Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019


Жастар жайын кім ойлайды?!..

Жастар – мемлекеттің қуат-арнасы, қоғамның тынысы һәм Алаштың айнасы. Әлбетте, көшбасшы мемлекетке ерік-жігері мықты, жан-жақты, рухы биік, болмысы бекзат, ұлт ұпайын түгендей алатын азат ойлы жастар қажет! Сондықтан, Қазақстанның нығаюы мен дамуына әрбір қазақ баласы жауапты! Қарағанды – еліміздің стратегиялық және экономикалық маңызды аймақтарының бірі, жастар шаһары болып есептеледі. Бүгінде облыстағы жастар саны 365 мыңды құраса, мемлекет жастарының отыз пайызы біздің аймақтың еншісінде. Бұл үлес үнемі артып келеді. Десек те, аймақта жастар саясаты жүйелі түрде жетіліп келе ме? Қазіргі уақытта мегаполис жастарының алдында тұрған өткір де өзекті мәселелер қандай? Жергілікті жастар ұйымдары мен бірлестіктер жалпыдан-жалқыға, сөзден - іске көше алды ма? Осы орайда, Қарағанды жастарының үміті үкіленіп, үрейі сейілді ме? Сонымен, не ұттық? Неден ұтылдық һәм тұтылдық?

Бүгінгі таңда аймақ жастарының әлеуметтік-экономикалық пробле­маларын шешу, материалдық-тұрмыстық жағдайын жіті зерттеу және жан-жақты талдау кезек күттірмейтін көкейкесті мәсе­леге айналып отыр. Алайда, облысы­мыздағы 78-ге тарта жастар ұйымдары бытыраңқы, шашыраңқы болғандықтан, белгілі бір жүйелі­лік, бірізділік пен бірлік жоқ. Ұйым­дардың 80 пайызы жүрдім-бардым жұмыс жасап келеді. Яғни, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүр. Жастарды жұмыспен, баспанамен, жатақханамен қамту, несие­леу, арнайы бағдарламаларға жұмыл­дыру, тәжірибе алмасу жағы­нан да немқұрайлылық, әрекет­сіздік байқалады. Осы орайда, кең ауқымды ақпаратты-талдау база­сының жоқтығынан және үздіксіз мониторинг жүргізілмейтіндіктен, облыстағы жастар арасындағы жұ­мыс­сыздықтың нақты көрсеткіші, жас отбасылардың қанша пайызы тұрғын үйге зәру екендігі, шаһар аумағында қанша студентке жатақхана жетіспейтіндігі жайлы ақпарат жоқтың қасы. Тәуелсіз мамандар мен сарапшылардың пікірінше, бұл бағытта әлеуметтік зерттеулер мен сауалнамалар дер кезінде жүргізілмейді, нақты ас­пектілер ретке келтірілмеген. Сон­дықтан, аймақта жастар проблемалары жайында ақпараттық ашықтық пен жариялылық жетіспейді.

Мәселен, Алматы, Астана қала­ларында жастар саясаты жөніндегі басқарма, жастар саясатын қолдау мемлекеттік қоры жұмыс істеп келеді. Алайда, 365 мыңнан астам жастары бар кеншілер қаласында бұндай басқарма, қоғамдық қор атымен жоқ. Ал, Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Жамбыл да жастардың медиа-кеңістігін жүйелі басқару нәтижесінде, газет-журналдар мен ин­тернет-русурстар арқылы жас­тар­дың өзекті мәселелері зерттеліп, талданып, шешу жолдары көрсе­тіліп тұрады. Біздің алып шаһар­да жастардың медиа-кеңістігі қалыптаспай отыр деп айтудың өзі ұят. Себебі, жастар бірлестіктерінің жер­гілікті билікке қарымы жетпейді, пәрмені өтпейді.

