Сағынтқан сағым жылдар... - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Сағынтқан сағым жылдар...
Маусымның алғашқы күндерінде әуелде педагогика институтына түсіп, жаңада ғана ашылған Қарағанды мемлекеттік университетінің педагогика бөлімін 1972 жылы тәмамдаған қазақ тілі мен әдебиеті мамандарының келісті кездесуі болып өтті. Кейінгі толқын іні-қарындастар бізге университет атауын қимаса да біздің лек, біздің топ осал болған жоқ. Тайға таңба басқандай «ҚарМУ» деген жазуы бар көк дипломды басқадан емес, білім ордасының тұңғыш ректоры, академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің өз қолынан алдық.
Орыстың қазіргі заманғы ұлы ақыны Евгений Евтушенконың кешегі дәуірдің елуінші жылғыларын біртоға ұрпаққа телитіні бар. Сол рас сияқты. Басқаны білмеймін, осы бір ой ұшығы көбімізден аңғарылады.
Бізбен бірге бүгінде белгілі ақын Абзал Бөкен, «Фирдоуси» деп атайтын қиссашыл ағамыз Әбілқасым Тәңірбергенов, Қадыр Мырза Әлі жырларын ұйқыдан оятып жібергенде де жаңылыспай жатқа оқи жөнелетін Мұхит Адамов, көп жылдар «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі болған Айқын Несіпбай, «жазсам Ақан Нұрмановша жазамын, олай болмағанда жазуды тастаймын», дейтін Серікбай Шоңғалов оқыды.
Кездесуге еліміздің түпкір-түпкірінен дерлік институттың жиырма шақты түлегі жұбайларымен келді. Айталық, Зәуреш Арыстанова сонау Ақ Жайықтан, Оралдан келді, өзі шығысқазақстандық Зайра Мамырова аптап ыстығынан бас айналатын Қызылордадан, Ақбота Бопина мен Серікбай Шоңғалов қияндағы Қостанайдан, Дыбыс Қасымова шалғайдағы Ұлытаудан келді. Демек, Қарағандының жоғарғы оқу орындары – республикалық маңызы бар білім ордалары. Бас қосқандардың баршасы өмірде өз орнын тапқан, бала-шағасы өсіп-өнген бақытты жандар. Біразы көп жылғы еңбек бейнетінің зейнетін көріп жүрсе, енді біразы белсенді іс-қарекетін әлі де қимай жүр екен.
Кеңестік заманда көпшілігіміз ауылда орта мектепті бітіріп, институтқа түскенбіз. Сол өткен кезеңнің жақсы тұстары болған, ол – жалпыға бірдей (бірыңғай бағдарлама бойынша) тегін орта және жоғарғы білім беретін мемлекеттік жүйесі болатын…
Ол кездегі ЖОО-дағы білім сапасын өмір өзі дәлелдеп отыр. Үркердей бір топ жігіт республикаға белгілі қаламгер болса, біразы жоғары оқу орындарында (А. Бопина, Қ. Асқарова, Ж. Есбаева, З. Әлімханова), басым көпшілігі орта мектептерде (З. Арыстанова, З.Мұхажанова, Б. Қасенова, Б.Ахметова, С.Ибраева) қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Әдіскер маман, ұлағатты ұстаз, білгір басшы атанды. Айталық, Мұхит Адамов Егіндібұлақ ауылының орта мектебін отыз жылдан астам басқарып келеді. Серік Құдабаев екеуміз мемлекеттік қызметте (біріміз отыз жылдан астам, енді біріміз жиырма жылдан астам) болдық. Қай-қайсысы да, бірі қаламының қуатымен, енді бірі уәлі сөзімен өскелең жас ұрпаққа ұлтымыздың ділі мен тілін, әдебиеті мен мәдениетін жеткізе таныстырып, олардың бойына отаншылдық сезімін дарытты. Міне, аттай қырық жылдан астам уақыттан кейін табысып, шұрқырасқан филфак түлектері осындай терең білім берген оқу ордасының өздері оқыған ғимаратына (бүгінде «Болашақ» академиясы орналасқан) барып, өздері мемлекеттік емтихан тапсырған аудиторияда бас қосып ресми кездесу өткізіп, кезінде филология факультетінің деканы болған, профессор Задан Жұмағалиев бастаған көзі тірі оқытушылармен жолығып, ризашылықтарын білдірді. Кездесу соңында ұстаздарға сый-сияпат көрсетiліп, Задан ағаның арқасына әдемi оқалы шапан жабылды. Зайра, Абзал және мен ұстазымыз бен курстастарымызға кітаптарымызды тарту еттік.
