ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талант МЕДЕТ: «Мемлекеттік қ - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

«...Біз барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кірістік.

Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды».

ҚР Президенті

Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ

«Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол»

атты мақаласынан.

Талант Бақбергенұлы, «Қазақ-стан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңға сәйкес, үшсатылы іріктеу жүйесі енгізілді. Яғни, талап күшейді. Мұнымен азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігі «қолжетпеске» айналып, жағдай күрделеніп кетпей ме?

Жоқ, мемлекеттік қызметке орналасу кезінде ешқандай қиындықтар болмайды. Мемлекеттік қызметке орналасу бұрынғыдай конкурс негізінде жүзеге асырылады. Конкурстың екі түрі бар: азаматтар арасындағы жалпы конкурс және мемлекеттік қызметшілер арасындағы ішкі конкурс.

Жалпы, конкурс барысында үміткерлер бұрынғыдай тест тапсырып, конкурс жариялаған мемлекеттік органда салалық білімі бойынша әңгімелесуден өтеді. Сәтті тапсырылған тестілеу мен конкурс жариялаған мемлекеттік органдағы әңгімелесу арасында бір ғана кезең қосылып отыр. Ол – үміткердің жеке тұлғалық қасиеттері мен мемлекеттік қызметке адалдығын бағалауға арналған сынақ. Бұл сынақты үміткерлер заңнамалық білім деңгейін бағалайтын тестілеуден кейін тапсырады.

Үшсатылы іріктеу жүйесінің құрылымы – осы.

Конкурс барысында үміткерден қандай құжаттар талап етіледі? Сондай-ақ, ішкі конкурс талаптарына тоқтала кетсеңіз...

Конкурс кезінде үміткерлерден әдеттегідей өтініш, анкета, білімі туралы құжат, еңбек кітапшасының, жеке куәлігінің көшірмелері, денсаулығы туралы анықтама, тестілеу қорытындысы туралы сертификат және әлгінде ғана айтып өткен жеке тұлғалық қасиеттері мен мемлекеттік қызмет қағидаларына адалдығы бағаланатын сынақтың қорытындысы туралы анықтама талап етіледі. Яғни, барлығы 8 құжат тапсырылады. Осы орайда, тоқтала кететін тағы бір жайт – бұрын үміткерлерден білімі туралы құжат пен еңбек кітапшасының нотариалдық куәландырылған көшірмелері талап етілетін. Оның барлығы – қалтаға шығын. Ал, қазір аталған құжаттардың тек ксерокөшірмесін тапсырса – жеткілікті. Тек қана бұл құжаттардың түпнұсқасын көшірмемен салыстыру үшін ғана әкелулері қажет.

Жаңа заң талаптарына сәйкес, ішкі конкурс азаматтардың мансаптық өсуін қаматамасыз ету үшін өткізіледі. Құрылымы – қарапайым. Мәселен, ішкі конкурс бос жұмыс орны бар мемлекеттік органның, оның ведомстваларының қызметшілері арасында өтеді. Лайықты үміткерлер болмаған жағдайда ғана ішкі конкурс барлық мемлекеттік органдардың қызметшілері арасында өткізіледі. Бұл жерде айта кететін бір жаңалық – ішкі конкурсқа қатысушы үміткерге тест тапсырудың қажеті жоқ. Олар тек қана өтініш және персоналды басқару қызметі куәландырған қызметтік тізімін тапсырады.

Ал, жалпы конкурс арқылы жұмысқа орналасқан барлық мемлекеттік қызметшіге қойылатын міндетті талаптардың бірі – оларға 3 айлық және одан әрі 3 айға ұзартылу мүмкіндігі бар сынақ кезеңінің болуы. Сондай-ақ, оларға қзыметтік көмек көрсету үшін тәжірибелі мамандар сапынан тәлімгерлер бекітіледі.

Егер, бұрын мемлекеттік қызметте болған, бірақ, араға уақыт салып мемлекеттік қызметке қайта орналасуға ниетті азаматтар ішкі конкурсқа қатыса ала ма?

