлық мал-мүлік тағы да талан-таражға түсті. Мал азайды, егін салынбады. Міне, осы шаралардың барлығы ашаршылық нәубетін әкелді. Мұны жаңалық үшін жазып жатқанымыз жоқ. Өйткені, ашаршылық егіншілікпен айналысатын аудандардан гөрі малмен айналысатын аудандарды кеңінен шарпыды. Ғасырлар бойы тек малмен айналысып, егіншілікпен айналысуды кәсіп етпеген халқымыз үшін жоғарыда айтылған аграрлық шаралар үлкен соққы болып тиді. Оның үстіне шектен тыс салықтың көп салынуы, мәжбүрлеу, халықты мүлдем титықтатты. Тіпті, кей аудандарда астық өткізу салығын егін орағы болмай тұрып талап еткен жағдайлар да кездескен.

Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын аудандар ұжымдастыруға дайын емес еді. Ұжымдастыру үшін тек малды ортаға салу ғана емес, оның тұрар жайы, қора-қопсысы, жем-шөбі болуы тиіс еді. Өз малына өзі иелік етіп, шаруашылықты жүргізудің жеке меншік түрін о бастан-ақ жете сезінген қазақтар қорқытып-үркіту, күш қолдану барысында ұжымдарға біріктірілді. Саясаттың дұрыс жүргізілмеуіне байланысты наразылықтар шыға бастады. Себебі, ол тұтқиылдан, кездейсоқ тап болған зобалаң емес-ті. Бұл көрініс сонау патшалық Ресей кезінде бастау алып, Кеңес өкіметі тұсында жоспарлы түрде өрістеген еді. Бар бас көтерер оқыған-тоқыған, зиялы қауым өкілдері репрессияға ұшырап, қамауға алынса, жер-жерлерде ұжымдастыруға қарсы болып бас көтерген бай-кулактар мен олардың маңайындағылар аяусыз басып-жаншылып, мал-мүліктері тәркіленіп, өздері қуғынға ұшырады. Бас көтеріп, көш бастар азаматтары қалмаған қазақ халқы сол кездері Ресей елінің отарына айналып кете барды. Тәуелсіздік таңының атуымен бізге ашық айтатын күн туды. «Большевизімнің репрессиямен қатар астастыра жүргізген «аштық» саясаты қазақ халқына жер бетінен халық ретінде мүлдем жойылып кету қаупін төндірді», деп сол кездердің өзінде Мұстафа Шоқай бабамыз қасқайып тұрып айтқан екен.

Осы айтылғандардан шығатын қорытынды, ел билеушілердің халықтан алыс жатқандықтан, алдағы ашаршылықтың болатынын білмесе, қарапайым халық оның сөзсіз болатынын түсінді, жоғарыда айтқан шаралардың халыққа зұлмат әкелетіндігін сезді. Сондықтан да көтеріліске шықты, толқулар болды, наразылықтар білдірді. Бірақ осы қарсылықтардың барлығы да қарудың күшімен басып тасталынды.

Соңында не болды? Бүкіл елді шарпыған ашаршылық етек алды. Жұрт соңғы малдарынан айрылды, тентіреді. 1931-1933 жылдары мал қорының күрт азайып, жойылып кетуіне байланысты халық босып, бір үзім нан іздеп кетті. Кей деректерде ауыл-аймақтардағы өзен бойындағы аштан өлген адамдардың көмусіз денелері жатқандығы былай тұрсын, қалалардың өзінде осындай сұмдық көрініс тапқан. Өмірінің соңына дейін осы сұмдықты өз көздерімен көрген ата-әжелеріміз бастан кешкен небір жан түршігерлік оқиғаларды айтып отырады. Темір жол бекеттерінде өлген адамдардың мәйіттерін күн сайын, қала сыртына алып кетеді екен. Қаншама адам азық іздеп жол үстінде өлген. Шарасы қалмаған әйелдер балаларын суға лақтырған. Тіпті кей ауылдарда жол торып жалғыз-жарым кетіп бара жатқан адамдарды ұрып өлтіріп, етін жеген жағдайлар да кездеседі. Сәди Бітікенова деген көз көрген апайымыздың айтуы бойынша «Үйде мал жоқ, бірде аш, бірде тоқ күн кештік. Содан жан сақтау қамымен орыс жеріне кыстыгүні жолға шықтық. Жолда көп қиыншылықтар көрдік. Қырылған адамдарды көп кездестірдік. Сол өлген адамдарды аяқтарымызбен тарпып, көміп кете береміз. Содан ағаларым мені аман сақтау үшін орыс жеріне жақындаған кезде бір қойға бір малшыға сатып, кейін ес жиған соң тауып аламыз, деді де өздері қойдың етін алып, ары қарай жолға шықты. Осылайша олар орыс жеріне өтіп аман қалған», – деп еске алған екен. («Туған өлке. Тарих. Өлкетану. Мұрағат» журналы, 2009 жыл, №2-3.)

