Орындалған арман - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Қарқаралы ауданында 1926 жылдың 9 мамыры күні өмірге шыр етіп бір сәби келді. Ата-әжесі, әке-шешесі қатты қуанып, шама-шарқынша қызықтады. Бірақ, ол баланың алдында қандай балалық шақ күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана мәлім еді. Сәби алты жасқа келгенде, 1932 ашаршылық жылының жазында, әке-шешесімен бірге «Қоянды жәрмеңкесіне» бара жатқан кезде Қарқаралы тауында қарақшыларға кездеседі. Әкесі екеуі қашып шығып, жәрмеңкеге жетеді.

Қоянды жәрмеңкесі ығы-жығы. Аш-жалаңаш адамдар да, сауда-саттық жасап тұрған адамдар да өте көп. Баласының қарны ашты-ау деп, піскен самсаны алып берген әкесі ішіндегі етін ұнатпай: «Жеме. Мынаны аузыңа алма!» дегенше, баласын қауым жұрттың ішінен адастырып алады. Сөйтіп жүргенде кеш батады. Әкесі баласын іздеп таппай шарқ ұрып, басқа жаққа кетеді. Алты жасар бала шырылдап, қарны ашып, «Қоянды» жәрмеңкесінің бір бұрышында қалады. Оны іздеп тапқан милиция қызметкерлері аты-жөнін толық білмеген жас балаға өздері Мухамедьяр Умирбекулы Жунусов деген есім беріп, балалар үйіне өткізеді. Өмірінің былай боларын түсінбеген бала қалған өмірін балалар үйінде өткізеді. Бұл менің әкемнің ешкімге айтылмаған мұңы болатын.

«Бір тілім нанға» зәру болып, біреуден ілгері, біреуден кейін, қалай өскенін де білмей ер жетеді. «Тірі адам тіршілігін жасайды» демекші, бір тілім нанды бір күнге талшық етуші едім» деуші еді әкем. Одан 1941 жылы сұрапыл соғыс басталды. 1945 жылы неміс фашистерін ойсырата жеңіп, халық жеңістерін тойлап жатқанда, әкемді небары он тоғыз жасында бұзылған жерлерді қалпына келтіруге жібереді. 

Сол кеткеннен елге 1953 жылы туған жерінің Қазақстан, Қарқаралы екенін біліп келеді. Туған жерінен тұрған үйін, хабар-ошарсыз кеткен ата-анасын іздеді, бірақ, таба алмайды. Ол кезде әкем көбіне орыс тілінде сөйлепті. Ауылда машина жүргізуші жалғыз әкем ғана болатын. Әкем ауылға келгенде анамның ағасы Қажытай марқұмның үйінде тұрып жұмыс істейді. Анам бір ауыз орысша, әкем бір ауыз қазақша білмесе де Гүлназкен апа шешемнің басына ақ жаулық жауып, екеуіне баталарын беріп, үй қып жіберген. Сол жас отау ауылымыздағы ордалы отбасына айналды. 

Әкем еңбекқор, кішіпейіл, бауырмал жан еді. Бес жастағы бала жұмсаса, жүгіріп кететін аңғал еді. Ауылдың қандай жұмысына болсын еңбегі сіңді. Оған көз көрген, қатарлас болған ауыл азаматтары куә. Жалғыз басты жігіт болса да 1972 жылы үй салғысы келетінін айтады. Шешем әзілдеп: «Сен, үй салсаң, мұрнымды кесіп берейін» дегенде, әкем күлдіріп: «Ертең мен үй салып, сен мұрынсыз қалып қойма» деген екен.

Айтқанынан қайтпайтын қайсарлығы бар еді. Сол жылы таудың етегінен жер алып, өзі рейсте жүретін әкем таңертең кетіп, кешке келіп, совхоздың жұмысымен қатар, үйдің фундаментін көтереді. Бір күні шешем әкем жоқта көріп келейін деп, тау етегінде салынып жатқан үйге бет бұрды. Барса, сырты дағарадай үлкен, іші құрқылтайдың ұясындай,  шпалмен бөлінген бөлмелер екен. Себебі, әкеміз орысша өскен, әр баласына жеке-жеке бөлме жасаған екен. Ал, анамызға ол ұнамайды, себебі, қазақ халқының қонақжай екенін, балаларының өсіп-өніп, құда-жекжатты болатынын шала орысшасымен жұмыскерлерге  түсіндіреді. Сонда жұмыскерлер «А, нам дядя Миша так сказал» деп айтады екен. Әкем рейстен келгенде, үйдің жобасы өзгеріп кеткенін көріп, анама «Өзің прораб болуға лайық екенсің» дегені есімде. Сөйтіп, 1973 жылдың жазында қоныстанып, балалық шағымызды сол үйде өткіздік.

