Сұрмерген немесе Рейхстагтағы арабша жазу - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Менің атам Төлеутай БЕКБОСЫНОВ – Ұлы Отан соғысындағы қанды қасаптың ортасында болып, қаскөй жаумен жан аямай шайқасқан баһадүрлердің бірі, туған жерінің топырағын басқыншылардың табанына таптатпау үшін басын бәйгеге тіккен майдангер. Майдан даласында ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, бейбіт заманда еңбек көрігін қыздыра білген, елі мен жерін жан-тәнімен сүйген абыройлы азамат.

Ол кісі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданына қа­расты бұрынғы Алабас болысында 1908 жылы дүние есігін ашқан екен. 1941 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, еңбек әскері қатарында Ом­бы теміржолын жөндеуге жіб­ерілген. Ауыр еңбектен қатты қалжырап жүрсе де, Жоғарғы Бас қолбасшының атына хат жазып, майданға сұранады. Соның нәтижесінде араға біршама уақыт салып барып, 1943 жылы Ленинград маңайындағы Волхов майданы, 128-ші гвардиялық дивизия құрамына қабылданады. Алғашқы оқу-жаттығулары кез­інде ол өзінің көздегенін мүлт жібермейтін мергендігімен танылып, қаруластары мен коман­дирлерін айрықша тәнті етеді. Атамның ерекше қабілетін аң­ғарған әрі күмәнсіз мойындаған командирлері оны бір айлық мергендер курсына оқуға жібереді. Аталған курсты үздік бітіріп, мерген куәлігін алып, батальонына қайтып оралады. Содан кейін алғы шепке, ұрыс даласына аттанады.

Майдангердің соғыс кезінде бастан кешкендері мен соғыстан кейінгі мағыналы еңбек жолы туралы жазылып, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар мен суреттемелер баршылық. Өмір деректері кітап­тарға да өзек болған. Солардың ішінде, Қаражал қаласында тұратын жазушы Алсай Төлеухан Ілиясовтың орыс тілінде жазылған «Сарбазы Сарыарки» («Сарыарқа сарбаздары») кітабында төмен­дегідей нақты мәліметтер кел­тіріледі:

«...Бір айдың ішінде ғана 40 фашистті қырып, жояды. Батальон командирі Төлеутайды ең қауіпті тапсырмаларға жіберіп отырған. Снайперлер тәулік бойы немістерді бақылайды да, содан кейін бір тәулік демалып, келесі бақылауға кезекпен шығып отырады екен. Бірде дивизия командирінің ерекше тапсырмасын орындап, немістердің үш пулемет нүктесін жойып, қажетті биіктікті алуға мүмкіндік жасаған. Сол ерлігі үшін жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Жарты жыл ішінде 127 неміс солдаты мен офицерін жер жастандырған Төлеутай «Сұрмерген» атан­ған. 1943 жылдың күзінде жарақаттанып, госпитальда жат­қан. Госпитальдан шыққан соң Волхов майданы, 2-ші екпінді әскер, 57-ші зеңбірек батальоны миномет бөлімшесінің командирі болған. Аға сержант Төлеутай Бекбосынов Ленинградты босатуға қатысқан. Берлин қаласын алу шайқасында 4 танкіні істен шығарғаны үшін 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. 1945 жылы Берлинге жетіп, 9 мамырда Рейхстаг басына шығып: «9 мамыр, 1945 жыл. Төлеутай Бекбосынов. Қазақстан» деген арабша жазба қалдырып кеткен. «Сұрмерген» Төлеутайды әскер басшылары солдаттарға үлгі етіп отырған. Соғыс жылдары, соғыстан кейін де үлкен құрметке жеткен, Ақтай, «Үлкен Қытай» кеніштерінде еңбек екен...».

Иә, менің атам, осылайша, өмірдің алуан түрлі өткелдерінен өтіп, ұзақ та мағыналы ғұмыр кешкен, соңында өнегелі із қалдырған, қашанда есімін қастер тұтуға лайықты адам. Еліміздің Тәуелсіздік алғанын көріп масаттана марқайған, өзінің өткені мен бүгініне шүкіршілік еткен жан. Жазушының жоғарыда айтылған кітабында жазылғандай, жерлестерінің риясыз қошеметі мен құрметіне бөленді. Өзінің ізін басқандарға, әсіресе, мектеп қабырғасындағы жас буынға ықыласы ерекше болды. Олармен жүздесуге жиі барып, содан кейін «Отанға тыныштық, елге амандық бергейсің» деп Жаратушыға жалбарынып, тілек тілеп отырады екен. Қазір артында қалған ұрпағы – біз де «Атамыздың рухы пейіште шалқығай» деген тілек-батаны жиі қайталаймыз. Хақ Тәңір осы тілегімізді қабыл қылғай, лайым!..

 

Сүлеймен ТӨЛЕУТАЙ,

майдангердің немересі.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 170
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px