Сонымен қатар, облыстағы ауыл жастарының мәселелері кезеңі­мен шешілмей жатқаны да қатты қынжылтады. Бес жылда бір мәрте белгіленген ауданда немесе ауылда алаулатып-жалаулатып, форум өткіземіз де, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей, он жыл бойы аталмыш шара жайлы ауыз толтырып айтып шығамыз. Ауыл жастары мәдениет үйіне, интернет-клубқа, ойын-сауықтыру нысандарына зәру екені күмәнсіз. Дегенмен де, ауыл жастарының аталған проблемалары осындай форумдарда «оңтайлы» шешіліп жатыр ма?!..


«Тіл кеспек жоқ...»

Өзекті мәселелерге қатысты жастардың пікірлерін білмекке асық­тық. Аймақтағы оқу орындары­ның студент жастарымен кездесіп, ой-пікірлерін білген едік. Солардың бірі Индира Қожахмет есімді студенттің пікірі төмендегідей: «Үлкен қалаға оқуға түсіп, арман қуып келген өрімдей қазақ баласы көптеген кедергіге ұшырайтыны жасырын емес. Осы мәселелерді де неге ескермейміз? Біріншіден, қалаға келе сала жатақханаға орналасу мүмкін емес. Өте қиын. Сондықтан, бөлме кілті қолына түспеген студент беті ауған жаққа пәтер іздеп, сабылып кетеді... Себебі, бүгінде Қарағандыда студенттерге арналған жатақханалар жетіспейді. Екіншіден, жыл сайынғы оқу төлемақысының шарықтап өсуі. Өйткені, көптеген жоғары оқу орындарында төлемақы жыл сайын 10-15%-ға көтеріліп отырады. Бұл мәселе студент жастардың жанына қатты бататыны айтпаса да анық. Ал, жастар ұйымдары студент мүддесін қорғап, осындай тенденцияға тосқауыл беруге асығар емес. Әйтпесе, әбден жаттанды болған «Парасыз сессия», «Таза сессия» өзінің өзектілігін жоғалтқалы қашан?! Заман алға қарай қарыштап жылжыды, жаңа серпін, жаңа әдістер, жаңа идеялар дүниеге келді. Бірақ, біздің жалтақтаған жастар бірлестіктері «Қалай тұрасың, студент?», «Қалай тамақтанасың, студент?» дегенінен әрі аса алмайды. Ал, ауылдағы ата-анасына салмақ салмауды ойлайтын балаға асханаларда, дәмханаларда даяшы, салондар мен дүкендерде, сауда орталықтарында еден жуушы болып, нан-тоқаш, кондитерлік зауыттарда қосымша жұмыс істеп, «машықтануға» тура келеді. Үшін­шіден, студенттің диплом алған соң өз мамандығы бойынша жұмыс іздеуі. Шын мәнінде, ЖОО өз түлектерін жұмысқа тұрғызуға қатты қызығушылық танытады деп айту қиын, әрі қисынсыз. Ал, қағазбастылыққа құралған бағдарламалардың механизмі жөнді ойластырылмағаны – барша студент қауымы үшін құпия емес. Бұл – боямасыз шындық! Күлтөбенің басында күнде кеңес өткізгенше, осы мәселелерді шешуге асықсақ екен».

Сөзіміз жалаң, ойымыз жұтаң болмас үшін Қарағанды облысы жастар бастамашылдығының орталығының директоры міндетін атқарушы Толқын Егішеваға жолы­ғып, осынау маңызды мәселе­лерді алға тартқан едік.

