Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019

Самарқанның көк тасы жібіп,

Сарыарқаның салтанаты жарасқан күн

Күн мен түннің теңелер сәтімен дөп келетін шығыс халықта­рының жаңа жылы – Наурыз мейрамы ажарлы Арқа төсінде ерекше сән-салтанатпен аталып өтілді. Өткен мерекелі жылды берекелі түйіндеген қазақстандықтар бойындағы асқақ рухты ауа райының қолайсыздығы да бәсеңдете алған жоқ. Басына бақ қонып, дастарқанына ақ толған қазақ елі жаңару мерекесін жарқын пейіл, жайдары көңілмен қарсы алды. Мерейлі елдің мейманасын тасытқан Наурыз мерекесін халықаралық беделді ұйым – ЮНЕСКО барша адамзат баласының ең құнды мәдени мұрасы санатына қосып, 2010 жылы БҰҰ шешімімен «Халықаралық мейрам» мәртебесі берілгені баршаға аян. Осынау ұлық мерекенің салтанаты облысымыздың барлық өңірлерінде шеру тартып, қарапайым халықтың қуанышын еселеді. Босағамыздан Ұлу жылы аттаған ұлыстың ұлы күнінде Арқаны ажарлы, баршаны базарлы еткен мерекелік салтанаттан жазылған тілшілеріміздің репортажын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қарағанды.

«Шын тепсе, қоян жарықтық құнан қойдың жілігін үзер» дегенді үлкендерден жиі естуші едік. Рас екен. Ақ қоянның «тұяқ серпері» қатты болды. Жаңа жыл – әз Наурызды қарсы алуға бар-жоғы екі-ақ күн қалғанда бұрқылдатып берген жоқ па?! Иә, қоян жылы қырдан ұзап, бел асар сәтінде Арқа жұртын әбігерге салды. Көңілге күмән ұялатты. «Ойпыр-ай!» дестік. «Жылда алаңға ақ шаңқан үйлер тігіп, арқа-жарқа пейілмен мерекелейтін Наурыз мейрамын ақ қар-көк мұзда қалай қарсы алар екенбіз?», – деген күмән еді – бұл.

Алайда, дәл 22 наурыз күні мереке нақыштарын тамашалау үшін облыс орталығындағы рухтың ордасындай болған Тәуелсіздік алаңына беттеген халықтың жүзінен күмән мен алаң аңғарылмады. Барлығы – мерекелік көңіл-күй құшағында. Иә, күн бұлыңғыр тартып тұрған. Ұлы халықтың рухы үстемдік еткен болар, өзіміз «тал түс» деп атайтын мезгілде күн нұрын бүркемелеген қазбауыр бұлттар ығыса бастады. Табиғат-Ана мейірімін төкті. Бұл кезде алаңдағы мереке қыза түскен. Рухты ән асқақтап, күй күмбірлеп тұр.

Өткен жылы салтанатты ашылуына Елбасы Н.Назарбаев өзі қатысқан «Тәуелсіздік» монументі орналасқан алаңда мұндай ауқымды мерекелік шараның өтуі тұңғыш рет. Бұқар жырау даңғылын бойлай 34 киіз үй тігілді. Бейне бір көшпенділер мәдениетінің озық үлгідегі ордасы дерсің... Барлық ауыл «ұзын сарыға» сақтағанын асып, қазан көтерген. Ұмсынған елге наурыз көже үлестіріліп жатыр.

Салтанатпен сап түзеген мерекелі алаңда «Шеберлер аулы» ерекше көз тартады. Аруана жетектеген қария, ат үстіндегі сал-серілер, ұлттық киімдегі бүркітшілер, алтыбақанда тербелген бозбала-бойжеткендер, бәрі-бәрі ғасырлар қойнауынан тамырланған көне мәдениетіміздің көзі тірі жә­дігерлеріндей әсер етеді. Облыс қол­өнер шеберлерінің туындылары қойылған көрменің өзі кешегі мен бүгінгінің үндестігін паш етіп тұр.

Орталық алаңдағы «Көрікті көк­тем – әз Наурыз» атты мерекелік шараның шымылдығын Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері танымдық мазмұны бай театрландырылған кө­рініспен ашты.

