Өрлеу өңірлерден басталады - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Аудан орталығы Ақсу-Аюлы кентіндегі жиынға Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Асанов, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Саяш Ахметов, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Саят Мусин және аудандағы селолық округтер әкімдері қатысты.

Ауыл шаруашылығын өрістетуде жергілікті жерлердегі шаруашылықтарға үміт артылып отырғаны аян. Бұл ретте фермерлердің жанында жүрген ауыл әкімдеріне үлкен жауапкершілік жүктелуде. Мал баққан ағайынға қарастырылған мемлекеттік қолдау тетіктерін ауыл әкімдері бүге-шігесіне дейін білуі қажет. Міне, аталған жиында әкімдердің білімін сараптау үшін ауыл басшыларының алдағы жылдарға арналған кәсіби жоспарлары тыңдалды.

Красная Поляна ауылының әкімі Нұрсұлтан Тоқышев мал азығы өндірісін дамыту туралы кәсіби жоспарын таныстырды.

Нұрсұлтан Қияшұлының айтуынша, округ көлемінде 35 шаруа қожалығы бар. Биыл мал азығы дақылдары егістігін кеңейтуге назар аударылыпты. Бұл мақсаттағы жер аумағы 2700 гектардан асқан. Оның ішінде, көктемде 370 гектарға – сұлы мен еркекшөп, 370 гектарға – түйежоңышқа, 900 гектарға – көпжылдық шөп егілген. Сондай-ақ, алдағы қыстың қамымен ауылдағы шаруа қожалықтары шабындыққа шығуға әзірлік үстінде. «Дайындық жұмыстары 80 пайызды еңсеріп қалды», – дейді ауыл әкімі.

Ақшатау ауылдық округінің әкімі Қуандық Омарбаев мал шаруашылығын дамытуға арналған кәсіби жоспарын ортаға салды. Биылғы жылы ақшатаулықтар ауылдағы ірі қара санын 2925-ке жеткізбек. Былтыр 2395 сиыр болыпты. Қой – 8400-ден, жылқы – 1780-нен асыпты.

Өз төлі есебімен қатар, бірқатар шаруашылықтар «Сыбаға» бағдарламасымен табын толтыруда. Ауылдағы қожалықтар асыл тұқымды сиыр сатып алу құжаттарын реттеуге ниет танытуда. «Байдәулет» шаруа қожалығы «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 5 млн. теңгеге қой, ал, «Таласпай» шаруашылығы «Құлан» бағдарламасы шеңберінде 35 жылқы алуға талап қылуда. Сондай-ақ, ауыл әкімі «Сыбаға» бағдарламасы аясында биыл – 28 сиыр, келер жылы – 67 сиыр алуға жоспарланып отырғандығын айтты.

Бұлардан өзге, тағы бірнеше ауыл әкімдерінің кәсіби жоспарларын тыңдаған Шагурашид Қалиұлы осы бағыттағы жұмыстарды пысықтай түсу керектігін айтты.

– Ауыл шаруашылығын көтеру жолында ауыл әкімдерінің ролі зор. Сондықтан, әрбір әкім өзінің ісін жетік меңгеруі тиіс. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау механизмдерін жете білуі шарт. Сіздер шаруа қожалықтары басшыларына түсіндіріп, олардың алға басуына түрткі болуларыңыз керек. Сонда біздің өлкедегі агроөнеркәсіп кешенінен үлкен нәтиже күтуге болады. Сол себепті, мына қолдарыңыздағы кәсіби жоспарларыңызды тағы бір мәрте сараптап шығуда тапсырамын, – деді облыс әкімінің орынбасары. Облыстық басқармалар басшылары ауылдар әкімдеріне ақыл-кеңестерін айтып, субсидия алудың жолдарын және бір рет түсіндіріп өтті.

 

* * *

 

Шет ауданындағы жұмыс сапары шаруа қожалықтарында жалғасты.

Ақсу-Аюлы ауылдық округіне қарасты «Харекет» қожалығы қазақтың ақбас сиырын өсіруді қолға алуда. Қуаныш Хабдуллин басқаратын шаруашылықта 260 ірі қара бар екен. Асыл тұқымды мал шаруашылығы статусын алған. Мемлекет қамқорлығы арқасында мал басын көбейтуді ойластыруда. Қотандағы 400-ден астам қойы мен 100-ге жуық жылқысымен қоса, сиыр түлігінің санын арттырмақ.

Бұдан кейін Шагурашид Қали- ұлы Өспен ауылдық округіне ат басын бұрды. Ауыл әкімі Жарас Аманжолов округ бойынша мал басын асылдандыру жұмыстары екпінмен жүргізіліп отырғандығын айтты. Мәселен, Дәуіт Серіковтің «Жігер» шаруа қожалығына 58 асыл тұқымды сиыр әкелінген. 2 бұқа және сатып алынған. Шаруашылық басшысы келешекте бұл малдың санын еселемек. Тек, жер жетпейді. Қожалық иелігінде 1853 гектар жер телімі бар. Оның 558 гектары – егістік жері болса, 942 гектар – жайылымға арналған.

Айғыржалдағы «Мейрам» шаруа қожалығының басшысы Есет Әбсадықов 2004 жылдан бері мал бағуға бет бұрыпты. Бүгінде 355 сиыры бар. Асыл тұқымды сүтті сиырларды өсіріп отыр. Жыл басында «Ырыс» бағдарламасы шеңберінде 58 млн. теңге несиеге қолы жетіпті. Бұл қаржыға 104 сүтті сиыр мен шаруашылық техникасын, сауын аппараттарын, шөп дайындау құрылғыларын сатып алған. Күнделікті жиналған сүтін «Ауыл сүті» фирмасы қабылдап алады.

2013 жылы ашылған «Ата» шаруашылығы да тынымсыз еңбек етуде. Мал қораларын тұрғызып, шаруашылық нысандарының құрылысын қарқынмен жүргізіп отырған шаруашылықта қырыққа жуық ірі қара бар. Етек жеңін жинап алған соң, мал басын тағы да көбейте түспек.

Әр шаруашылықта болған Шагурашид Қалиұлы қожалық жетекшілерінің алдағы жоспарларымен танысты. Мал тұқымын асылдандырудың маңыздылығын айтып, бұл бағытта қолдау тетіктерін тиімді пайдалану қажеттігін алға тартты.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 380
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px