«Салымшылар белсенділік танытуы тиіс» - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

«Салымшылар  белсенділік танытуы тиіс»
31 мамыр – өтемақы төлеу үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен қосымша келісім жасасудың соңғы күні. Бұл жұмыстардың қазіргі ахуалы қандай? Мәселенің мәнісін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Гүлнар ДАБЫЛОВАДАН сұрап білдік.
– Гүлнар Ыбырайқызы, осы уақытқа дейін қанша салымшы қосымша келісімге қол қойып үлгерді?
– Қарағанды облысында 34835 салымшы өтемақы алуы тиіс. Соның ішінде, 11460 салым иесі қосымша келісімге қол қойды. Алайда, жарияланған мерзімнің аяқталуына небары 1 ай көлемінде ғана уақыт қалды. Егер, мамыр айындағы мерекелерді ескерсек, жұмыс күндерін саусақпен санап шығуға болады. Осыған орай, аймақтағы салымшыларымызға қосымша келісім жасауды кейінге қалдырмауға шақырамын.
– Электрондық-сандық қолтаңба арқылы келісімге қол қою кезінде кейде қиындық туындайды деген пікірді де естіп жүрміз. Мұндай жағдайда банк қандай балама жол ұсына алады?
– Тұтынушыларымызға қолай­лы болуы үшін, біз бұл рәсімді электронды түрде ғана емес, қа­ғаз жүзінде жасауға да мүмкіндік бердік. Енді, жеке куәлігімен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кез келген бөлімшесіне келіп, қосымша келісімге әрі кетсе бес минут ішінде қол қоюға болады. Бұдан бөлек, біздің филиалдың штаттан тыс агенттері банк бөлімшесіне жетуі қиын, интернетпен қамтылмаған шалғай аудандарға барып, салым­шылардың қолдарын жинап жүр. Алайда, агенттеріміздің саны да, мүмкіндігі де шектеулі. Сон­дықтан, салымшылар белсенділік танытуы тиіс.
– Облыс тұрғындары қосымша келісімге қол қою рәсімі жайлы қаншалықты хабардар? Салымшыларға құлаққағыс жасау үшін тағы қандай шаралар қолға алынды?
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымдарға өтемақы төлей­тіні баршаға мәлім. Былтыр Ел­басы халық алдында өтемақы төлеуге тапсырма берді. Бұл мәсе­леге қатысты Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев пен біздің банктің топ-менеджерлері бірнеше рет мәлімдеме жасады. Бұл – бір. Екіншіден, 8 ақпанда банк бұқаралық ақпарат құралдары арқылы рәсімдердің басталғанын ресми түрде жариялап, өтемақы төлеу тетіктерін түсіндіріп берді. Үшіншіден, Орталық аппараттың call-орталық қызметкерлері, өз­дігінен қоңырау шалатын робот­тар салымшыларға қоңырау шалып жатыр. Филиалымыздың қызметкерлері де тұтынушыларға күн сайын қоңырау соғады. Республикалық БАҚ-тар арқылы күн сайын келісімге қол қою барысы жайында ақпарат таратылып, аралық нәтижелері жиі жарияланып тұрады. Байланыс арналарынан бөлек, әлеуметтік желілерде де жұмыс жүргізілуде.
Рас, біреулердің қосымша келі­сімге қол қоюға үлгермей қалуы мүмкін. Осы тұлғалар тарапынан наразылықтың туындауы да ықтимал. Сондықтан, өтемақы тө­леу рәсімінің ақпараттық саясаты мұның салдарларын халыққа ал­дын ала ескертіп, өтемақы алу керек екендігін алдын ала түсін­діретіндей етіп құрылды. Салым­шыларымыздан бұл рәсімге мұқият қарауды, баса мән беруді сұраймыз.  
– Өтемақы көлемі неге басқа мөлшерде емес, дәл 35,5% пайыз болып белгіленді?
– Ұлттық валюта бағамы 2015 жылдың 18 тамызында түзетілгені естеріңізде болар. Ақордада Екінші деңгейлі банктердегі салымдарға өтемақы төлеу туралы сөз болған кезде, Елбасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін ерекше атап өтіп, біздің банк салымшыларына өтемақы төлеуге тапсырма берді. Сол кезде, яғни, 188,35 теңге болатын бастапқы бағаммен салым қалдықтарын нақтылау, 2015 жылғы 20 тамыздағы Мемлекет басшысының тапсырма берген және 255,26 теңге болатын бағамның нақтылану күндері арасында, бағам айырмашылығы 30-35 пайыз деңгейінде белгіленген еді.
Өтемақы көлеміне қатысты, 35,5 пайыздық межені қоғам бастан-ақ сын тезіне алды. Түрлі сарапшылардың, блогерлер мен журналистердің пікірлерінен бұл анық көрінді. Бірақ, тұрғын үй нарығына қараңыздаршы, баспана сатып алу үшін ақша жинап жатқан салымшылар үшін өтемақы өте тиімді ұсыныс болып отыр. Тұрғын үйдің теңгелей бағасының өсімі 19%-дан асқан жоқ. Бұл – салымшы  ағымдағы жылдың шілде айында бірінші транштан-ақ жабады деген сөз. Ал 16,3% көлеміндегі екінші траншты таза пайда деп атауға да болады. Сондықтан, тұтынушыларымызға қосымша келісімге қол қойып, өтемақыңызды алыңыз деп қысылмай айта аламыз. Бұл қаражат, әрбір теңге тұрғын үй алған кезде үлкен маңызға ие болмақ.
– Әрбір теңге дейсіз бе?
– Жыл басында тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің дамуында шешуші рөлге ие болатын және салымшыларымызға үлкен пайда әкелетін үлкен оқиға болды. Елбасы қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйлер салуға қосымша 127 млрд. теңге көлемінде қомақты қаржы бөлуге тапсырма берді. 22 млрд. теңге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына кредит беруге бөлінді. Сондықтан, осы жылдан бастап әлеуметтік тұрғын үйге деген орасан сұранысты қанағаттандыруға нақты мүмкіндік бар. Бұған қаржы да жеткілікті. Еліміздің барлық өңірлерінде пулдар көп жарияланған кезде, салымшының шотында жатқан әрбір теңге зор маңызға ие болады. Депозитіңіздің мемлекет пен банк төлеген 35,5%-ы көлеміндегі өтем­ақысы арманыңыздың орын­далуына септігін тигізбек.
– Рахмет!

Сұхбаттасқан
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 291
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px