Осыдан кейін той төріне көтерілген облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов облыс жұртшылығын мерейлі мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы болып есептелетін Наурыз – ғасырлар қойнауынан келе жатқан төл мерекеміз. Ол – тек Жаңа жылдың бас­талуы ғана емес, табиғаттың қайта түлеуінің, мейірімділік пен өзара түсіністіктің, сыйластық пен құрметтің айрықша белгісі.

Бүгінде барша қазақстандықтар ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жан-жақты рефор­ма­ларының арқасында қол жеткізген өркенді өзгерістерді Наурыз мейрамымен байланыстырады. Сондай-ақ, 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың алтын бесігіне айналған елімізде осынау ұлық мерекені біз Отанымыз бен бейбіт халқымызға деген зор мақтаныш сезіммен қарсы аламыз.

Көктемнің осынау шуақты ме­рекесінде баршаңызға мықты ден­саулық, баянды бақыт және сүйікті Отанымыз – Қазақстан Рес­публикасының өсіп-өркендеу жо­лындағы еңбектеріңізге зор табыс тілеймін, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Бұдан кейін қарағандылықтарды қазақ өнерінің жарық жұлдыздары, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сә­мединова, ҚР еңбек сіңірген қай­раткері Болат Құсайынов және «Дер­виши» тобы құттықтап, әсем ән­нен шашу шашты. Қарағандылық өнерпаздардың және ұлттық мәдени орталықтардың әзірлеген мерекелік бағдарламасын да жиналған көпшілік тапжылмай тамашалады.

Ұлттық спорт түрлерінен ұйым­дастырылған жарыстар да көпшіліктің делебесін қоздырып, мереке шырайын үстемеледі.

Әсіресе, қазақша күрестен, кір тасын көтеруден, арқан тартыстан өткен жарыстар өз жанкүйерлерін ләззатты сезімге бөледі.

Көк үйрек көлге қонған көктеменің хабаршысындай болған Наурыз мейрамы облыс орталығында осындай салтанатпен сән құрып, рух мерекесіне айналды.

● ● ●

Самарқанның көк тасын жібітер Ұлыстың ұлы күнімен бірге тіршілік атауы түрленіп, ерекше күш-қуат сыйлар болар. Ел абыройын асқақтатып, табысымызды асырған қоян жылын тарих қойнауына аттандырып, ұлу жылын үлкен үмітпен қарсы алдық. Өңірде жаңару, жаңғыру мерекесі бар сән-салтанатымен, асқақ рухымен тойланды. Оңтүстік-Шығыстағы Ұлыс күні жылдағыдай «Грин март» сауда үйінің алдында емес, «Сүйінші» монументінің қарсы алдында өтті.

Бұлтты күнге қарамай, Қазыбек би ауданындағы Наурыз думанын тамашалуға келгендердің қарасы көп болды. Қаһарлы қыс қыспағынан аман шығып, Жаңа жылдан жақсылық күте жиналғандардың көңілі – көл, пейілі – кең. Бір-бірімен амандасып, көрісіп, «құтты болсын» айтысып жатты.

Немерелерін жетелеген зейнеткер Бану Тәттімбетова да көктемнің келгенін сүйіншілейтін Наурызды той­лауға келіпті. Ұлық мейрамға жыл­да ерекше дайындалып, осында орындалатын салт-дәстүрлерді қал­дырмайтынын айтады. «Күн мен түн теңесіп, шуақ шашқан әз Наурыз мейрамы баршамызға тек жақсылық, амандық әкелсін. Әр отбасына құт-береке, ырыс пен ынтымақ енсін», – деп бар ақ, адал тілектерін жеткізді.

Шеңбер құрай орналасқан ақ шаңқан киіз үйлердің саны он бестен асады. Басым бөлігі Каспий, RBK, Еуразиялық банк сынды ірі мекемелер тіккен ордалар. Соны­мен қатар, автоорталықтар мен Е.Бө­кетов атындағы мемлекеттік уни­верситеттің үйі осы жерден орын тепкен. Әр түрлі тәтті-дәмді тағам, сусын сатқан он шақты шатыр бар. Былай деп тілек жолдады ҚарМУ-дың физика факультетінің деканы Бекболат Жүсіпбеков: «Жыл басы Наурызымыз құтты болсын! Ата-баба салт-дәстүрлерінен негіз алған Ұлыстың ұлы күні бүгінге дейін жасампаздық пен жаңғырудың белгісіндей болып келеді. Келген Ұлу жылы елімізге амандық, жұртымызға тыныштық сыйласын. Наурыздан Наурызға аман жете берейік!»

Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек ки­ген бойжеткендер мен сымбаты ке­ліскен бозбалалар Наурыз-шашу шашты. Ауыз тидік. Көңілі қалағандар пәуескеге мініп, қыдырып жүр, балалар жағы пәкене ат – пониді қызықтады. Әуелеген ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де болды бұл тойда. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ұстаздары мен оқушылары өнер көрсетті. Ұлықталған ұлық мерекемізде әншілеріміз ою-өрнегі келіскен ұлттық киімдермен шығып өнер көрсетсе, той көркін бұдан әрі келтіріп, ажарын асыра түсер еді-ау деген бір өкініш кетті көкіректе. Дегенмен, «Бұрымды қыз» сайысы, жігіттер сайысы жиналғандар көңілін бір көтеріп тастады. Шашы тілерсегін соққан Ләззат туралы айтпай өту мүмкін емес осы орайда. Жастайынан бұрым қойған екен ол. Қара жорға биінің сайысы да қызыққа толы болды.

Дастарқанымызды асқа, аузымызды аққа жарытқан Наурыз мерекесінде аудан әкімі Жанат Ысқақов сөз сөйледі, жиналғандарды жарқын мерекемен құттықтады.

Ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан, шығыс халықтарының мерекесі әз Наурыз құтты болсын! Келген Жаңа жыл әр шаңыраққа береке, ынтымақ пен бірлік әкелсін. Еліміз әманда аман болып, жасай берсін. Ұлыс оң, ақ мол болсын! – деді әкім.

Аудан ардагерлері кеңесінің төрағасы Ерғазы Жазықбаев та жылы лебізін білдірді.

Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі өнерімен жалғастырды тойды. Келесі алаңда спорт жарыстары қызу өтіп жатты. Кір тасын көтеру, армреслинг, арқан тартыс, желке тартыс сынды ойын түрлері бойынша жүрегінің түгі бар жігіт төрелері сайысты. Мықтылар анықталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

● ● ●

Ай мен күннің теңеліп, Самар­қанның көк тасы жібіген құтты ме­рекені Майқұдық тұрғындары да көтеріңкі көңіл күймен атап өтті. Саябаққа жиылған жұрт қатары күн жылыстап еңкейгенше саябырсыған жоқ. Ән шырқалып, күй күмбірлеп, ел билеп мәре-сәре. Төс қағыстырып туысып, өткеннің жақсылығын ғана есте сақтайық, кірбің мен кірленген көңіл тазарсын деп ниет еткендердің куәсі болдық.

Мектеп әкімшіліктерінің ұйымдас­тыруымен он екі киіз үй тігіліп, орталық алаңда ұлттық ойындар ойнатылды. Асық ату, арқан тарту, кір көтеру сынды сайыстардан жиылған жұрт бақ сынап, жеңгені бағалы сыйлықтарға ие болды. Қазақ-түрік лицейінің ұй­ымдастыруымен дәстүрімізді ұлық­таған көрме өтті. Апалар киіз басуды, бала бөлеуді, тұсау кесуді көпшілік алдында сахналап, ұлттық болмысымызды танытты. Жалпы, саябақтың сәні мен салтанаты бұл күнде ерекше болғанын айта кету керек.

Октябрь ауданының әкімі Нұрлан Әубәкіров жұртшылықты құттықтап, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын деп тілегін айтты. Келгендерге наурыз көже беріліп, табақ-табақ ет тартылды. Әр киіз үйдің іші думанға бөленіп, шаттық әні шырқалып жатты.

ЖЕЗҚАЗҒАН.

Ұлыстың Ұлы күнін Жезқазған-Ұлы­тау төңірегі де арқа-жарқа көңілмен құшақ жайып қарсы алды.

Жезқазған қаласында 20-ның үстінде киіз үй тігілді. Жиылған қауым, Қызыр баба бастап, Алаш алаңына салтанатты сап түзеді.

