Сұрақ емес, мәселе! - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Сұрақ емес, мәселе!
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»
«Толғауы тоқсан қызыл тіл» төңірегінде еститін құлақ, ұғатын сана болса аз айтылып жүрген жоқ. Алайда, «ана жолы айттық қой» деп қол қусырып қарап отырудың тағы  да қисыны келмес. Сондықтан, шама келгенше тілге қатысты түйткілдерді қаузай беруге тиіспіз. Мәселен, бүгінге дейін кеңсе қағаздарын жүргізуде орысшаға тәуелділіктен арыла алмай келеміз. Көз алдау үшін қазақшаға аударған боламыз. Онымыз көбінесе жетісіп тұрмайды.
Орыс тіліндегі «по этому вопросу» деген тіркес ежелден «осы мәселе бойынша» болып қалыптасып кеткен еді. Ал, кейінгі уақытта ана тілінде сөйлеуге  бет бұрған жаңа қазақтардың «вопросқа» қатысты мәселелердің барлығын «сұрақтар» деген бір-ақ сөзбен қайырып жүргенін көреміз. Ендігі сорақысы, осы тіркес газет беттерінде де осындай орашолақ күйінде қолданыла бастады. Сессияда да, жиналыста да мәселенің орнына «сұрақтар» деп сұңқылдайтын болдық. «Осы сұрақ бойынша кімде, не сұрақ бар?» деген сыңайда сөйлеу қалыпты жағдайға айналып барады. Біраз газеттер «заместитель директора по социальному вопросу» деген тіркесті «директордың әлеуметтік сұрақтар жөніндегі орынбасары» деп ойланбай жаза береді. Орысшадан төте қотарудың кесірі бәрі.
Жалпы, тілдің дұрыс қолданылуын қалыптастыруға тиіс баспасөздің өзінде мұндай ойқы-шойқы сөздердің жиі кездесетіні тіптен қынжылтады. Кейде: «қызметтен босағанда, босанайын деп едім» деп жазатындарды да көрдік. Жергілікті газеттердің бірі бір дүкенде алуан түрлі тауарлар сатылатынын айта келіп: «еден жамылғылары мен қабыр­ға құрастырмалары да сапалы» деп мақтапты. Еденнің төсеніші болушы еді, жамылғысы не болды екен дейтін жан болмағаны ғой, сірә. «Ескі үйлерді сүретін болды» дейді теледидар хабарын жүргізушілер. Бұқаға сиырды «сүргізуші» еді, сонда бұл қай диалект екенін түсінбедік. Сөз қолданысқа қатысты әттеген-айларды осылайша ұзақ жалғастыра беруге болады. Бірақ, бүгінгі мақсат – ол емес.
Сәкен ағамыз Совнарком болған кезінде «Қазақты – қазақ дейік, қатені түзетейік» деп  мәселе көтерумен қатар, шұбарлана бастаған ана тіліміздің болашағын ойлап, 1923 жылы  22 қарашада болған республика Орталық комитетінің мәжілісінде «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу туралы декрет» қабылдатқанын білеміз. Содан бергі 68 жылды Кеңес өкіметінің сұрқия саясатынан шыға алмаған кезең болды десек те, еркін ел болған кейінгі 25 жылдағы тірлігіміздің түрін кімнен көреміз? Сұрақ емес, нағыз көкейкесті мәселе – осы!
Жезқазған қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 158
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px