Обалы кімге? - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

 

Аймақты аяғынан тік тұрғызған жаманат хабарға қатысты мәлімдеме жасаған жергілікті билік өкілдері жағдайдың қатаң бақылауда екен­ін айтады. Алдыңгүннен бастап, Еркіндікте төтенше жағдай. Ауылға кіруге, не одан шығуға тыйым салынған. Ауылда бар төрт түлік түгел тексеруден өтіп жатыр. Тұрғындарға да алдын алу шаралары жасалуда.

Ел аузында жүрген оқиғаның ақ-қарасына тоқталсақ, былай...

4 маусымда Еркіндік ауылының тұрғыны сиыры ауырып, ветеринар шақыртқан. Ветеринар қажетті ем-домын жасауды айтып кеткен соң, үш күннен кейін малдың иесі ветеринардың ешбір рұқсатынсыз сиырын сойып, көрші-қолаңына сатқан екен. 18 маусымда қолында жара бар алғашқы науқас Ағадыр кентіндегі емханадағы дәрігерге жүгініпті. Оған жүгінбес бұрын Қарағандыда дәрігерлердің қабылдауына кіре алмаған көрінеді. Кент емханасының жолдамасынсыз ешбір аурухана қабылдамаған. Содан науқас кентке қайта келіп, оған алдын ала күйдіргі деген диагноз қойылып,19 маусымда облыстық инфекциялық ауруханаға түскен. Індет мал сою кезінде жұққан деген болжам жасалыпты.

Облыс әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалинов қазіргі уақытта Еркіндікте тиісті сала мамандарының нұсқаулықтарға сай жұмыс атқаруда екенін жеткізді. Орынбасардың айтуынша, індеттен өзге мал аман. Бір ғажабы – ешбірінен әзірге індеттің белгісі көрінбеген.

Шагурашид МАМАЛИНОВ, облыс әкімінің орынбасары:

– Бүгінде басқа малдан ауру тіркелмеген. Облыста да, Шет ауданында да бұл жағдайға қатысты штаб жұмыс істеуде. Бекеттерге полиция қойылды. Аталған ауылдан бірде-бір мал, сүт өнімдері сыртқа шығарылған жоқ.

Індет ошағындағы шараларды үйлестіріп және бақылау жасау үшін облыс әкімі орынбасарының төр­ағалығымен штаб құрылды. Мамандар ауылдағы барлық малды кірпік қақпай қадағалап отыр. Аула-ауланы аралап. Күніне бірнеше рет 1800 ірі қара, 2500 ұсақ мал, 900 жылқы тексерілуде. Ел ішін дүрбелеңге салған індетті Қарағандыдағы сараптама күйдіргі депті. Енді республикалық сараптаманың нәтижесі күтілуде.

Марат МҰХТАРОВ, Ветеринар­лық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы:

– Сойылған малдың еті 20 маусымда талдауға алынып, «Республикалық ветеринария зертханасы» Қарағанды филиалына берілген. Сараптама оның күйдіргі екенін көрсетті. Сонымен қатар, 21 маусымда «Ветеринария бойынша ұлттық референт орталығына» Астана қаласына жолданды. Астанадан шығарылатын қорытындыны күтіп отырмыз. Ертең нәтиже белгілі болады деп ойлаймыз.

Инспекция басшысының айтуынша, індет таратқан ірі қара осы жылдың 30 наурызында екпе алған. Бұл туралы құжат жергілікті ветеринарда бар. Оған мал иесі де, ветеринар да қол қойған. Бірақ сөйте тұра ауруға шалдыққан. Әзірге індеттің қайдан, қалай келгені белгісіз. Бұған қатысты сала басшылары түрлі болжамдар айтып отыр. Соның бірі – қыстан шыққан малда екпе құрамында бар індетке қарсы пайда болатын антителдің болмауы, екіншісі – бұрынғы індет ошағынан топырақ, су арқылы жұғуы. Ал, Өспен өңірінде күйдіргі соңғы рет 1965 жылы тіркелген. Онда да бір ғана ірі қарадан табылған көрінеді.

Мұндай ошақтар Шет ауданында 16 болған дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Саят Мусин. Бұл республикалық тіркеу құжаттарының негізінде 1938 жыл мен 2014 жыл аралығын қамтып жасалған мәлімет.

Ал, Қарағанды облысы бойынша тұтынушылар құқын қорғау департаментінің басшысы Болат Қалмағамбетов осы оқиғаға байланысты ұялы телефондағы ватсап қосымшасы арқылы тарап жатқан ақпаратты жоққа шығарды. Оның шындыққа мүлдем жанаспайтынына сендірді. Ол аудиожазбада облыстық инфекциялық ауруханаға түскен науқастардың құсығы ешбір залалсызданбастан кәріз желісіне құйылып жатқандығы, Еркіндік ауылындағы малдың етінің нарыққа айналымға шығып кеткендігі айтылған болатын. Департамент басшысының сөзіне сенсек, бұлай болуы мүмкін емес. Біріншіден, жоғарыда айтып өткеніміздей, күдік пайда болғаннан-ақ онда шығуға, кіруге тыйым салынған. Екіншіден, инфекциялық аурухана арнайы жабдықталған мекеме. Сондықтан, ешбір зат залалсызданбай сыртқа шығарылмайды. Оған қоса, аталған науқастарда аурханада құсу деген белгі болмаған. Суды тазалауға қатысты жүргізілген шаралардың бұған ешбір қатысы жоқ дейді.

Қазіргі таңда 62 ауыл тұрғыны алдын алу терапиясынан өтуде. Оның 21-і – бала. Ет сатып алып, оны тұтынған 13 үй белгілі болып отыр. Ал, 20 маусым мен 22 маусым аралығында облыстық инфекциялық ауруханаға 9 адам тері түріндегі күйдіргі деген алдын ала диагнозбен түскен. 20 маусым мен 21 маусым аралығында 2 адам көз жұмды. 22 маусымдағы жағдай бойынша 7 адам облыстық инфекциялық ауруханада күйдіргі деген диагнозбен ем алуда. Таратылған мәліметтерге сүйенсек, жағдайлары бір қалыпты.

Ауылдың ветеринар маманына қатысты қызметтік тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 19 маусымда қылмыстық іс те қозғалған. Алайда, оның қандай бап бойынша және кімге қатысты екені нақты айтылмады.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 739
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px