Күн мен түнді теңелте енген жаңа жылдың ерекшелігін атап өтті қала басшысы Бауыржан Шыңғысов. Ырыс-берекенің бастауы – өңірді дамытудың кешенді бағдарламасы.

Жезқазған қаласына 1 млрд.-тан астам қаржы келіп түсіп отыр. Бәріміз осы жұмыстарды дұрыстап атқаруымыз керек, – деген ол әр отбасына амандық, молшылық тіледі.

Салтанатқа сонымен қатар, қалалық мәслихаттың хатшысы Советбек Медебаев қатысты. Төл мейраммен депутаттар корпусы атынан Бекзат Алтынбеков, жүйе құраушы кәсіпорын тарапынан «Жезқазған түс­тімет» өндірістік бірлестігінің өндіріс жөніндегі директоры Ерлан Әлкенов құттықтады. Әулие Андрей апостол шіркеуінің өкілі Онисим әкей Тульников және Ахмет ишан Оразайұлы атындағы мешіттің бас имамы Қондыбай қажы Акпаров мерекенің мейірім мен қайырым, ауызбіршілік пен ынтымақты астарына мән беруге үндеді.

Мерекелік концертке эстрада жұлдыздары – Ақбота Керімбекова, Мақсат Базарбаев, Алмас Кіш­кен­баевтың қатысуы думан көркін қыз­дыра түсті. Демеушілік жасаушы – «Қазақмыс» корпорациясы.

Осы күні аймаққа арнайы ат шал­дырған бұрнағы әкім, қазір республика Премьер-министрінің бірінші орынбасары кеңесшісі қызметінде жүрген Берік Әбдіғалиұлын әңгімеге тартқан едік.

Жалпы, бұрын атқарған жұмыс, республика деңгейінде жалғастырып жүрміз, – дейді ендігі жерде бір салалы қалалардың дамуына байланыс­ты бағдарлама, жобалар жұмысын қолға алған ол. Ел азаматының бұл келісін Наурыздың тамырын терең­нен тартқан ағайынмен қауышу, жүз­десу дәстүрін дәріптегені болар деп топшыладық. Сөйттік те, разы болдық. – Осындай үлкен, ұлы тойларда елмен бірге болып, халықтың тілегін, аманатын тыңдау өзіме үлкен күш-жігер берді. Қай жерде жүрсек те, Жезқазғанға, қаламызға қызмет етуге тырысамыз.

Наурыз мейрамын Сәтбаев қа­ласының тұрғындары да көтеріңкі көңіл күймен атап өтті. Мұндағы жұрт­шылық та Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театры ұйымдастырған танымдық кө­ріністің, жоғарыда аталған еліміз сахна саңлақтары ән-шашуының куәсі болды. Кеншілер шаһарындағы мерекелік бағдарлама мазмұндылығымен ерек­шеленді. Бұл жерде қазақ күресі, арқан тарту, кір тасын көтерумен қатар, асық атудан, Наурыз тақырыбына сурет салудан, қазақтың ұлттық киімдерінен сайыс ұйымдастырылды.

Ал, Ұлытауда 21-і күні «Ұлытау сазы» халықтық фольклорлық ан­сам­блінің мерекелік концерті өткен болатын. Жердің тоны жіби қой­мағандықтан, 22 наурызда ұлытау­лықтар жергілікті мекемелердің акт залдарын киіз үй нышандарымен өр­нектеді.

Ұлттық ойындардың қызығына батқан тұрғындар жекпе-жекке шы­ғып, жілік сындырды, асық атып, кір тасын көтерді, қол күрестіріп, ар­қан тартысты, алтыбақан тепті. Қолөнер шеберлері ағаш өнімдерінен бұйымдар жасау, киіз басу, кілем тоқу, ши тоқу, диірмен тарту, жүн сабау, күбі ыстау, т.б. бойынша сайысқа түсті. Той дүбірі келесі күні де жалғасын тапты. Жергілікті жұрт «Күй атасы – Құрманғазы» аталған аудандық күй сайысын тамашалады.

БАЛҚАШ.

