Мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілде сөйлесін - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілде сөйлесін
Балқаш қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамының тұсауы кесілгеніне екінші жыл, «Тілдер орталығының» ашылғанына алтыншы жыл болды. Өткен бес жылда орталықта үш ай мерзімдік 90 курс ұйымдастырылып, 1043 тыңдаушы қазақ тілін оқып үйренсе,  854 тыңдаушы ағылшын тілі курсынан өтіп, сертификат иеленді. Тыңдаушылар – қаланың ересек тұрғындары, жергілікті бюджет есебінен тегін оқитындар. Бір қуантарлығы, мемлекеттік тілге деген өзге ұлт өкілдерінің қатары да жылма-жыл көбейе түсті.
Мысалы, 2010 жылы 35 тыңдаушы мемлекеттік тілді үйренуге өз ықыластарымен келсе, 2015 жылы қазақ, ағылшын тілін үйренушілер легі 435-ке жетті. Мемлекеттік тілде 231 тыңдаушы сертификатталды.
Қаламыздағы ірі өндіріс ошағы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-не қарасты Балқаш мыс қорыту комбинатының кешенінде 8000 адам жұмыс істейді. Өзге ұлт өкілдерінің басым бөлігі де осында шоғырланған. Орталықтың оқытушылары биыл үшінші жыл комбинатқа келіп, қазақ тілін үйренушілерге дәріс беріп келеді. Өйткені, оқуға қолайлы жағдай жасалған. Тіл үйренушілердің ынта-ықыластары жоғары. Арасында өз қандастарымыз да бой көрсетіп жүр.
А1 деңгейіндегі курс тыңдаушысы Лариса Сираева: «Мемлекеттік тілді құрметтеуіміздің басты белгісі – қазақша түсініп, сөйлей білуімізде» - деді. Қала әкімдігі де тіл жанашырларын әр кезде қолдап, қуаттауда. Өткен жылы «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС-нің қызметкерлері Е.Гиль, Б.Дүйсенбаева, «Қазақтелеком» филиалының басшысы Д.Сүлейменов, 58035 әскери бөлімшенің командирі А.Избасов қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» тіл үйренушілердің озаттарын моральдық-материалдық тұрғыдан көтермелеуді де ұмытқан емес.
Қаламызда мемлекеттік тіл ахуалын жақсартудың бұдан басқа да алғышарттары бар. Біріншіден, тұрғылықты халықтың 65%-ы – қазақтар, 35%-ы – өзге ұлт өкілдері. Тоқетері, қазақтың иісі аңқып тұрған қалалардың біріміз. Мемлекеттік мекемелердің тізгінін ұстағандар да – өз қандастарымыз. Бірақ, іс жүзінде олар қай тілде сөйлеп жүр? Үлкенді-кішілі жиындардың төрінде мемлекеттік қызметкерлердің өзі бастапқы екі-үш ауыз сөзін қазақша бастап, «жалпыға түсінікті болу үшін» деп ресми тілде жорғалата жөнеледі. Тіпті, қайбір мемлекеттік мекеме басшылары қарамағында өзге ұлт өкілдері  болмаса да, отырыстар мен жиындарды орыс тілінде өткізетінін «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері қынжыла айтады. Өйткені, басшысынан бастап төңірегіндегілер де орыс тіліне төселіп алған. Немесе мемлекеттік тілде сөйлеп, орыс тіліндегі іліспесін қайталап, уақыт алатындары тағы бар. Сонда, кілең қазақтар қай тілді насихаттағаны? Гәп осында!
Өткен жылы  қалалық «Өрт сөндіруші» АҚФ №3 отряды мекемесінің қазақ тілі курсына қатысушыларымен кездескеніміз бар. Сонда Ф.Игнатов деген орыс жігіті: «Біздер қазақ тілін үйрене алмай қиналсақ, Сіздер біле тұра, орыс тілінде сөйлесесіздер, неге?», - деп сауал тастаған-ды. Сөз таппай, түкірігіме шашалдым. Бір сәт намыс оты ғана  лапылдап, араша түсіп жатты. Кім кінәлі? Тағы өзіміз... Біле тұра өз тілімізде сөйлемейтініміз  бар. Көршіміз Ресейде мемлекеттік қызметтің барлық салалары бойынша қабылдау тестілеу тәсілінде жүргізіледі екен. Тестілеуден өте алмаса, мемлекеттік қызметке орналаса алмайды. Мұндай талап республикамыздың «Тіл туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң актілерінде айғақталмаса да келешекте енгізілетініне сенім мол. Өмір ағысының өзі соған жетелеп келе жатыр.
Мемлекеттік тілге басымдық берудің тетігі көп. «Қазақ тілі» қоғамы өз тараптарынан банкомат жүйесінде ақша алушылар мен салымшы қазақтар қай тілді пайдаланатынына бақылау жасап көрді. Сұрақ біреу: «Қай тілді таңдадыңыз?!». Жауап та біреу – орыс тілі. Себебін сұрағанда: бірі «үйренішті тіліміз ғой» десе, екіншісі «ұғынуға жеңілдігін» айтса, енді біреулері «бәрібір емес пе?!» десіпті. Араларында бірен-сараны  «өз тіліміз тұрғанда өзге тілде неміз бар» деп жауап беріпті. Былай қарағанда, елеусіз-ақ нәрсе. Шындығында, өз тіліңді өзегінен теппесең, ол да басқа жұртқа айбар!