Иә, қатыса алады. Бірақ, бұл жерде аздаған шектеулер бар. Мәселен, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, бұл азамат жұмыстан шыққан соң 30 күнтізбелік күн ішінде басқа жеке немесе заңды тұлғалармен еңбек қатынасына түспеген, мемлекет шекарасынан тысқары шықпаған жағдайда ғана ішкі конкурс арқылы «Б» корпусының бос лауазымдық орнына жұмысқа орналаса алады.

Мемлекеттік қызметшілердің ротациялау жолымен ішінара ауыс-түйісіне шектеу жасала ма?

Бұл мүмкіндік «Б» корпусындағы бос лауазымдарға ауысу тәртібінде қарастырылған. Алайда, барлық мемлекеттік қызметшілер үшін емес. Мысалы, әкімшілік-мемлекеттік лауазымдарға орналасу жергілікті өкілдік органдары арқылы тағайындау немесе сайлау арқылы жүзеге асырылады. Бұл норма ауылдық округтер мен кент әкімдеріне қатысты.

Ал, ротациялау тәртібімен тағайындау мемлекеттік қызметтің шектеулі санаттарына ғана рұқсат етіліп отыр. Облыс аумағын алатын болсақ, ротациялау тәртібі С-О-1 және Д-О-1 санаттарына ғана қолданылады.

Сонымен қатар, «Б» корпусының кадрлық резерві институтының жойылғандығын атап өткенді жөн санап отырмын. Осы жылдан бастап мемлекеттік органдардағы конкурстық комиссиялар үміткерлерді «Б» корпусының кадрлық резервіне тіркеу туралы шешімдерді қабылдай алмайды.

Сонда, былтырғы жылы кадрлық резервке тіркелген үміткерлер биыл резервтен шығарыла ма?

Жоқ, шығарылмайды. Жаңа заң күшіне енгенге дейінгі мерзімде кадрлық резервке тіркелген үміткерлер бір жылдық мерзім ішінде «Б» корпусының лауазымдарына жұмысқа орналаса алады. Мысалы, 2015 жылдың 20 желтоқсанында резервке тіркелген үміткер осы жылдың 20 желтоқсанына дейін бос лауазымға конкурссыз орналаса алады.

Тағы бір айта кететін мәселе – заңнамалық білім деңгейі бойынша тестілеу сертификаттарының бір жылға жарамдылығы. Мұндай сертификаты бар үміткерлерге Министрлікте немесе оның аумақтық құрылымдарында жеке тұлғалық қасиеттері мен мемлекеттік қызмет қағидаттарына адалдығы бағаланатын тестілеуден өту ғана қажет.

Тестілеу демекші, тестілеу бағдарламасы бойынша үміткерлердің заңнамалық білімін бағалауда тиісті балл жиынтығының талап етілетін деңгейі төмендетілді ме? Жалпы, тест тапсыру барысындағы үміткерлердің заңнамалық білім деңгейі көңіл көншіте ме?

ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі тестілеуді ұйымдастыру бойынша жаңа Ереже бекітті. Осы Ережеге сәйкес, тестілеу бойынша заңдар санында өзгеріс жоқ. Ал, талап етілетін балл жиынтығында өзгерістер орын алып отыр.

Мемлекеттік қызмет формалары санаттарына байланысты жіктелетіні белгілі. Соның бірінші бағдарламасы бойынша үміткер 9 заңнан (ҚР Конституциясы, «ҚР Президенті туралы», «ҚР Үкіметі туралы», Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы», Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Нормативтік-құқықтық актілер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы», «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы») сынақ тапсырады. Осындағы дұрыс жауаптар саны барлық сұрақтың (135 сұрақ) 95-ін қамтуы және әрбір нормативтік- құқықтық актілер бойынша 5-тен кем емес болуы тиіс. Тапсырманы орындауға берілетін уақыт – 110 минут.

Екінші бағдарлама бойынша 8 заңнан (ҚР Конституциясы, «ҚР Президенті туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы», Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы», «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы») сынақ тапсыратын болса, талап етілетін дұрыс жауаптар барлық сұрақтардың (120 сұрақ) 72-ден кем емес мөлшерін қамтуы және әрбір нормативтік-құқықтық актілер бойынша 5-тен кем емес болуы шарт. Берілетін уақыт – 100 минут.

