Онлайн – оңтайлы жүйе - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Биыл «Құқықтық актілер туралы» Заң қабылданды. Заңда құқықтық актілер екі топқа бөлініп қарастырылады: нормативтік-құқықтық және нормативтік емес құқықтық актілер. Осыған орай, Қарағанды облысы әділет департаментінің басшысы Мұрат ӘБІЛОВПЕН сұхбаттасудың реті келген еді.

– Мұрат Смағұлұлы, нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу жөнінде айтсаңыз.

– Бұл – әділет органдарының мем­лекеттік тіркеу саласындағы жүзеге асыратын функциялардың бірі, нақты айтқанда, аумақтық әділет органдары мәслихаттар, әкімдіктер және әкімдердің нормативтік-құқықтық ак­тілерін мемлекеттік тіркеуін жүзеге асырады және Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу тізілімінің жүрзілуін қамтамасыз етеді.

Осы жылдың бірінші жартыжылында мемлекеттік тіркеуге 315 нормативтік-құқықтық акт келіп түсті, оның ішінен 237-сі тіркелді, қолданыстағы заңнамаға қайшы келген тұстардың орын алуына байланысты алтауына қатысты тіркеуден бас тарту туралы қорытынды шығарылды, әзірлеуші органдарының 51 нормативтік-құқықтық актіні пысықтау қажеттілігіне байланысты кері қайтарды.

Әділет департаменті тіркелген нор­ма­­тивтік-құқықтық актілерінің бар­лығына камералдық бақылау жүргізіп отырады. Биыл камералдық бақылау барысында 180 нормативтік-құқықтық актінің талапқа сәйкес келтіруді қажет ететіні анықталды, мемлекеттік органдарға 16 ақпараттық хат жолданып, 7 заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілді. Енгізілген хаттар мен ұсыныстарды қарау нәтижесінде, 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 135 нормативтік-құқықтық акт қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтірілген.

Лауазымды тұлғалардың заңсыз нормативтік-құқықтық актілерді қолдану фактілерін анықтау және алдын алу мақсатында тексеру іс-шаралары жүргізіліп отырылады. Биыл осындай екі факт анықталды және лауазымды тұлғалар 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге байланысты қолданыстағы заңнамаға қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені туралы, оның ішінде «Doing Bussines» Дүниежүзілік Банкінің рейтінгісінде және Дүниежүзілік экономикалық форумның ғаламдық бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштеріндегі «Меншікті тіркеу» индикаторы бойынша Қазақстанның орнын нығайту бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Елбасының мемлекетіміздің «Doing Bussines» Дүниежүзілік Банкінің рейтін­гісіндегі алғашқы 30 елдің қатарына кіру бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Үкіметі осыған тиісті заңнаманы жетілдіру арқылы еліміздің бизнесті жүргізу ахуалын жақсарту іс-шараларын белсенді қолға алуда.

Мұндай нәтижеге жүргізілген мақ­сатты жұмыстың арқасында, оның ішінде, тіркеу рәсімдерін жеңілдету, әкімшілік кедергілерді төмендету, мемлекеттік қызмет көрсетуде бизнес-процестерін оңтайландыру, қолда­ныстағы заңнамалық актілерге қажетті өзгертулерді енгізу арқылы қол жеткізу мүмкін болды.

Соңғы екі жыл ішінде Қазақстан Республикасында «Меншікті тіркеу» инди­каторы бойынша ұстанымызды жақ­сарту бойынша қабылданған іс-шараларға қысқаша тоқталғым келеді. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылжымайтын мүлікке осындай құқықтар бір жұмыс күнінің ішінде тек электронды форматта тіркеледі, яғни, азаматтарға бір жерде (нотариуста) және қысқа мерзімде мүлікке құқықтарды тіркеу мүмкіндігі ұсынылады. Азаматтардың ыңғайына қарай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және «электронды үкімет» веб-порталы арқылы 15 минут ішінде тегін ақпараттық қызметтің 5 түрі жүзеге асырылады. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу барысында жылжымайтын мүлік нысанына техникалық төлқұжатты ұсыну талаптары алынып тасталды. Мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын қажетті тізілімнен «басқа құжаттар» тізімі алынып тасталды. Банктер арасындағы активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру операцияларын өткізу барысында жылжымайтын мүлік кепілдігін тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Жылжымайтын мүлікке құқық белгілеуші құжаттың телнұсқасын беруде жарамсыз деп тану және жоғалту кезіндегі құжаттар тізімінен газет алынып тасталды, сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету толығымен автоматтандырылды. Мемлекеттік қыз­мет көрсету мерзімдері 5 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Қарағанды облысы әділет депар­таменті «Меншікті тіркеу» индикаторы бойынша Қазақстан өңірлеріндегі «Doing Bussines» субұлттық рейтингісін» зерттеу бойынша Дүниежүзілік Банк сарапшыларымен, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ, Қарағанды облысының кәсіпкерлер басқармасы, Қарағанды қаласы жер қатынастары бөлімі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өкілдерімен кездесу өткізді.

