«Сақтай отырып, сапасын арттырсақ» - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

«Сақтай отырып, сапасын арттырсақ»
Жер мәселесіне қатысты түйткілдің түйінін шешу – бір адамның қолынан келер шаруа емес. Ата-бабамыз аманаттаған асыл мұраны сақтап, сапасына мән берер уақыт жетіпті. Білетініміздей былтырғы жылдың қарашасында Жер Кодексіне бірқатар өзгерістер еніп, ол жайт ел ішінде әртүрлі алуан пікірлер тудырғаны белгілі. Елбасы Н.НАЗАРБАЕВ аталмыш Заңның халық арасында дұрыс түсіндірілмегенін ескере келіп, бірқатар нормаларды қабылдауды кейінге шегеріп, мораторий жариялады. Жер мәселесін қарайтын 75 адамнан тұратын комиссия құрып,  жер-жерде Заңды халыққа түсіндіру жұмыстары басталып та кеткен. Облысымызға белгілі еңбек ердагері Марат РАЙЫМБЕКОВПЕН сұхбаттас болып, біраз жайттың жай-жапсарын талқыладық.

– Бұл Заңға былтырғы жылдың қарашасында өзгеріс енгені белгілі. Неге сол уақыттан бері үнсіз жатқан халық, бір-ақ күнде дүрліге жөнелді?
Жер деген – қай ұлттың болсын баға жетпес байлығы. Ол мынау – алтын, көмір сынды асыл-ақықтардан да қымбат, қадір-қасиеті одан да зор енші. Сол себептен де жерді қорғау керек әрі күту керек. Тоздырмау, аздырмау шарт. Дау-дамай өрбіп тұр деп тұрсыз. Оның артында үлкен саясат жатыр ма деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстандағы қазіргі тыныштық, саяси ахуал басқа жұрттың қызғанышы мен қызығушылығын қатар арттырып отыр. Осы «оңтайлы» сәтті пайдаланып, Жерді айту арқылы қазақтың жанына тиіп,  саяси қозғау жасай от­ырып, арандатушы нашар пиғыл күш алып кете жаздады. Бүлікшілерден алдымен сақ болғанымыз жөн.
– Енді өзіңіз айтпақшы жерді аздырмау үшін, тоздырмау үшін не істеуіміз керек?
Расын айту керек, жерді пай­даланудың жағдайы бізде мәз емес. Мен өзі жер құрылымында көп жылдар еңбек еткен адаммын. Тәуелсіздігіміз тәй-тәй басып келе жатқан уақыттағы жерді бөліп беру науқанына да қатысқанмын. Қалай бөлудің методикасын жасадық. Үлкен науқан басталды. Елдің барлығы «ойбай, жер алайық!» деді. Үкімет жерді берді. Барлығы дақпыртқа еріп, жеке шаруа қожалығын құрмақшы болып, жерді бөліп-бөліп алды. Қырық тоғыз жылға барлығына жер жалға берілді. Ал, енді сол жерді қалай пайдаланып жатыр деген сұрақ тумай ма? Пайдаланбақ тұрғысын, айдала, аулақ қаңырап бос жатыр. Оның ішіндегі егістік жерлер игерусіз қалды. Мысал келтіре кетейін. Қарағанды облысы Жезқазған облысын қоспаған уақытта 1 млн. 200 мың гектардай жерге егін екті. Оның үстінде Жезқазған жеке өзі, 450-500 мыңдай гектар жерден астық алатын. Барлығын қоссақ, 1 млн. 700 мың гектар жерге бидай егіп отырды. Ал, қазір ше? Екі облысты қосқандағы егін егетін аумақ 700 мыңға жетер-жетпес. Қалған бір миллиондай аумақ тозып, толық игерусіз жатыр.
