Қолдауды қолдану қажет - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Қолдауды қолдану қажет
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»
Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Шагурашид МАМАЛИНОВ бастаған жұмыс тобы Жаңаарқа, Ұлытау аудандарында болып, Жезқазған, Сәтбаев қалаларына арнайы барды. Сапар барысында жұмыс тобы жергілікті шаруа қожалықтарының басшыларымен, селолық округтер әкімдерімен кездесті. Басқосуларда ауыл шаруашылығы саласына бағытталған мемлекеттік қолдау бағдарламаларындағы жаңашылдықтар кеңінен түсіндіріліп, көктемгі егіс науқанына дайындық барысы қарастырылды.
Биыл Жаңаарқа ауданындағы егіс алқабының көлемі арта түседі деп күтілуде. Облыс басшылығы тарапынан егістік жерлер аумағын 10 пайызға арттыру туралы тапсырма берілген еді. Яғни, 10 мың гектар жерге – дәнді дақыл, 500 гектар жерге – майлы дақыл, 28 гектар жерге – картоп, 3 мың гектар жерге – көпжылдық шөп тұқымын себу жұмыстары міндеттелді. Аудан әкімдігінің мәліметінше, көрсетілген меже орындалады деп жоспарлануда.
Аудандағы техника күші егіс даласына шығуға тастүйін әзір. Науқанға 904 трактор мен 180 тұқымсепкіш жұмылдырылады.
Диқандар жанар-жағармай қорымен толық жабдықталған. Қажетті 246 тонна дизель отыны қоймаларға жеткізілді.
Жаңаарқада егістік жерлердің барлығы ескірген. Аудандағы 7045 гектар көпжылдық егін алқаптары есепте тұр. Бүгінде шаруалар тарапынан аталған аумақтардағы өсімдіктерді жаңарту шарасы ескерілмей келеді.
Өңірде мал шаруашылығын өркендетуге жіті көңіл бөлінуде. 6 селолық округте құны 11,4 млрд. теңге болатын 14 инвестициялық жоба қолға алынуда. Мәселен, Ақтау ауылындағы жалпы сомасы – 56 млн. теңгені құрайтын 2 жоба биыл іске қосылады. Округтегі «Жансая» шаруа қожалығы 200 сиырға арналған бордақылау алаңы мен қасапхана құрылысын жүргізуде. Жоба нәтижесінде, жылына – 20 тонна сиыр еті өндірілмек. Осы ауылға қарасты «Батыр ауылы» қожалығында сыйымдылығы – 300 сиыр болатын  бордақылау алаңы тұрғызылуда.
Ал, аудандағы Ақтасты, Айнабұлақ, Бидайық, Қызылжар, Сейфуллин, Түгіскен, Целинный ауылдарында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісі ақсап келеді. Жиында бұл ауылдардың әкімдеріне инвестиция тарту жұмысын жандандыру жөнінде тапсырма берілді.
Жезқазған қаласында жұ­мыс тобы Жезқазған және Сәтбаев шаһарларының маң­ын­дағы ауылдық округтер тұрғын­дарымен кездесті. Аталған қос қала металлургия саласына басым бағыттанған. Дегенмен, шаһар төңірегінде мал бағып, дән сеуіп, нәпақасын айырып отырған ағайын да баршылық. Шаруа­лармен кездескен өкілдер агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты жаңашылдықтар жайын­да кеңінен айтып берді. Олардың базына-тілектеріне құлақ түрді.
Ұлытау жерінде сапар соңы түйінделді. Дән өсіруге таби­ғаты жайсыздық танытса да, ұлытаулық диқандар жылдағыдай жер жыртып, дән  егуге құлшынып отыр. Бұл ауданға биыл 25 мың гектар жерге – дәнді дақыл, 3 мың гектар жерге – көпжылдық шөп себу туралы нұсқау берілді. Оның ішінде, 24 мың гектарға – бидай, 1 мың гектарға – арпа егілмек. 37 гектарға – картоп, 11 гектарға – көкөніс, 100 гектарға – майлы дақыл өсірілмек. Ал, көпжылдық шөп, небәрі, 600 гектар жерге себілмек.
Егіс жұмыстарына 771 трактор, 412 тұқым сепкіш және 3 тұқым себу кешені қатыстырылады. 14 сәуірдегі мәліметке сәйкес, науқанға қажетті 583 тонна дизель отынының 67 пайызы жеткізілді.
Аудандағы небәрі 740 гектар көпжылдық шөп алқабының былтыр 200 гектары жаңартылды. Сондықтан, аудан басшылығына егістік алқабын ұлғайту есебінен бос жатқан жерлерді игеру тапсырылды.
Ауданда  құны  – 910 млн. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба қанат қақпақ. Нақты айтқанда, «АгроБөгет», «Ұлы Дала»  ауыл шаруашылығы кооперативтерін, «Айыртау-Нығмет» сүт тауарлы фермасын құру, «Жараспаев» шаруа қожалығында 3 мың ірі қараға арналған бордақылау алаңын және «Айыпханов» шаруа қожалығында 200 ірі қараға арналған бордақылау және мал сою алаңдарын салу жобалары жүзеге асырылуда.
Әттеген-айы, бұл – аудандағы 15 селолық округтің 3 округінен ғана ұсынылған жобалар. Қалған 12 округте – Борсенгір, Егінді, Аманкелді, Мибұлақ, Қаракеңгір, Теріссаққан, Шеңбер, Алғабас, Жезді, Қарсақпай, Байқоңыр, Қоскөл ауылдарында инвестиция тарту жұмыстары тоқтап тұр.
Жетістіктер мен кемшіліктер ашық айтылған семинар-кеңес­тер барысында жұмыс тобының мүшелері агроөнеркәсіп ке­шен­ін субсидиялау және «Қаз­Агро» АҚ арқылы несие алу механизмдерін түсіндірді. Облыс әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалинов  жауапты мекемелер басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Ырзығын жерден айырып отырған бұқараны самарқаулық танытпай, белсенді еңбек етуге шақырды. Мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, шаруа­шылықты жандандыру жө­нінде айтты.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 107
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px