«Мен таңдаған мамандық...» - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

«Мен таңдаған мамандық...»
Жалпы, адам баласы мамандық таңдауда жаңылмағаны жөн. Себебі, сенің сол мамандығың – ертеңгі кәсібің, тіршілігіңнің тірегі болмақ. Еліміздің ертеңі, жарқын болашағымыздың кепілі – өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында айтылғандай, 2017 жылдан бастап, кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарында тегін білім алу басымдығы жүзеге асады. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік.
Сағыныш ӘБІЛОВА,
«Орталық Қазақстан»
 

Экономикасы өркендеу үстіндегі, өндірісі өрге тартқан біздің ел үшін кәсіптік-техникалық білімі бар мамандар ауадай қажет. Мәселен, алысқа бармай-ақ, біздің ауданның аумағында орналасқан Қарағайлы кен байыту фабрикасында, «Өркен-Кентөбе», «Абыз», «Алтайполиметалл» кәсіпорындарында кәсіби мамандарға сұраныс көп. Осы бір түйткілді мәселені шешу мақсатында ауданда жыл сайын «Мен таңдаған мамандық...» атты кәсіптік бағдарлау форумын өткізу жақсы үрдіске айналды.
Бұл жолы қала басындағы М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжінде өткізілген жиын мектеп қабырғасын аяқтағалы отырған оқушыларға ой салғаны анық.
Аталмыш форумды аудан әкімінің орынбасары С.Әлиұлы ашты. Жиынға аудандық  мекемелер басшылары, аудандық, қалалық ардагерлер кеңестерінің өкілдері, мектеп директорлары мен түлектер қатысты. Форумның негізгі мақсаты – еліміздің экономикасы мен еңбек нарығына қажетті кәсіпті игеру үшін өскелең ұрпаққа ой тастау. Яғни, тыңғылықты таңдау жасауда нақты шешімге келе алмай жүрген түлектерге ауданымыздың ауыл шаруашылығы және өндіріс саласында жемісті қызмет жасап жүрген еңбеккерлер өз ой-пікірлерін ортаға салып, аудан жастарын кәсіптік білім алуға үндеді. Алғашқы болып сөз алған ауыл шаруашылығы колледжі директорының кәсіптік білім беру жөніндегі орынбасары М.Аманбаева мемлекетімізге техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарының қажеттілігі мен тиімділігі жайында хабарлама жасап, колледж студенті, М.Әдекенов атындағы шәкіртақының иегері Д.Рысбай кәсіптік білімнің мүмкіндіктерін тілге тиек етті. Аталмыш колледждің түлегі, бүгінде ҚМҰТП тау орманшысының көмекшісі қызметін атқарып жүрген А.Жантөрин де өзінің дұрыс таңдау жасап, аталмыш колледж қабырғасынан кәсіптік білім алып шыққандығын ерекше мақтанышпен айтып, бүгінде алған мамандығынан нәсібін тауып отырғандығын жеткізді. Егіндібұлақтағы агротехникалық колледждің І курс студенті Н.Әлжаппаровтың да мақсаты – айқын, жоспары – мығым. Аталмыш білім орнында газ-электрмен дәнекерлеу мамандығын игеріп жатқандығын, бұл мамандардың бүгінгі күнде тапшы екендігін айта келе, алдағы уақытта сол өңірде орналасқан, соңғы технологиямен жабдықталған «Алтайполиметалл» кәсіпорнында еңбек етсем» деген ойын ашық айтты.
Аймақтағы шағын және орта бизнес саласының дамуына аудандағы кәсіпкерлер палатасының қосып отырған үлесі басым. Ол жөнінде кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының директоры С.Шамшиев еңбек еткен адамның алар асуы мол болмақ екендігін жеткізе келе, ол үшін ең алдымен белгілі бір кәсіби мамандықты игеру қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, Қарағайлы кен байыту фабрикасының өндірістік бөлімінің жетекшісі З.Алтаева, «Өркен-Кентөбе» автокөлік цехының басшысы С.Ысқақов жас буынға қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, қолжетімді кәсіби техникалық білім алып, туған жерлеріне еңбек етуге шақырды. Ауданда ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандар даярлауда М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы және Егіндібұлақтағы агротехникалық колледждің жауапкершілігін сөз еткен «Жалықпас» шаруа қожалығының басшысы М.Баймағанбетов ауыл шаруашылығы колледжінде өзінің білім алғандығын, нәтижелі табысқа жету жолында аянбай, тер төге еңбек еткендігін жеткізді.  
Оқушыларға ой тастаған мәнді де мағыналы жиынды аудан әкімінің орынбасары С.Әлиұлы қорытындылап, ауданның дамуына сүбелі үлес қосып отырған жетекші салаларға тоқтала келе, кәсіптік-техникалық білімі бар мамандардың жасап жатқан оң істерін жекелей атап өтіп, олардың іс-тәжірибелерін үлгі етті.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 167
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px