Сапар барысында Дүниежүзілік Банк сарапшыларына толық ақпарат ұсынылып, «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік мәліметтер базасы арқылы өтініш беруден бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы арқылы дайын құжаттарды беруге дейінгі жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауырт­па­лықтарын) тіркеу рәсімі көрсетілді, сон­дай-ақ «Жылжымайтын мүлік тіркелі­мі» мемлекеттік деректер базасы және Бірыңғай нотариалдық-ақпараттық жү­йесі арқылы жылжымайтын мүлікке құқық­тардың электрондық тіркелу үдер­ісінің жүзеге асырылуы тәжірибе жүзін­де көрсетілді.

– Заңды тұлғаларды тіркеу саласында әкімшілік кедергілерді болдырмауға бағытталған қандай өзгертулер қабылданды?

– 2013 жылдың басынан заңды тұлғаны тіркеу рәсімі шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін, тек, хабарлама сипатына көшкендіктен, рұқсат сипатынан айырылды.

Қазіргі уақытта тіркеу «электронды үкімет» веб-порталында автоматты түрде бір сағат ішінде жүзеге асырылуын заңды тұлғаның тіркелуі туралы электронды анықтамасы растайды.

Тіркеу барысында ұсынылатын тізімнен жарғы, заңды тұлғаның орналасқан жері туралы құжат, заңды тұлға-құрылтайшының салық борышының жоқ екені туралы анықтамасы алынып тасталды.

Заңды тұлғаны тіркеу куәлігі жойылды, оны мүдделі субъекті үшін «электронды үкімет» веб-порталында қол жетімді электронды анықтама алмастырды.

Азаматтық заңнамаға енгізілген өзгертулер коммерциялық ұйымды құруды жеңілдетуге елеулі септігін тигізді.

Мәселен, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылған заңды тұлғаны тіркеу үшін төлем жойылды. Жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін «электронды үкімет» веб-порталында электронды тіркеу мерзімі 1 сағатқа дейін қысқартылды.

Жекеше компаниялар үшін мөрдің болуы және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін тіркеу кезінде жарғы капиталын қалыптастыру талабы жойылды.

– Қоғам сот органдары шығарған актілердің орындалуына әртүрлі баға береді. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сот орындаушылардың мемлекеттік қызметін қысқарту туралы және мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жеке сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыруына негіз болды.

Ұлт Жоспарының 27-қадамына сәйкес, көшіру, қоныстандыру, жер телімдерін алу және мемлекет мүддесіне жасалатын істердің басқа санаттары, 1000 АЕК-тен артық соманы мемлекет пайдасына төлету туралы атқару құжаттарынан басқа сот актілерін орындау жеке сот орындаушылардың қарауына берілген.

Қарағанды облысы жеке сот орындаушылардың саны бойынша республикада үшінші орынға ие және 121 адамды құрайды, бұл ретте олар Нұра ауданынан басқа аудандардың бәрінде бар. Бүгінгі күнде жеке сот орындаушылардың қызметімен халықты жүз пайыз қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс жүргізілуде.

Сонымен бірге, Ұлт Жоспарында мемлекеттік сот орындаушыларды кезең-кезеңмен қысқарту көзделген, ағымдағы жылдың аяғына дейін біздің облыс бойынша мемлекеттік сот орындаушылардың 50 лауазымы қысқартылатын болады.

Қажетті жедел ақпаратты алу бойынша керітартпалық жұмысты жеңілдету үшін автоматтандырылған мәліметтер базасы белсенді енгізілуін атап өту қажет. Солардың бірі – сот органында құжаттардың тіркелген уақытынан бастап орындалуға жолдау және толық аяқталуына дейінгі қозғалысын есепке алу және бақылау мақсатында әзірленген «Төрелік» сот құжаттарының базасы. Оның өзгешелігі – жүйеге тіркеу барысында сот арыздарының (шағымдарының) қарау мерзімдерін сақтауды ғана емес, сондай-ақ, жалпы іс жүргізу мерзімдерін сақтауды автоматтандырылған есепке алуды және бақылауды жүргізуге септігін тигізеді.

