Өрелі істері – өнеге - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Өрелі істері – өнеге
Өмірі өнегеге толы жандардың бірі – бүгінде 86 жасқа келіп отырған тыл ардагері, «Тыңды игергені үшін», Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарының иегері, атамыз Жансейіт ҚАПАРОВ.
Елдіктің нышанына айналған қасиетті мекен – қарт Ұлытау топырағында 1931 жылы дүниеге келген атамыз Жансейіт текті жердің ұрпағы. 1942 жылы әкесі Қапар мен оның інісі Қали ауылдағы азаматтармен бірге соғысқа аттанғанда бар ауыртпашылық өрімдей жас балалар мен әйелдерге, еңкейген қарттарға түсті. Үйде шиеттей бала-шағамен қалған анасы Ханшайымның қасында бас көтерері Жансейіт ата болды. Төрт жасар інісі Қыдырәліге бас-көз бола жүріп, анасына қамқор бола білді. Анасының мойнына түскен ауыр жүкті қоса алып, үйдің тірлігімен қоса, колхоздың жұмысын да атқарып, қос тізгінді қатар алып жүрді. Марқұм Ханшайым әжеміз қажыр-қайратының арқасында таңның атысы, күннің батысы бел жазбай, колхозда аянбай еңбек етті.
Қазақ халқының басына түскен нәубет отызыншы жылдардағы елді жайлаған ашаршылық жылы дүниеге келіп, одан балалық шағы сұрапыл соғысқа тап болған Жансейіт атамыз жастайынан еңбекке етене араласты. Ол өмірді көріп, жанымен сезініп өсті. Соғысқа аттанған азаматтарды жоқтатпай, ересектермен бірге,  тылдағы жұмысты тоқтатпай еңбек атқарған Жансейіт ата сол кезде небары он жаста еді. Жасына қарамастан ол Жездіден ашылған «Қаратас» мекеніне арбаман ауыр тастарды тасып, қара жұмысқа мойымай, ел қатарлы колхозда еңбек етті.
1944 жылы қараша айында майданнан әкесі ауыр жараланып, ауылға келеді де «Үлкенбұлақ» колхозына жұмысқа орналасады. Соғыс жылдары, «Бәрі де майдан үшін!» деп еңбек еткен халықтың тынымсыз еңбегінің арқасында колхоз жақсы көрсеткіштерге ие болды. Қапар атам соғыстан оралғаннан кейін дүниеге Оңқоныс, Айткүл, Айтжан есімді балалары дүниеге келді. Әлі есімде, бала кезімде әжем Ханшайым теледидардан соғыс туралы киноны көргенде: «Мынандай қырғын соғыстан шалым аман-есен оралып, одан кейін мынандай балаларды дүниеге әкелгенімізге  Аллаға мың да бір шүкір!», – деп  отырушы еді.
1950 жылы атам еңбек жолын кен-барлау экспедициясында  жалғастырып,1954 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанады. Әскер қатарында жүріп, шоферлық курстан білім алып, бөлімшеде шофер болып жұмыс істейді. 1955 жылы әскери бөлімшені тың игеруге жіберіп, Атбасарда 1957 жылға дейін тыңды игеруге атсалысады. 1958 жылы әскери борышын ойдағыдай аяқтап елге келгеннен кейін Ұлытау ауданында жүргізуші, есепші, автомеханик жұмыстарын атқарады. 1970 жылы Жезді ауданындағы үлкен автобазаның механигі болып тағайындалады. Мұнда төрт жылдай табысты еңбек етіп, өзінің іскерлігімен көзге түскен оны басшылар  аудандық мұнай базасының директоры қызметіне тағайындайды. Бұл қызметтен 24 жыл табан аудармай, 1998 жылы зейнеткерлікке шығады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Ұлытау ауданының «Еділбай» деген жерінде өзінің шаруа қожалығын ашты. Қазіргі таңда шаруа қожалығын балалары дамытып, әкесінің кәсібін жалғастыруда.
Биыл 86 жасқа келген атамыздың жүріп өткен өмір жолы – қазіргі жастарға үлгі-өнеге болары анық. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толы боласың, елден ерек» деп ұлы Абай айтқандай, осы қасиетті бойына сіңірген, ол өзінің саналы ғұмырын, бойындағы бар күш-жігерін игілікті істерге жұмсай білді.

Раушан ҚАПАРОВА.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 139
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px