Көкше көлдің жағасындағы мысшылар қаласы Наурыз мерекесі қарсаңында тотыдайын таранды. Қашан да тойдың болғанынан боладысы қызық. Сондықтан болар, әз Наурызды қарсы алу ерте басталды. «Наурызға көрік берген сұлу сән» ұлттық киімдерден қалалық байқауы, бұдан кейін орта, арнаулы білім беретін оқу орындары студенттерінің қатысуымен өткен «Көңілді көктем» байқауы да жер жаһанды жаңартып, түрлендіріп, әз Наурыздың келе жатқандығын паш еткендей. Бабалардан қалған саф алтындай қазынамыздың бірі – киіз үй. Балқаштықтар ең көрнекі киіз үйі байқауын өткізді. Мұнда киіз үйдің тігілуі, құрал-жабдығы, кәсіптік құрал­дар бәрі-бәрі көрсетілуге тиіс. Бұдан әрі наурыз думан жастар би кеші, «КсеІІ» компаниясының мерекелік шоу-бағдарламасы наурыздың шы­райын кіргізді. «Сүйінші!» атты театр­ландырылған – хореграфиялық көрі­ністің тартымдылығына ризашылық таныттық. «Армысың, әз Наурыз» мәдени-сауық орталығының мерекелі бағдарламасы да мереке күнгі мөлдір аспанмен ұласып, әр жүрекке жетіп жатты. Барлық игі тілек Наурызға бағышталады.

Халық артисі М.Хамзин атындағы мысшылардың мәдениет сарайы алдында жиналған қауымды қала әкімі Қадіржан Тейлянов құттықтады.

Тарихи тамыры тереңге бой­лаған наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, ір­гесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың ме­рекесі болып келген. Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз – көк­темгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ұлы өркениетімізден тамыр тартқан Ұлыстың ұлы күні ай мен күндей адамзаттың ортақ қазынасына ай­налды. Сондықтан, біз басты бай­лығымыз – берекелі бірлігімізді көз­­дің қарашығындай сақтауымыз ке­рек. Күннен күнге көркейіп, тұрақты дамуға бет алған қаламыздың тұр­ғындары өркениетті Қазақстанның қалыптасуына белсенді түрде ат салысуда. Биыл қаламыздың 75 жылдығын атап өткелі отырмыз. Қуанышты жайт. Өзіміз тұрған қаланың мерейтойымен көңілімізді де асқақтатқанға не жетсін. Наурыздан Наурызға дейін аман есен жетуге жазсын. Мереке құтты болсын, ағайын,– деді.

Бұдан әрі мысшылар мәдениет сарайы көркемөнерпаздар ұжымының концерттік бағдарламасы тойдың сән салтанатын қыздара түсті. «Салтыма тән думаным алтыбақан», «Салт дәстүрі қазағымның сарқылмайды» байқаулары өз жүлдегерлерін анықтап жатты. Қазақша күрес, асық атудан сайыс, арқан тартыс, жамбы ату, шағын футболдан жарыс спорттық бұқаралық және сауықтыру іс-шара­лары бағдарламасы бойынша жүр­гізілді.

Орталық алаңға тігілген киіз үйдің алдында әр ұжымның мере­келік бағдарламасы өткізілді. Ән шыр­қалды, күй күмбірледі. Көше ортасымен арба тартқан түйелер керуенін көрдік. Ертедегі ұлттық дәстүр-салт көріністері әр киіз үйдің алдынан қы­лаң береді.

Наурыз мейрамын мысшылар қаласы үлкен ұйымшылдықпен атап өтті. Әр жүректе игі тілек, ортақ ниет.

ҚАРАЖАЛ.

Ұлыстың ұлы күні – әз Наурызды қарсы алуға дайындық шараларын бастаған сәттен-ақ, қазыналы өңір – Қаражал қаласының тұрғындары ынтымағының ыдырамағандығын, бір­лігінің бекемдігін танытқан еді. Сол көңіл-күй мейрам күні жұртшылықтың жүзінен айқын аңғарылып тұрды. Таңсәріден қалалық мәдени-сауық орталығы алдындағы атшаптырым алаңға ағылған халық нөпірі мерекелік іс-шараларға деген ел ықыласының еселене түскенін аңғартқан. Әуелеген ұлттық ән-күйлердің жетегінде үлкенді кіші, кішілі үлкен мәз-мәйрам болып, қуана құттықтасып жатты.