Біздің орталық мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында құрылған. Қарағанды облысында 365020 жас бар. Жастардың кәсіби даярлығына қажетті экономикалық, әлеуметтік, құқықтық жағдай жасап, олар­дың интеллектуалдық және шығар­машылық әлеуетін дамытуға, сон­дай-ақ, жастар саясатын орындау саласында туындайтын проблемаларды жедеғабыл шешу – орталығымыздың негізгі мақсаты. Орталықта 3 сектор жұмыс жасайды. Ақпараттық-аналитикалық және мониторинг секторы, жастармен жұмыс және қоғаммен байланыс секторы, әлеуметтік технологиялар секторы. Жезқазған, Балқаш қалалары мен Ақтоғай, Бұқар жырау, Ұлытау аудандарында жас­тармен жұмыс жасайтын арнайы бөлімдер бар. Басқа да қалалық және аудандық елді мекендермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Жастар проблемалары жайында ақпараттық ашықтық пен жариялылық жетіспейді дейсіз бе?! Әрине, ақпараттық үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақ­параттық-талдау базасы ма? Дәл қазір соның барлығын жіліктеп, жіпке тізіп айту қиын. Орталық жастардың азаматтық белсенділігін арттыру мақсатында көптеген іс-шаралардың өтуіне мұрындық болып отыр. Яғни, жастарды жұмыспен, баспанамен қамту, несиелеу, арнайы бағдарламаларға жұмылдыру, тә­жірибе алмасу жағынан жүйелілік бар. Бұл жұмыстар жоспар бойынша, кезең-кезеңімен атқарылуда. Бүгінде облыста 78 жастар ұйымы тіркелген. Рас, олардың тек 20-30% ғана нақты жұмыс жүргізіп келеді. Шыны керек, көптеген жастар бірлестіктері ашылғанымен, олардың жартысы бүгінде жабыла алмай жатыр. Осы ұйымдардың таратылуы үшін біздің тарапымыздан іс-шаралар атқарылуда. Ал, облыстағы жас­тар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші (2011 жыл бойынша) 1,3% құрап отыр. Демек, 4895 жас азамат жұмыссыз. Аймағымызда жастар саясаты жөніндегі басқарма ашу қажеттілігі туындап отырғаны шындық. Алдағы уақытта мұндай басқарма ашылатыны жөнінде белгілі болып отыр... Мен мына мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Жастар «алма піс, аузыма түс» деп отырмауы қажет. Шын мәнінде барлық проблемаларды жалғыз орталық шеше алмайды ғой. Кезек күттірмейтін өткір мәселелері болса, біздің орталыққа келсін, ой-пікірлерімен бөліссін. Жаңа идеялары, ұсыныс-тілектері болса бірге қызмет жасауға шақырамын! Қазақ жастарының барлық игі бастамаларын жан-жақты қолдауға әзірміз. Өз жастарымызды өзектен теуіп, өгейсіту бізге тән емес. Ал тасада тұрып, тас ату екінің бірінің қолынан келеді емес пе?! Жұмыла көтерген жүк қашан да жеңіл болады», – дейді Толқын Айткенқызы.

Шыны керек, аталмыш орталық жоғарыда көтерілген мәселелердің ұрымтал тұсын таба алмай, ай­қын жауап қайтара алмады. Орталық басшысының сөзіне сүйенсек, жастардың әлеуметтік-экономикалық, материалдық-тұр­мыстық проблемаларын шешу мақсатында мекеме тарапынан ешқандай іс-шаралар өткізілген жоқ. Мекеме директоры бұл бағытта әлеуметтік зерттеулер мен сауалнамалар жүргізілмегенін де жасырмады. Алайда, жастар жағынан да мақсатшылдық, табандылық пен ұйымшылдық жетіспейтінін де ашық айтуымыз керек!

«Серпін» жастар пікірталас клуб­ының жетекшісі Олжас Бурханов өз ойын былайша тарқатады.

Аймақтағы 78 жастар ұйымы­ның нақты немен айналысып жатқанын ешкім де кесіп айта алмас. Басын тауға да, тасқа да ұрып жұмыс жасауда-мыс. Сонда осынау ұйымдар мен бірлестіктер өзге аймақтардағы жұмыс тәжірибесімен таныспайды ма?! Әлде аймақ жастарының белсенділігі мен сауаттылығы жаттанды фестиваль, форум, флешмоб, слет, семинар, тренинг және марафон-эстафеталарда ұр­ан­даумен ғана шектеле ме?!.. Әри­не, жастардың медиа-кеңістігі қалыптаспауына ықпал болар жастар мен атқарушы билік арасында көпір жоқ. Облыс көлемін айтпағанда, Қарағанды қаласында тарайтын бірде-бір қазақ тілді жастар газетінің болмауы, жастарға арналған интернет-порталдардың, ресурстардың жоқтығы – жастар көзқарасынының айқындалмауы мен аймақта жастар саясаты дамымағанының белгісі. Аймақтағы ахуал өзгермесе, ұпайымызды түгендей алмайтынымыз анық, – дейді ол.