Үшінші бағдарлама 6 заңнан (ҚР Конституциясы, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы», «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы») тұрады. Дұрыс жауап шегі барлық сұрақтың (90 сұрақ) 45-ін және әрбір нормативтік-құқықтық актілер бойынша 5-тен кем емес межесінде орындалуы тиіс. Сондай-ақ, үшінші бағдарламаның тапсырмасы 80 минутта орындалуы шарт.

Ал, екінші сұрағыңызға келетін болсақ, шындығын айту керек, үміткерлердің заңнамалық білім деңгейі ауыз толтырып айтарлықтай емес. Мәселен, өткен жылы тестілеуге 4757 үміткер қатысқан болса, соның 1519-ы ғана (32%) талап етілетін білім деңгейін сәтті еңсерген.

Айтқандай-ақ, жаңа заң талабына сәйкес, үміткерлерге берілетін тағы бір мүмкіндік бар. Егер, үміткер заңнамалық білімі бойынша тестілеуден өтпей қалса, онда ол қайта тестілеуге 2 айдан кейін жіберіледі. Бұрын бұл мерзім 3 ай болатын.

Үміткерлердің қайта тестілеу мерзімін күтпей, тестілеу нәтижелеріне шағымдану мүмкіндігі бар ма?

Әрине, бар. Департаментте үміткерлердің тестілеу нәтижелері бойынша шағымдарын қарайтын апелляциялық комиссия жұмыс істейді. Апелляциялық комиссия отырысында тестілеудің межелі деңгейіне 1 немесе 2 балы жетпей қалған үміткерлердің ғана шағымы қаралады. Мысалы, үміткер сынаққа екінші бағдарлама бойынша қатысып, қажетті 72 балдың орнына 70 балл ғана алды делік. Міне, осындай жағдайда ғана үміткерлер апелляциялық шағым беруге құқылы. Шағымды үміткердің өзі тестілеу өткен күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде апелляциялық комиссия төрағасының атына жазуы қажет.

Егер, комиссия шағымды қанағаттандырған жағдайда, үміткер 2 айлық мерзімді күтпей, қайта тестілеуге жіберіледі.

Талант Бақбергенұлы, бұрын мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау қорытындысы бойынша аттестаттауды үш жылда бір өткізу тәртібі болатын. Жаңа заң бойынша бұл мерзім өзгерді ме?

Енді мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау ел Президентінің шешімімен өткізіледі. Яғни, «бағалау қорытындысы бойынша аттестаттау» деген ұғым болмайды. Бұл сынақты өткізу тәртібі мен мерзімдері Елбасы шешімімен анықталады.

Жаңа заңда зейнет жасындағы мемлекеттік қызметшілерді қызметтен босату мәселесі қалай белгіленген?

Иә, заңның бұл тармағында өзгерістер бар. Бұрынғы заңда зейнет жасындағы қызметшінің қызмет ету мерзімі қажет болған жағдайда жыл сайын қос тараптың келісімімен бір жылға ұзартылатын болса, жаңа заң бойынша зейнеткермен жасалатын келісім-шарттың мерзімі тек бір жылға ғана ұзартылады.

Мемлекеттік қызметшілер үшін тағы бір маңызды мәселе – олардың еңбекақысы. Шенеуніктерге қызмет нәтижесіне қарай еңбекақы төлеу мәселесін қалай түсіндіресіз?

Елбасымыз «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастар жол» атты мақаласында мемлекеттік қызметшінің құзыреті, қызмет нәтижесі және қызметінің сипаты мен көлемі, атқарылған жұмыс көрсеткіштеріне қарай еңбекақы төлеу шарттары заңнамалық тұрғыда бекітілетінін атап өтті. Соған байланысты, қызметте аса жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметшілерге қосымша бонустар төлемі қарастырылатын болады. Мұндай жүйені 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарлануда.

Сондай-ақ, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 %-ға көтерілді. Мұның барлығы – мемлекеттік қызметшілерді мансапқа емес, мақсатқа ұмтылдыратын маңызды факторлар.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 258
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px