Осы жерде айта кететін басты шаруа, шаруашылықты ірілендіру мәселесі. Оның ішіндегі егістік шаруашылығы – ірілендірген шаруашылық болуы керек. Жай шаруа 200 гектар үшін бір комбайн сатып ала алмайды. Сондықтан, селолық округтер бірігуі маңызды. Жердің игілігін сонда көрер едік. «Жалға беру», «сату» деген санадағы үрей сол уақытта өзінен-өзі сейілер еді. 200 гектар емес, мың гектарға бірден егін егіп, оның пайдасын өз үлестерін ала отырып көрер болса, қанындағы менталитетке сай – ол жерден біздің қазақ еш айырылмас еді. Мәселен, бүгінгі таңда  Нұра ауданының «Шахтер» өндірістік кооперативі, Осакаров ауданындағы «Трудовой» өндірістік кооперативі сияқты 7-8 шаруашылық қожалықтары 15-20 мыңнан егін егеді. Қаншама пайда табады. Халық ол арадан кеткен жоқ. Ірілендіруге ең қарапайым мысал осы дер едім.
– Жалға берудің мерзімін неліктен жиырма бес жылға ұзартты? Ол Жерді қайтарып алуымызға кім кепіл?
– Басында он жылға берілмек болды. Ол Жерден 10 жылда өнім алынбайтындығын ескере келе жиырма бес жылға ұзартты. Мәселен, біздің Қарағанды ғылым тілінде «Зона рискованного земледелия» делінеді. Сондықтан, жиырма бес жылға жалға берудің өзіндік негізі бар. Одан қорқудың еш реті жоқ. Осы жерде өз тарапымнан рес­публикада құрылған комиссияға мынандай ұсыныс та айуға болады: Жерді шетелдіктерге берудің мерзімін сараптама жасай отырып, әр бес жыл сайын ұзартып отырсақ. Сараптама жерге қандай тыңайтқыш қолданғаны, жұмыс күшінің басым көпшілігін жергілікті жерден тартқандығы негізінде жүргізілсе, халық игілігіне жасалып жатқан жұмыс жемісін берер еді. Енді «қайтарып ала алмай қаламыз» деген сөз тіпті қисынсыз. Күшіміз бар, Үкіметтің ішінде отырмыз. Сараптама жасайтын мекемелер не қарап отырмақ? Олар «мына жерді дұрыс пайдаланбай отыр» десе неге қайтармасқа? Қазір де Соттың шешімімен қайтарып жатыр. Қазақстанның заңын бұрмаламаса, жергілікті халықты еңбекпен қамтамасыз етсе, өнім ала алатын болса, жалға беруге болады. Дамыған кейбір мемлекеттер жиырма бес жылғысын тұрмақ, жүз жылға да беріп жатыр.
– Осы жалға берудің жоғарғы, төменгі шегі неге көрсетілмеген?
– Әрбір облыстың жалға беруге болатын жерінің көлемі де сапасы да әртүрлі. Әрине, шектеу қойылуы керек. Қарағандыдан 1000 гектар, Қостанайдан 2000 гектар жерді бір адамға бере салуға болмайды.  
– Комиссия екі отырысын өткізді. Жұмыстарына көңіліңіз тола ма?
– Айтарымыз бар. Бұл шаруаны Астанада отырып, кабинетте ғана шешуге болмайды. Мұндай комиссияны облыс­та, ауданда, тіпті, ауылдар мен бөлімшелерде де құру керек деп ойлаймын. Өйткені, олар Жердің жағдайын жақсы біліп отыр. Бұл түсінбестіктің барлығы Үкіметіміздің саясаты, Президентіміздің саясаты, жалпы мемлекетіміздің Заңға қатысты мәселелерінің халыққа дұрыс түсіндірілмегендігінен туындап отыр. Халықтың мұң-мұқтажын, тілегін білу үшін жергілікті жерде кездесулер ұйымдастыру керек. Содан кейін барып, нақты шешім жасауға болар. Жалпы жұмыстарына көңілім толады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Мирас АСАН.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 300
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px