1982 жылдың жазы отбасымыз үшін қайғылы болды. «Су – тілсіз жау» демекші, үлкен ағам Болат Павлодар облысында оқуда жүрген жерінде суға кетіп, қайтыс болды. Әкем ол қайғыны көтере алмай, қатты ауырып, 1984 жылдың қаңтар айында дүниеден өтті. 

Әкемнің үлкен арманы бар еді. Ол «Бір жигули алып, сары кемпірімді қасыма отырғызып, балаларымның отау құрғанын көріп, қыдырсам» деуші еді. Әкемнің ізгі арманын әнші қыздарыңыз Мақпал орындады. Мақпалдың жолдасы (Заманбек Қалабайұлы) Бекзат бауырымның тойына машина сыйға тартқан еді. Жапырағы жайылған бәйтеректей әкемізден тараған 6 қыз, 2 ұл қазір бір-бір отау иесі болып отырмыз. Үлкеніміз Елемес қызы Арманаймен, халықтың ерке қызы Мақпал қызы Мереймен, әкеміздің мойнында өскен ерке Марал қызы Фаризамен Алматыда тұрады. Ал, Бағдат бауырым, келінім Гүлбақыт балалары – Райымбек, Айару, Ақерке және сіңілім Анар, куйеубалам Нұржан, қыздары – Айдана, Жаниясы – жаңа қала Астана қаласының тұрғындары.

Анамыз қара шаңырақ иесі, бауырым Бекзат, келінім Әлия, балалары Айшабибі, Зере, Бексұлтан, Бекайдармен Қарағанды қаласында тұрады. Әкем айтушы еді: «Әжемнің аты Айша» деп. Сол қолындағы тұңғыш немересінің атына Айшабибі есімін берді. Кенже сіңілім Арай, жолдасы Асхат ұлы Архатпен Қарағанды қаласында тұрады. Ал, өз отбасыма келсем, жолдасым Серік, қыздарым Дария,  Назерке, Ділдә, Айгерім, жиенім Айтолқынмен осы кеншілер қаласында тұрамыз.

Әкем тірі болса, биыл 9 мамыр күні 90 жасқа толушы еді. Небары 58 жыл ғана өмір сүрген жан бізге жақсы әке бола білді. Елге «дядя Миша» деген атпен есте қалды. Әкем кеткенде, анам небары 48 жаста еді, балаларының ешқайсысы аяқтанбаған. Үлкеніміз Елемес жиырма бес жаста болса, кенже Арай алты жаста ғана еді. Өмірдегі ауыртпашылық анамыз Үмітке түсті.  Бізді ешкімнен кем қылмай оқытып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. «Артында бар оңалар» демекші, әкеміз ауылға келген Сәкен Сейфуллин драма театры әртістерінің айтуымен, кішкентай кезінен анамыздан жасырып, қалаға оқуға сүйреп жүрген кішкентай Мақпал қазір халқымыздың ерке қызы Мақпал Мухамедьярқызы Жүнісова болып елге танымал болып жүр. Әке орнына қамқор болып, әрқайсысымызға қолұшын беріп отырады. Ерке қыздарыңыздың да өнерде жүргеніне 35 жыл болды. Әкеміздің аруағы риза болсын деп осы естелікті жаздым.  Анамыз Үміт биыл қараша айында 80 жасқа толады. Анамызға Алла ұзақ ғұмыр берсін! Әлі де немерелерінің қызықтарын көріп, шөбере сүюге нәсіп етсін. Әкеміздің көрмеген қызықшылығын анамыз көріп, армандары орындала берсін демекпін. Әкемізге Алладан рахмет, пайғамбардан шапағат болсын. Алла қияметтің жақсылығын берсін!

Құралай МУХАМЕДЬЯРҚЫЗЫ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 158
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px