Қоғам «қомағайларды» аластайды - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Жұма күні облыс әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Ұлттық бюро төрағасының орынбасары Алик ШПЕКБАЕВТЫҢ қатысуымен алқалы жиын өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ төрағалық жасап, мекеме-ұйым басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен құқық қорғау орындары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жемқорлықпен күрес мәселесінде биліктің де, бұқараның да мүддесі – бір. Ынтымақтаса күресіп, ымырасыз жеңіске жету – жалқы мақсат. Бүгінгі жиынның да діттегені – осы. Яғни, сыбайлас жемқорлық фактісінің ықпалы байқалған жерде екіжақты қырағылық қажет. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттен арылу.

Жиында Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар жайында облыс әкімі аппаратының басшысы Жанат Искаков баяндама жасады.

Жанат Маратұлының мәлім­деуінше, облыс басшылығы Қазақстан Республикасындағы 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізуде. Облыс әкімдігінің қаулысымен арнайы жұмыс жоспары бекітілген. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен күрес және көлеңкелі экономиканың жолын кесу жөнінде аймақтық комиссия жұмыс істейді. Мұндай комиссиялар барлық аудан, қала әкімдіктері жанынан құрылған. 2016 жылдың өткен мерзімінде жергілікті атқарушы биліктің ұйымдастыруымен 288 семинар-дөңгелек үстелдер өтті. Тақырыбы да, мақсаты да – жемқорлықтың тамырына балта шабу.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі жанында жемқорлықпен күрес мәселесі бойынша сараптамалық кеңес жұмыс істеп тұр. Бұл кеңестің негізгі функциясы – кәсіпкерлік саласындағы сыбайластықтың алдын алу. Осы мақсатта Қарағанды қаласында ашылған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы «Жалғыз терезе» қағидасы бойынша табысты қызмет етіп келеді.Осы жылдың өзінде 6786 азаматқа сапалы қызмет көрсетіліп, 12170 тұлғаға тегін кеңес берілді. Ал, аудан, қалаларда жасақталған осындай 17 орталықта жыл басынан бері 42745 тұлғаға қызмет көрсетіліпті.

Баяндамашының ақпаратынан түйгеніміз – жүйелі жүргізілген жұмыс оң нәтиже бере бастаған. Тіркелген фактілер бойынша тиісті шара қолданылып, сыбайластыққа қатысы бар лауазым иелерінің барлығы заң жүзінде жауапкершілікке тартылды.

Бұдан кейін сөз алған Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заң талаптарына егжей-тегжейлі шолу жасап, жазалау және рақымшылық шараларын да тілге тиек етті. Мәселен, сыбайлас жемқорлық фактісімен айыпталған лауазым иесінің мемлекетке келтірген залалын айыппұл ретінде қайтарып, материалдық салмақ салу секілді шаралардың тиімділігі айқын аңғарылып отырғандығын атап өтті Ұлттық бюро төрағасының орынбасары. Бұл – әрине, жазаны ізгілендіру. Дегенмен, жемқор үшін жегенін бірнеше еселеп қайтару да оңай жаза емес.

Жиын барысында жемқорлықпен күрестің мазмұны мен маңызын насихаттайтын бейнероликтер көрсетілді. Ой түйдік. Түйгеніміз – жемқорлық секілді келеңсіз сипаттағы қоғам дертімен күрес Ұлттық бюро немесе басқа да құзіретті органның ғана міндеті емес, барша халықтың парызы екен. Иә, бұл бағыттағы жұмысқа жалпыхалықтық сипат бермейінше, қоғам өзегін жегі құрттан тазарту күрделене бермек.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Ұлттық бюро төрағасының орынбасарына бүгінгі мақсатты сапары үшін алғыс білдіріп:

– Стратегияның бағыт-бағдарына ауқымды шолу жасап, заң талаптарын терең түсіндіргеніңіз үшін барша әріптестеріміздің атынан алғыс білдіремін. Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде жүктеген міндеттерін бірлесе жүзеге асыратынымызға және түпкі нәтиженің оң боларына сенімдімін, – деді.

Сөз түйінінде ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Ұлттық бюро төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мырза да Қарағанды облысындағы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2496
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px