Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.10.2017

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген екен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов өткен ғасырдың басында. Бүгінгі баспасөз осы миссияны абыроймен атқарып жүр ме?

Қоғамның саяси тұрғыдан күрделенуі әрбір басылымға батпандай жауапкершілік жүктейтіні ақиқат. Биыл 85 жылдық мерейтойын атап өтетін байырғы басылым «Орталық Қазақстан» да – солардың қатарында. Баршаға мәлім, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ-тың қоғамдағы ролін арттыру мақсатында біздің саланы жаңа министрлік төңірегіне топтастырып, біздерге жүктелер міндеттің ауқымды екенін қадап айтты. Яғни, Әлекеңнің (Бөкейханов) газетке берген анықтамасы «Баспасөз – мемлекеттік саясаттың идеологиялық қаруы» болып өзгерді десе де болғандай.

Өткен аптада баспасөзге ІІ-жартыжылдыққа жазылу науқанын түйіндедік. Межені толық меңгере алмасақ та, ормандай оқырманымыздың 15 мыңнан асып жығылғанын олжа санап отырмыз. Иә, межеміз 16 500 болатын. Осы меженің 15 275-ін (91,9%) бағындырдық.

Біле-білген әкім үшін баспасөзге жазылуды ұйымдастыру – саяси науқан. Олай дейтініміз, жазылу жоспарына енген ресми басылымдардың дені – мемлекеттік-ақпараттық саясатты және Елбасы бастамалары мен бағдарламаларын насихаттаушылар. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік тапсырысты орындаушылар. Соған қарамастан, кейбір аудандар мен қалалардың әкімдері Елбасы саясатын жергілікті деңгейде болса да, негізгі ұстанымы мен мазмұнына айналдырған «Орталық Қазақстан» секілді аймақтың басты басылымына мұрын шүйіріп қарағаны қынжылтты. Мәселен, Жезқазған қаласына (әкімі Батырлан Ахметов) 1364 дана «Орталыққа» жазылу міндеттелген болса, руханиятты жатырқап қалған әкім бұл жоспарды 73,6 пайызға әрең жеткізді. Оның өзінде жыл басында 1 (бір) жылға толық жазылған оқырмандарымыздың арқасында. Сонымен, поштабайлар Жезқазғанға 1004 дана «Орталық» жөнелтеді. Оның 890-ы – бір жылға толық жазылғандар. Дағдарысқа қарсы амал-шарғысын өзінің газеті «Сарыарқаның» және өзінің арнасы «Дидардың» қаржысын қысқартудан бастаған Батырлан Дүйсенбайұлына өкпелеуіміз де орынсыз шығар. Дегенмен, Жезқазғанның әкімі жалғыз «Орталықты» ғана емес, мемлекеттік идеологияны да, Елбасы саясатын да менсінетін сыңайы жоқ.

Сонымен қатар, Сәтбаев қаласы да (әкімі Асқар Ыдырысов) ІІ-жартыжылдыққа жазылу жоспарын барлық аудан-қалалар бойынша ең төменгі (68,3%) көрсеткішпен қорытындылады. Елбасының мемлекеттік саясатқа немқұрайды қарайтын билік өкілдері қатарында Балқаш қаласының (87,9%), Қарағанды қаласының (76%), Қаражал қаласының (81,1%) әкімдерін атауға болады.

Ал, жоспарды екі есеге жуық асыра орындап (184,3%), көш бастаған аудан – Нұра ауданы. Бұл ауданның тарихында «Орталыққа» осынша көп оқырманның қол созуы – бірінші рет. Әрине, осы орайда аудан тізгінін жуырда ғана қолына алған Ниқанбай Омархановтың басылымға деген ықыласы мен Елбасы саясатына деген құрметін ерекше атап өтуге тиіспіз. Сондай-ақ, «Орталық Қазақстан» газетіне жазылу жоспарын Шахтинск қаласы (әкімі Сержан Аймақов) 112,4%-ға, Бұқар жырау ауданы (әкімі Нұркен Қобжанов) 107%-ға, Шет ауданы (әкімі Марат Жандәулетов) 101,1%-ға, Осакаров ауданы (әкімі Қайрат Шайжанов) 100,6%-ға, Ақтоғай ауданы (әкімі Салтанат Әбеуова) 100,4%-ға, Жаңаарқа ауданы (әкімі Ғабдрахман Омаров) 100%-ға орындап шықты. Мархабат! Басылым мен оқырман арасындағы рухани байланысқа дәнекер болды.

...Енді екі айдан кейін 2017 жылға жазылу басталады. Сол кезде әлгі енжар әкімдер осынау олқылықтың орнын толтырар, Елбасы саясатына екі құлағын түріп, назар аударар деген үмітпен жариялап отырмыз бұл қорытындыны.

Қанағат! Екінші жартыжылдықта 15 мыңнан астам шаңырақтың табалдырығын аттаймыз.

Сонымен, Нұра көш бастап, Жезқазған жерге қарады.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 8028
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1183
count 88x31px