Кездесуге келгеннің баршасы жастық шақтары өткен қаланың көрікті жерлерін екі күн қатар аралап шығып, әр жылдары қайтыс болған курстас құрбылар Жүзия мен Кенжетайды еске алып, Құран бағыштады.
Студенттiк шақ адамның өмiрiнде екiншi рет қайталанбайтын дариға-дәурен ғой, шiркiн! Әрбір түлек нұрлы шуақ сыйлаған сол жылдардағы достарымен кездесiп, «махаббат, қызық мол жылдарды» еске алғаннан артық ғанибеттiң жоқ екенiн шын жүрегiмен сезiнгендей-ау... Мен оны олардың сыры кетсе де, сыны кетпеген жүздерінен, алауы азайса да нұры кетпеген көздерінен, екі күн қатарынан қыран-топан күлкіге қарық қылған Серікбайдың сол бәз-баяғы зілсіз әзілі мен қыжылсыз қылжағынан аңғардым.
Мiне, студенттiк өмiрдiң талай қызығын бiрге өткiзген құрбы-құрдастар құшақтасып, мәз-мәйрам болып жатыр. Кезінде үлкен өмірге жолдама алған аудиторияның тақта тұратын қабырғасында әрі көлемді, әрі көрнекті «Сағынтқан сағым жылдар...» баннері ілулі тұр. Оны жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп Зайра әзірлеп әкелген. Бәріміз дипломды ала салып жан-жаққа тарап кетіп, түлектерге тиесілі виньеткамызды алмай кеткенбіз. Баннердің ортасын ала орналасқан суреттерімізді жаңа көрдік. Сол жақ бұрышында ақын әрі ұстаз, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегері Зайра Мамырованың курстастарына арнаған өлеңі бедерленген.
Павлодар облысының тура осылайша аталатын ауданының Заря ауылынан келген курстасымыз Балапаш пен оның жұбайы, тобымыздың күйеу баласы Сәрсенбай Садығазиндер отбасымен өнерпаз екен. Сәрсенбай бізбен қатарлас музыка мамандығы бойынша диплом алған кәсіби әнші әрі сырнайшы. Баянауыл өңірінен келген баянист:
Сағыныш-ай, сағыныш-ай,
Сен де бiр арман,
Сен де бiр жалған,
Сағыныш-ай, сағыныш-ай!
Сенiмен бiрге
Толқиды жаным менiң, -
деп, сиқырлы сырнайынан сырға толы саз төгіп, жан-жүрегімізді баурап алды.
Келгеннен кеткенше неше түрлі жол-жоралғы жасаған Балапашты Ата салттың энциклопедиясы дерсің. Теңкиген көкала қоржынын да ала келіпті. Қоржынды өзімен бір бөлмеде жатқан Күләй Жұмабекова мен Дыбыс Қасымова ашты. Мейрамхана төрінде шалқып отырған кім-кімге де бір-бір базарлық тиесілі болды. Күнұзақ Зайра бастап, біз қоштап өлең оқыған Абзал екеумізге де ою-өрнекті бір-бір киіз қалпақ бұйырды.
Осы кездесуді ұйымдастыруға, өткізуге белсенді ат салысқан курстастар Зайра Мамыроваға, Балапаш Садығазинаға, Күләй Жұмабековаға, Балшекер Қасеноваға және Абзал Бөкенге «Евразия» мейрамханасында өткен жарасымды жүздесу кезінде де, бірін-бірі қимай қайта-қайта қауышып қоштасу сәтінде де шексіз алғыстарын жеткізген құрбы-құрдастардың жамырасуын көрудің өзі бір ғанибет!..
Осы бір сәулелі сәтті, мерейлі мезетті көріп тұрып қалай толқымайсың?! Толқымайтын, толқытпайтын сәт пе, бұл...
Немiстiң ұлы жазушысы Эрих Мария Ремарк: «Адам бiр-бiрiне бiр тамшы жылылықтан артық ештеңе сыйлай алмайды» деген екен. Расында да курстастармен қырық бес жылдан соң кездесу бәрiмiздiң жүрегiмiзге бiр-бiр тамшы жылылық сыйлағандай едi. Бiздiң бәрiмiз де бiр-бiрiмiздi қатты сағынып қалғанымызды түсiндiк.
Алла Тағала сағынудан кенде қылмасын, «Сағындым сағым жылдар, өттiң-ау ағып, жылдар...» деп әлі де сағына беретін шығармыз...

Сәбит БЕКСЕЙІТ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 341
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px