Өнерімен өрлеген «Дуслык» - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Бәрі де осыдан 14 жыл бұрын басталған еді. Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай, әртүрлі ұлт өкілдерінің өнерін ұйымдастыру керек болды. Әкімдік тарапынан түскен осы ұсынысқа орай кеншілер қаласындағы белгілі дәрігер Руфина АБУЗЯРОВА татар-башқұрт диаспорасының басын қосып, өнерге бейімділерін мерекелік концертке тартуға бекінді. Игі бастаманы құптап, қолдаушылар қатары көбейді. Ән мен биге бейімділер баршылық екен. Әжелердің сандығының түбінде жатқан ұлттық киімдерін киіп, бала-шағаларына дейін қатысқан сондағы Мамыр тойы айтарлықтай ажарлы болды. Сәтбаев қаласындағы «Дуслык» этно-мәдени орталығы осылайша өмірге келген еді.

Бүгінде шағын қаладағы мерекелік шаралар «Дуслык» өнерпаздарының қатысуынсыз өтпейді деуге болады. Басшылық жұмыстарын қолға түпкілікті алған Руфина Рафиқызы, енді, өнермен қатар ұлттық салт-дәстүрлерінің жаңғырып, туған тілдерінің дамуына да көңіл бөле бастады. Амина апа Шакурованың ұйытқы болуымен ардагерлер бас қосып, этно-мәдени орталық ішіндегі түрлі үйірмелердің жандануына жанашырлықпен атсалысты. Татар молдасы Бақый аби Алладан шапағат тілеп, ақ батасын берді. Зульфия Гилемханованың жетекшілігімен орталықтың балалар секторы жұмысқа кірісті. Ең бастысы, жастар қызығушылықпен келе бастады. Бір үйдің отбасы түгелдей қатысуы дәстүрге айналған. Мәселен, Рашид аби мен Расиха апа Мустафиндердің отбасынан ағалы-қарындасты Нияз бен Гульназ және олардың балалары Линар мен Анита мәдени орталықтың белсенді мүшелері саналады. Бір айтарлығы, олар шетінен өнерпаз. Анита Гатиятова – Парижде, Мәскеуде өткен халықаралық фестивальдарға қатысып, лауреат атанып жүрген жас өнерпаздар. Оның анасы Гульназ да ән айтады. Өлең де жазатын-ды. Осындай өнерімен өрге жүзгендер қатарын көптеп айтуға болады.

«Дуслык» татар-башқұрт мәдени орталығы жыл сайын күзде «Сабантуй» мерекесін өткізуді дәстүрге айналдырған. Өткен жылғы бұл мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды. Оған Ассамблея және Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері келіп, қатысты. Мереке аясында татар халқының ұлттық ойыны – куреш ұйымдастырылып, оған қала тұрғындары да белсене қатысты. Осындай әрбір шара тұрғындармен тығыз бірлестік жағдайында, бейбітшілік пен татулықты ту етіп өткізілетінін айтуға болады. Сәтбаевтық орталық татар-башқұрттардың «Ихлас» облыстық бірлестігімен де тығыз байланыс жасап отырады. Сондай-ақ, өңірдегі барлық этно-мәдени орталықтарымен бірге татулық пен бірлікке ұйыстыратын игі шаралардан сырт қалған емес.

Татар-башқұрт халқының қазақ ұлтымен дәстүрі де, тілегі де бір. Ежелден бірге өсіп, біте қайнасып кеткен олардың халқымызға деген ризашылығы шексіз. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев күні кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында еліміздегі барша ұлт пен ұлыстардың тату-тәтті өмір сүріп, Мәңгілік Елге жетуді алдарына ұлы мақсат етіп қойғанын тағы да атап айтты. Өнерімен өрлеген «Дуслык» орталығы да ұлы мақсат жолында өнегелі ісімен өз үлестерін қосып, береке-бірлікке кеңінен өріс аша берері сөзсіз.

 

СӘТБАЕВ қаласы.

 

Суретте: этно-орталық жетекшісі Р.АБУЗЯРОВА мен Г.ГАТИЯТОВА.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 128
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px