Мал баққанға бітеді - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Мал баққанға бітеді
Қарқаралыда  симменталь  сиырын  өсіру қолға алынуда. Бұл – сүтті-етті бағыттағы тұқым. Сонау V ғасырда Швейцарияның жергілікті сиыр­лары мен скандинавиялық ірі қараның сұрыптауынан пайда болған. Қазақстанға алғаш өткен ғасырда әкелінді. Кеңес тұсында қарасы едәуір көбейген бұл сиырлардың санын тоқсаныншы жылдардың тоқырауында кемітіп алдық. Дегенмен, асыл тұқымды мал шаруашылығына бөлінген назардың арқасында кейінгі уақытта симменталь тұқымын өсіру ісі ілгері баса бастады.
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»


Симменталь сиыры ірі келеді. Сауын сиырының орташа салмағы – 550-650 келіні, кейде  бұқасы – 1 тоннаға дейін басады. Бордақылауға тәуір, тез көтеріледі. Күніне 1 келі салмақ қоса алады. Таза ет шығымы – 60-65 пайыз. Жылына әр сиыр 3,5-4 тонна сүт беруге қауқарлы. Тіпті, 14 тонна сүт беріп, рекорд қойғандары да бар. Майлылығы да жаман емес, 4 пайызға жуық.
Қарқаралының Бесоба ауы­л­ындағы Абай сервистік дайындау орталығында осы сиырларды көбейтуге ден қойылуда. Орталық директоры Мейрам Рысбеков пен бас зоотехник Саят Әбдірайымов күні-түні ірі қара шаруашылығын ірілендіру жолында ұйқы көрмей тер төгуде. «Күтімі жақсы болса, өнімі – көл-көсір. Әрине, бейнеттену керек», – дейді еңбек адамдары.
Қазір шаруашылықта 138 сауын сиыры бар. Былтыр шілде айында Абай ауданындағы асыл тұқымды сиыр фермасынан жеткізіліпті.
Мұнда малды жақсы күтуге мүмкіндік мол. Арнайы қоралар, бордақылау алаңдары жасақталған. Жемшөп қоры жеткілікті мал қыстан қысылмай шығыпты. Күйлі көрінеді.
Бүгінде әр сиыр 10-12 литр сүт беріп келеді. Қар көбесі жақында сөгілген Қарқаралы жерінде көк енді қылтияды. Еркін жайылып, шөпке аузы тиген малдың сүті де молая түспек. «Жазда әр сиырдан түсетін сүт 20 литрге жетіп қалар», – дейді Мейрам ағамыз.
Теміртаулық «РЕН-МИЛК» фаб­рикасы – шаруашылық сүті­нің тұрақты тұтынушысы. Салқын­датқыш танкерлерге жиналған ақты күніне бір мәрте әкетіп отырады. Әзірге, тапсырылатын сүт мөлшері 1 тоннаны межелеуде.
Сүт өндірісін дамытуға мем­лекет те жәрдем қолын созуда. Биылдан бастап қазынадан әр литріне 10 теңге субсидия төленеді. Бұл, әрине, сүт шаруашылығын өркендетуге зор демеу болары сөзсіз.
Малының күйін күйттеген Ме­кең­нің жоспары – симменталь сиырдың санын арттыру. Сәй­кесінше, алдымен жемшөп қорын жасақтап алуды ойластыруда.
Мал басын көбейтуден бөлек, оның тиісті күтімін жасауды қапер­ден шығармау керек. Біздің кейбір шаруашылық басшылары осы мәселеге селқос қарайды. Малды күту талаптарына баса мән бермейді. Бұл көзқарастан арылу қажет. Мәселен, мен биыл малды көбейтуді қолға алып отырмын. Тиісінше, қорасын ыңғайлап, жем-шөп қорын молынан жабдықтауға тиіспін , – дейді малсақ маман.
Мекең биыл шаруашылықты сүтті-тауарлы фермаға ірілендіріп, сиыр санын 600-ге жеткізбек. Бұл үшін қажетті құжаттар дайындалуда. Облыс басшылығы да шаруақор басшыға көмек беруге даяр. Мемлекеттік қолдау тетіктерін барынша қолдануға жәрдемдеспек. Бас­тысы – малшының еңбек етуге ынтасы болса, болғаны.
Мейрам ағамыз бейнеттен тартынып отырған жоқ. Күн жылына үлкен қора құрылысын қолға алмақ. Сондай-ақ, шаруашылық иелігіндегі 5 мың гектар жерге түрлі жемшөп тұқымдарын егіп тастамақ. 800 гектар жерге – жоңышқа, 500 гектар алқапқа – арпа және 200 гектарға түрлі азықтық дақылдар сеппек. Трактор-техникасы, құрал-сайманы сайлаулы тұр.
Жұмыс күші де жеткілікті. Қазіргі таңда Бесоба ауылының отызға жуық азаматы осы фермадан нәпақа тауып отыр. Жаз кезінде науқандық шаруаларға елуге тарта адам жұмылдырылмақ. Сөйтіп, Мекең өз іскерлігінің арқасында ауылдастарын еңбекпен қамтып келеді.
Кеше қырда жүрген малшымен телефон арқылы хабарластық. Мал төлдеп жатыр екен. Қорадан келген беті. «Сақман басталғалы 48 сиыр бұзаулады. Бұзаулысын табыннан бөліп, күні-түні күтімін жасап жүрміз», – дейді ағамыз. «Мал баққанға бітеді» деген қазақ. Жоспары – ауқымды, межесі – биік Мекең алдағы күндері үй бетін көрмесі анық.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 197
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px