Елбасының «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген қанатты сөздері миллиондаған қазаққа үлгі! Әлбетте, ел еңсесінің биіктігі рухының биіктігіне байланысты. Ал рух дегеніміз тікелей тілдің аясында ғана жүзеге асатынын әсте ұмытпау керек. Бірақ, өз қандастарымыздың оған өрісі жетпей жатады. Бұл – ащы да болса, шындық.
Мемлекеттік саясаттың көшін бастап, жүзеге асыратын, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілер. Білмесең –   үйрен, білсең – қазақ тілінде сөйле. Ол үшін тіліміздегі «Арба сынбас, өгіз өлмес» тіршілігінен біржола құтылып, әбзел сайманымызды сайлап, сәйгүлікке мінуіміз керек. Сонда, Елбасы белгілеген межеге іркілмей жетеміз. Алысқа бармай-ақ, қала әкімі А.Аглиулин басшылық тізгінін ұстаған күннің ертесінен-ақ, Тілдерді оқыту орталығына тіркеліп, қазақ тілінен дәріс алып келеді. Бірдің ісі – мыңға үлгі.  Мемлекеттік қызметкерлердің бәрі бірдей сауатты жазып, сауатты сөйлейтін болса, көшіміз соғұрлым көлікті болары сөзсіз.
Мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалын тілге тиек еткенде, қазақ тілі меңгеру деңгейін анықтайтын  «ҚазТЕСТ» нәтижесіне де соқпай өтуге болмайды. Соңғы бір жылдың ауқымында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы Балқаш қаласы бойынша  240 мемлекеттік қызметшіні диагностикалық тестілеу сынағынан өткізді. Нәтиже көңіл қуантпайды. Төменгі қарапайым (А1) деңгейінде – 19, базалық (А2) – 103, орта (В1) – 88, ортадан жоғары (В2) – 30, ал, жоғары (С1) сатысынан  ешқайсысы көріне алмады. «Қазақшаң  қалай, мемлекеттік қызметші?» дегенге, балқаштықтардың әзірге жауабы осындай. «Тілдер орталығы» мекемесінде бұл жұмыс жалғасып жатыр. Әлбетте, тіл үйрену үшін ынта-ықылас қажет. «Жұмысбасты едік», не «тапсырма көп» дегенді сылтаулап, курс сабағына жүрдім-бардым қарайтын мемлекеттік қызметшілер күні ертең опық жеп қалмасына кім кепіл?! Оның үстіне, өз тілімізді құрметтемей, ресми тілде сөлейтін мемлекеттік қызметшілер ешқашан да  қазақ тілінің көсегесін көгертпейді. Бұл – өмірдің өзі айғақтаған шындық.
Елімізде үш биліктің салалы бір тармағы, өкілетті органдар – мәслихаттар. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейтіп, мәртебесін күшейтуде депутаттар корпусы бірден-бір қуатты күш. Халық өзі сайлаған қалаулыларының сөзін жерге тастамайды, орындайды. Тұрақты комиссиялар отырысына,  «Тіл туралы Заңның» орындалысын сессияның күн тәртібіне шығарса, нұр үстіне нұр болар еді. Сайлаушылар алдында сөзі өтімді, беті ашық болуы  үшін депутаттардың өзі мемлекеттік тілді жетік білулері керек. Барлық іс- шараларды мемлекеттік тілде жүргізуге көшетін мезгіл жетті. Өкінішке орай, соңғы II шақырылымда қалалық мәслихат депутаттарының ішінен Тілдер орталығына мемлекеттік тілді үйренгелі келдік деген мандат иелерін естіген де, кездестірген де емеспіз. Ондай қажеттілікке мұқтаж депутаттар болса да.
Мәселен, екінші шақырылған қалалық мәслихаттың хатшысы И.Сторожко ханым қазақ тілінде жақ ашпаған қалпында қызметпен қоштасты. Үстіміздегі жылдың 20 наурызда жаңадан сайланатын мәслихат депутаттары өткеннен қалған бос шелекті даңғырлатпай, мемлекеттік тілдің көкжиегін кеңейтуге батыл шаралардың бастамашылары болуы керек. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының да үнін естіп, лайықты қолтаңбаларын көруге тиіспіз. Өйткені, мемлекеттік тіл – жалпы халықтық мәселе. Қорыта айтқанда, әр қазақтың намысын жанып, қоғамдық ой тастайтын бұл мәселеге бел шешіп кірісіп, белсенділік танытқанымыз жөн. Тобықтай түйін – осы.
Махмұт ЖАРЫЛҒАП,
Халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» Балқаш қаласы бөлімшесінің төрағасы,  «Тілдер орталығы» КММ
директорының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 177
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px