Бірақ билік ол жағдайлардың бір де бірін айтқан жоқ. Қайта ауыл шаруашылығын ұжымдастыруды қарқынды жүргізіп, социалистік құрылыста зор табыстарға жетіп жатқандығы жөнінде бірінен соң бірі ақпараттар беріліп жатты.

Мал басы 1929-1932 жылдар аралығында сегіз есе кеміп кетсе, көктемгі төл алу науқаны кезіндегі шығын аса жоғары болған.

Осы кезде бір белгілі болғаны, қай елде болмасын қоғамдық процесті күшпен жүргізуге болмайтындығын өмір көрсетті. Сол 30 жылдардың басындағы ашаршылық реформаларды қалай болса солай емес, аса сақтықпен жүргізгенде ғана ол өзінің нәтижелі болатындығына көзімізді жеткізіп берді.

Ашаршылықтың ащы тағылымы осындай. Сондықтан, біздер өзіміздің күнделікті қызметімізде мұрғаттардағы осындай сабақ болған жағдайларды теріп зерттей түсіп, оны жастарымызға түсіндіре білуіміз керек.

Біздің, яғни мұрағат қызметкерлерінің негізгі мақсаттарының бірі 30 жылдардағы зұлмат жылдар жөніндегі материалдарды ғылыми айналымға түсіру, баспасөз беттеріне жариялау, ғылыми жұмыспен айналысатындарға жеңіл болу үшін топтастыру. Осыны іске асыру мақсатында мұрағатта біраз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда:

Біріншіден, мұрағат қорлары анықталып, «Ашаршылық жылдарына қатысты материалдар» атты тақырыпқа тізімдеме жасалды.

Екіншіден, облыс аумағындағы мекемелермен бірлесе жұмыс атқара отырып, «Орталық Қазақстан ашаршылық жылдарында» атты көрнекті стенд ұйымдастырылды.

Үшіншіден, ғылыми жұмыспен айналысатын ізденушілерге, мұрағатта сақталатын құжаттарға мұқтаж студенттерге әдістемелік көмек көрсету.

Төртіншіден, мұрағат қызметкерлері өздері осы тақырыптарда ізденіс жұмыстарын жүргізіп, облыстық, қалалық баспасөз беттеріне мақалалар жариялайды.

Өткен ұрпақтың басынан кешірген нәубеттері, қиыншылықтары, кейінгі ұрпаққа тәрбие, сабақ болуы тиіс. Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы, Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы Жарлығымен 1997 жыл «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы ретінде жарияланып, 31 ма-мыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Содан бері еліміздің тарихындағы көлеңкелі тұстарына ерекше назар аударылып келеді. Тарихи зерде жаңғырып, өскелең ұрпақты тарихпен тәрбиелеу арқылы ұлтаралық татулықты нығайта түсуде біраз шаруалар атқарылды. Қасіретті белестерде нәубетке ұшырағандар жасырын жерленген орындарды анықтау, анықталған зират-қорымдарды тиісті күйге келтіру, бастарына құлпытас-ескерткіштер орнату, бұрын орнатылғандарды күтімге алу, жазықсыз жазаланғандар аруағына тағзым ету шаралары жер-жерлерде жүзеге асырылуда. Себебі: бұл, ұлтымыздың тарихы. «Мұрағат-тарих айнасы», деп бекер айтылмаған. Ұлтымыздың имандылығы артып, басы бірігу үшін тарих қойнауында жатқан, ұлт тағдырына қатысты, түсі сарғайса да, мән - мағынасы сақталып қалған қағаз жүзіндегі мәліметтерге халықтың назарын аудару – мұрағат қызметкерлері, біз үшін басты мақсат-міндеттеріміз!

Ж.Тұрсынова,

Қарағанды облыстық

мұрағатының директоры.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1671
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px