Мәдениет үйіне мән бермей отыр - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Мәдениет үйіне мән бермей отыр
Жұлдыз  ТОЙБЕК,
«Орталық қазақстан»

Қаламыздағы Октябрь ауданында халық тығыз қоныстанған. Бұл аудан соңғы жылдары қандастарымыздың мекеніне айналды. Майқұдыққа жиі барамын. Сонда көзіме қораш көрінетіні – Жаңа Майқұдық Мәдениет үйі. Халық жиналып, рухани азық алатын мәдени ошақтың сырт келбеті адам аяғандай. Сылақтары түгілі, кірпіштері құ­лаған, көп жылдар бойы жөндеу көрмеген Мәдениет үйіне жақындауға қорқасың.
Іргесі 1954 жылы қаланған Мәдениет үйіне бұған дейін жұмыс бабында бірнеше мәрте болғанмын. Мұның ішінде қаншама өнер ұжымдары, домбыра оркестрі, түрлі үйірмелер жұмыс істейді. «Кеншілер даңқы» атты мұражай бар. Сол кездің өзінде аталмыш ошақ жөндеу күтіп тұрған. Әлі сол қозғалмаған қалпы, тіпті бұрынғысынан да сорақы күйге түскен.
Сонда Октябрь ауданының, қаланың әкім-қаралары қайда қарап отыр?!  Әкімдердің тұрғындармен болған есеп беру жиналысында жер­­гілікті халық осы мәселені ашынып айтты емес пе? Ата-аналар балаларын Мәдениет үйі ішіндегі үйірме, ансамбль, оркестрге қатыстыруға жіберуге қорқатынын, алда-жалда баламыздың төбесіне шіріп тұрған сылақ, тас құласа, қайтеміз деген қаупін де жеткізген.  
Мәдениет үйінің сыртқы жағында бос жатқан жерге Майқұдық тұрғындарының серуендеп жүруіне арналған жазғы бақ ашылған. Жұрт бала-шағасымен демалуға келеді. Айтайын дегенім, қолды-аяққа тұрмайтын ойын балалары кірпіштері сөгіліп, құлайын деп тұрған Мәде­ниет үйінің алдына да жүгіріп кетеді. Шынында да, босап тұрған кірпіштің бірі ғайыптан-тайып балалардың басына түсіп кетсе, өкініші өзекті өртемей ме? «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, оқыс оқиға орын алып жатса, оған кім кінәлі?
Халыққа биліктегілердің «Жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп жатыр» деген сияқты сырғыма-сөзі емес, нақты ісі керек. «Азаматына қарап, ауылын таны» дейді. Билік басындағылар Мәдениет үйіне мән бермей отыр. Мәдени ошақтың сырт келбетіне қарап, мәдение­тіміздің қаншалықты деңгейде екенін бағамдай беріңіз.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 170
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px