Сағатпен уақытың да, бақытың да өлшенер - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Әлбетте, жарты миллионнан астам тұрғыны бар Қарағандының аялдамаларында кез келген адамды кездестіресіз. Алайда, жексенбілік жазбаға сұранған тақырыптың кейіпкерін кездейсоқ кездестіруден өткен оңай олжа жоқ. Бұл азамат – Қазақстанға сағат өндірісін әкелуші жиырма төрт жасар жас кәсіпкер. Яғни, отандық өндіріске күш беретін отандық тауар өндіруші. Шеберханасында небары бес қызметкері бар ұжымның басшысы атанып үлгерген ол: «Маған – ұлтқа деген сүйіспеншілік күш береді. Елбасының өзі отандық өнімді қолдайды. Бұл – елімнің дамуына қосқан тамшыдай үлесім», – деп бастады әңгіменің әлқиссасын. 45-ші орам аялдамасында тұрып, 45 минут бөле алатынын және ескертті.

Аялдаманы артқа тастап, саябаққа кірер тұстағы Орталық әмбебап дүкенді мысалға алып : «Мәселен, осы үлкен сауда орнында дүңгіршек ашу үшін – өнім, сатушы, тұтынушы, күзетші қажет. Жалақы төлеу тағы бар. Ал, біздің сауда – электронды түрде. Яғни, зауыттан – тұтынушыға. Шығарылған өнім әмбебап сауда орындарына қойылмайды. Әлеуметтік желі арқылы жарнамаланып, тікелей тұтынушының қолына түседі. Артық шығын жоқ. Сапалы өнімді сенімді жеткізу – басты мақсат. Кепілдемесі – 5 жыл», – деді.

Айта кеткен жөн, Арман (сіздер суретін көріп отырған) алғашқы сағаттардың үлгісін өз қолымен сызған. Уақыт өте маман көмегімен, түрлі нұсқа ойластырған. Істі бастауда өнімі Америка мен Еуропа нарығына тарайтын «Miami watch» компаниясында жұмыс істейтін Әділ Нұрғожин мен Жәнібек Қарсыбаев қолғабыс еткен. Қазақ жігіттері көмегінің арқасында бірлескен өндіріс құрылды.

Арнайы қорапшадағы «Отан Патриоты» сағатын таныстырған ол: «Сағат сатуды 2015 жылдың желтоқсан айында бастадық. Қол сағатына қажетті бөлшектер Швейцария, Жапония және Қытай елінде шығарылады. Қазіргі таңда « Отан Патриотының» бауы және бедер өрнегін Қарағандыда жинақтаймыз. 2016 жылдың аяғына дейін елімізде отандық мазмұндағы дайын сағат шығаратын алғашқы цех ашу жоспарланған», – деді.

Саябақтан жоғары өте демалатын орынға жайғасып, құжаттар бойынша айына шамамен 30 сағатқа сұраныс түсетінін айтты. Ресей, Қытайдан алушылар бар. Қазақстанның Елтаңбасы бедерленген сағаттарды еліміздегі депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер, сот ісінің мамандары түгелдей алған. Алғаш отандық өнімге қолдау білдіріп сатып алған – ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев екен.

Сөзге араласып қарсы орынға жайғасқан, өзін техника ғылымдарының докторы деп таныстырған адам:

–Тамаша! Қайдан келген дүние? – деді. Бір ауыздан – «Отандық өнім» дедік. «Отан Патриотына» қарап бойын ұлттық рух кернеді, білем.

Кешігіп жетіп, қатарға ілескен Қарағандыдағы «Біріккен бизнес ұйымының» өкілі Айдар Шәріпжанов Қарағанды, Астана, Теміртау қалаларында сағат сататын орталықтар ашылғанын айтып қуантты. Үлгілердің еліміздегі және ТМД көлеміндегі теңдессіз өнім болатынына сенімді.

Саябақтан шыға берісте уақыт 15:20 көрсетіп тұр екен. Менің ойға шомып, жастар бренд (қымбат әшекей) санайтын Италия елінің өнімі «Dolce&Gabbana» қолсағатыма жасырын қарағанымды сезген олар:

– Жақында «Президент» деп аталатын сағаттың қымбат жиынтығы құрастырылып, көпшілікке жол тартады. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған сағаттардың да үлгісі дайын. Қыз-келіншек, аналар үшін – «Сарыарқа аруы» тұр кезекте, – деді.

Аялдамадан бастап, саябақ пен Бұқар жырау даңғылы бойындағы «PLAZA» сауда дүкені арасына белгіленген 30 минут өте шықты. Замандастарым өндіріс ошағын Майамиден Қазақстанға көшірудің жоспарын бекіту мақсатында өтетін жиынға асықты. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда, елінің игілігі үшін уақытын аямайтын жастарға қалған 10 минутты сыйға тарттым.

... Дүние болған соң бәрін сатып ала аласың. Алайда, намысты нанға сатпайсың. Байрақты бәсекелерде қазақ баласының аты озса – менің де жүрегімді мақтаныш сезімі кернейді. Отанға деген сүйіспеншіліктің арқасында. Жүрегің – Қазағым, сағатың – Отаным деп соқса қандай жақсы, ә?!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 238
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px