Анығында, кеншілік жастардың келелі мәселелері төңірегінде келісті пікірімен, сергек ойымен, орынды сынымен санасатын уақыт жетті! Осы тұста жастардың бұқаралық ақпарат құралдары жайын тілге тиек етпекпіз. Жасыратыны жоқ, бүгінде аймақ жастары қазақ тілді басылымға зәру. Қазіргі уақытта аймақ көлемінде жалғыз ғана «Вектор инфорум» атты жастар журналы ай сайын жарық көріп отыр. Алайда, бұл журнал қазақ жастарының сойылын соғып отыр деуге ешқандай негіз жоқ. Аталмыш басылым жастардың іргелі мәселелерін іркілмей көтере алмайды. Керісінше, таралымы аз, тамсануы көп, талдауы жоқ. Бұл аз болғандай, журнал 20 пайыз ғана қазақ тілінде ақпарат таратса, қалғаны ресми тілдің еншісінде екен. Сонда бұл журнал қазақ тілді жастардың ой-тілегімен есептеспей, неге мемлекеттің тілін осылайша мансұқ етіп отыр?! Тіпті, кеңес үкіметінің өзінде мұндай масқара жайт болмаған еді! Мәселен, «Қарағанды комсомолы», «Қарағанды жастары», «Замандас» сияқты қазақ тілді жастар газеттері аса ірі таралыммен апта сайын жарық көрген-тін. Бұл басылымдар – қарағандылық қазақ жастарының көзқарасын айқындауымен қатар, мемлекет құрушы ұлтты дамытуда белсендiлiк танытқан бірегей идеологиялық қаруға айналған еді. Өкінішке орай, жаһандану мен нарыққа бейімделе алмаған газеттер кейін жабылып қалды. Десек те, бүгінгі таңда заманауи маркетинг пен менеджментті ескеріп, «Қара­ғанды жастары», «Замандас» сияқты ұлттық басылымдарды қай­та тірілтіп, жандандыруға күш салу керек деп есептейміз. Аймақта жастардың «құлағы, көзі һәм тілі» болмауы – сүйекке таңба, елдігімізге мін, ұлттығымызға сын!

Сондай-ақ, аймақ арналарында жастар проблемаларын қаузайтын арнайы бағдарламалардың, ток-шоулардың, репортаждардың көрсетілмеуі де қынжылтады. Осы орайда, облыстық арналардың «Жастар алаңы», «Жастар пар­ламенті» сияқты бағдарламалар ұйымдастыруға әлеуеті толық жете­тіні сөзсіз. Мінеки, осындай бағдар­ламаларға рухани және интеллектуалдық деңгейі жоғары, жауапкершілігі мол, азат һәм озат ойлы жастарды жұмылдырып, үнін естіп, проблемаларын тыңдасақ, көптеген түйткілдің түйіні тарқа­тылар еді.


Саусақ бірікпей, ине ілікпейді

Жастар – қазақ тәуелсіздігінің биік тұғыры, жасампаз мемлекеттің маңызды тұтқасы. Ал оларды қолдау – келешекке сенімді инвес­тиция, мемлекеттің қуатты страте­гиялық әлеуеті. Шаһарда жастар саясаты тың өзгерістерді, жаңаша көзқарасты, соны серпінді қажет ететіні сөзсіз. Қазақ жастары өміршең істердің бастауында тұрып, жаңа идеяларды жүзеге асырып жатса игі! Себебі, ХХІ ғасыр – бұл біздің заман! Әзірше, түйгеніміз – осы, ілеріміз – әлі алда!

Дулат АМАНЖОЛ.

ҚАРАҒАНДЫ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1002
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px