Құптарлық іс болар еді - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Құптарлық іс болар еді
Кезінде аудан орталығына жақын Аппаз ауылындағы Жаңаарқа негізгі мектебінің педагогикалық ұжымы мен сол алтын ұядан түлеп ұшқан түлектерінің жоғарғы ұйымдарға орынды талап қоюларының арқасында мектептің қас бетіне өздерінің алғашқы басшысы, директоры Амантай ОСПАНОВҚА арнап ескерткіш тақта орнатылған еді. Мұны тұрғындар да, аудандық білім беру басқармасындағылар да мақұлдаған болатын. Содан бері де он жылға жуықтап қалыпты.

Кеше көзін көрген әріптестері, алдынан тағылым алған түлектері жылдар жылжып өткенімен, оның жарқын бейнесін, ұлағатты істерін ұмытпақ емес.
1964 жылы қазіргі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетін бітіргеннен бастап бар ғұмырын өскелең ұрпаққа білім беру ісіне арнады. Сол жолда тыным көрмеді. Шалғайдағы Ақтау кеңшарына қарасты Айшырақ негізгі, Ақтау орта мектептерінде жастық жігермен, ұлағатты ұстаздық қабілетімен ерекшелене білді. 1969-1970 жылдары Қаражал қаласында да мұғалімге жүктелген абыройлы міндеттің үрдісінен шыға білді.
Амантай Оспанұлы қаланы төңіректеп, «жылы орын» іздеген жоқ.  Аудандық білім беру бөлімі қай тарапқа жіберсе де бас тартпады. Қарағаш аулындағы Ынталы орта мектебінде директор болған жылдарында да ұжымның «бір жеңнен қол шығарып», жұмыла еңбек етуіне мұрындық бола білді. Аудандағы бірегей білім ошағы – қазіргі О.Жұмабеков атындағы орта мектепте ұстаздық еткен жылдарында да талап биігінен көрінгені сөзсіз.
Ал, Аппаз аулындағы бастауыш сыныптары ғана бар мектептің негізгі білім ордасы деңгейіне көтерілуіне ұйытқы болып, білгір ұстаздар тартып, материалдық-техникалық базасын жабдықтаудың ауыртпашылығы мен жауапкершілігін мойнына алғаны айтарға ғана жеңіл. Бұл жолда да сенімнен шыға білді.
Амантай қай ортада еңбек етпесін адамдармен тіл табыса білді. Білім беруді ғылыми жетістіктер негізіне сүйене отырып жүйелі жүргізді. Ұстаздық еткен 30 жылдан астам уақытының соңғы жиырма жылға жуығын Жаңаарқа негізгі мектебінің тыныс-тіршілігімен байланыстырды. Зеректігімен, терең білім-білігімен көзге түсті. Мектеп ғимаратының қас бетінде ескерткіш тақтаның күні бүгінге дейін тұруы – осының айғағы. Ал, кезіндегі Жезқазған облыстық партия комитеті, білім басқармасы тарапынан алған құрмет грамоталары, дипломдары мен «Еңбек ардагері» медалін қоссақ, марапаттары аз емес.
Егемен ел болып, еңсеміз көтеріліп, бүгіндері Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға игі бетбұрыс жасалуда. Соның бір айғағындай ол басқарған мектептің жаңа ғимараты бой көтеруде. Ендігі кезде ұлағатты ұстаз, әріптестерінің білгір тәлімгері атанған Амантай Оспановтың есімін осы мектепке беру орынды деп білеміз. Оны бұрын еткерткіш тақта орнатуға ұйытқы болған мектеп ұжымы да, түлектері де бірауыздан мақұлдайтындарына шүбә жоқ.
Ұзақбай МҰҚЫШҰЛЫ,
еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жаңаарқа ауданының Құрметті
азаматы.  

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 281
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px