«Төрелік» бірден үш мәселені шешуге көмектеседі: судьялардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға, сот қорғауына қол жетімділікті оңайлатады және жеңілдетеді, бақылау үшін жаңа мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.

Егер, атқарылған жұмыс жайлы айтатын болсам, 2016 жылдың 6 айында Қарағанды облысы әділет департаментінің аумақтық бөлімдерінде 61 973 атқару құжаттары орындауда болды.

Келіп түскен атқару құжаттарының жалпы санының 31 443-і өндіріспен аяқталды.

Бұл ретте, әлеуметтік маңызды санаттағы сот актілерін орындауға ерекше көңіл бөлінеді. Алименттерді, жалақы төлеу, мемлекет кірісіне қарыздарды өтеу мәселелері тұрақты бақылауда және департаменттің барлық мәжілістерінде қаралып отырады.

Ұзақ уақыт бойы төленбеген алименттер бойынша проблемалық атқару өндіріс саны 446-дан 185-ке дейін төмендеді.

Заңды күшіне енген үкімді, сот шешімін немесе басқа сот актісін не атқару құжатын алты айдан аса орындамағаны бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін қылмыстық қудалау органдарына 156 материал жолданды.

Одан басқа, 2016 жылдың 6 айында әкімшілік құқық бұзушылық туралы 457 хаттама толтырылып және әкімшілік жауапкершілікке 362 тұлға тартылды, оның ішінде, 256 тұлға айыппұлға, әкімшілік қамауға 106 борышкер тартылды.

Сот актілерін ықпалды орындауды қамтамасыз ету шараларының бірі – «БҮТКІТ» БАЖ-ы бойынша уақытша шектеу қою. Биылдың бірінші жартыжылында департамент борышкерлердің шетелге шығуына тыйым салу бойынша белсенді жұмыс атқарды, осылайша, «БҮРКІТ» БАЖ-ның ықпалымен Қарағанды облысында 2794 тыйым салу карточкасы қойылды.

Сот актілерін орындауды қамтамсыз ету мақсатында 2016 жылдың 6 айында борышкерлердің тыйым салынған мүліктің 210 атауы сатуға қойылды (2015 жылы – 60).

Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты интернет-ресурсының «Сот кабинеті» электронды ақпараттық сервисі жөнінде айтқан орынды болар.

«Сот кабинеті» сервисі арыздарды, өтініштерді, шағымдарды және өтінімхаттарды беру, сондай-ақ сот органдарына хаттарды жолдау үшін арналған.

Атқарушылық іс жүргізу ор­гандарының автоматтандырылған ақ­параттық жүйесі (АІЖО ААЖ) жұмысты ұйымдастыруды және тәртібін түбегейлі өзгертуге бейімделген. Ол көптеген рәсімдерді автоматтандырады, оларды орындау уақытын қысқартады және де қызметкерлердің жүктемесін азайтады.

Азаматтардың ақпаратқа қол жеткізуі мақсатында Министрліктің интернет-ресурсында Борышкерлердің республикалық тізілімі жарияланған. Ол арқылы атқару өндірісі бойынша мәліметтерді алуға және Қазақстан Республикасынан шетелге шығуға уақытша шектеу қойылған тұлғалардың тізімімен танысуға болады.

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнама тұрақты түрде жетілдіруде.

Әділет министрлігі әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске түзетулер жобасын әзірледі, судьяларға, органдарға жеңілдететін мән-жайлар анықталған жағдайда, тек, азаматтар емес, сонымен бірге, заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік айыппұл мөлшерін жалпы сомадан 30%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік беретін ӘҚБтК-не өзгерістерді енгізуді ұсынады. Сондай-ақ, ӘҚБтК-нің өзгерістері жекелеген құрамдар бойынша әкімшілік айыппұл мөлшерін төмендетуді және оларды ізгілендіру пайдасына қайта қарауды көздейді.

Әділет министрлігі меншік құқығын қорғау, даулы мәселелерді шешу және әкімшілік реттеуді даулау бойынша заң жобаларын әзірлеуде.

– Рахмет.

Сұхбаттасқан

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2487
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px