Алаңға айрықша ажар берген киіз үй мен жазыла жайылған берекелі дастарқандар молшылықтың, қалың қауымның пейілінің көрінісіндей әсер қалдырды. Бұрқылдап қайнаған қара қазандар, түтіні көкке шаншылған самауырлар, мәре-сәре болысып ыс­тық бауырсақты майдан сүзіп алған бетінде танысын-танымасын маңайына таянған жұртшылыққа ықы­ласпен ұсынып жатқан қыз-ке­лін­шектер, тайқазаннан таратылған наурыз көже – осының барлығы таңдай қағып, тамсанарлықтай шы­найы­лық еді. Осынау әдемі үрдісті әсерлі ете түсуге қаладағы білім беру ошақтарының қызметкерлері өлшеусіз үлес қосты.

Мәдени-сауық орталығының ек­інші қабатындағы кең залда бюджеттік мекемелердің жайған көл-көсір дастарқандары мен риясыз пейілдері де қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен мінсіз шықты. Дәл сол мезетте аталған орталықтың спорт залы да мерекелік той-думан орталығына айналып кеткен болатын. Онда қа­ладағы құқық қорғау органдарының кең керілген керегелер аясындағы дербес ауылдары қонақжайлылық пен кеңпейілділіктің ерекше үлгісін танытып жатты.

Ұрпақтың бойына ұлағат нәрін сіңірер үлгілі үрдістер барынша қам­тылған іс-шараларға сәйкес, ақынның арнау жыры, Қызыр атаның батасы, әншілердің тамылжыта салған әндері мен мың бұралған бишілердің өнері бәрі-бәрі жарасымды түрде мерекенің мерейін арттыра түсті. Сол күні өткізілген «Қош келдің, нұрлы Наурыз!» атты театрландырылған қойы­лымы, «Наурыз-Думан» концерттік бағдарламасы, «Асыл әже» әжелер байқауы, «Батыр – 2012» баһадүрлер сайысы, «Қазақтың келіндері-ай» бай­қауы, «Батагөй ата» қазына қариялар байқауы және тағы да басқа тартымды да ғибратты іс-шаралар жалпы жамағатты бей-жай қалдырмады.

Қала әкімі Ғалым Әшімовтің бастамасын қолдаған бір топ жергілікті азамат биыл алғашқы рет дербес негізде Станция шағын ауданында тұрғындардың тамаша көңіл-күйде болуына жағдай жасап, қала вокзалы ғимаратында мерекелік әдемі шараларды ұйымдастыра білді. Тура сондай сипаттағы, мейрамды тағылымды ұйымдастыру және өт­кізу жұмыстарына Құрылысшылар шағынауданында №10 кәсіптік лицейі дәнекерлік етті.

Ұлттың ұлылық қасиетін паш етер жарасымды істен қаланы қа­лыптастырушы кәсіпорын – «Өркен» ЖШС «Өркен» Атасу өкілдігінің бас­шылығы мен кәсіподақ ұйымы да тысқары қалмады. Кәсіпорын жайған мол дастарқандағы ұлттық дәмдер мен наурыз көжеден дәм ауыз тимеген адам кемде-кем шығар, бәлкім.

Орнықты ойға ғана емес, тойға да құмар көпшілікті ұтымды ұйымдас­тырылған ұлттық ойындар да тәнті етті. Сол күні олимпиадалық резерв­тегі дзюдо спорт мектебінде қазақ күресінен І қалалық ашық турнир жалауын желбіретіп, орталық алаңда кір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күресі, тоғызқұмалақ ойындары бәсекелі тартысқа айналды.

Ел көңіліне жаққан мейрам ая­сындағы іс-шаралар байқаулар мен сайыстардың жеңімпаздарын және жүлдегерлерін мараппаттау рәсімімен түйінделді. Арнайы құрыл­ған мәртебелі комиссияның тұжы­рымы бойынша, қалалық білім, де­не шынықтыру және спорт бөлімі тіккен киіз үй үздік деп танылып, бас жүлдені иеленді.


ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Міне, күн мен түнді теңестіріп, табиғатты ұйқысынан оятатын, тір­шілік атаулының тамырын жібітіп, қанын жүгіртетін қасиетті Наурыз да келіп жетті. Көктемнің көгілдір күні де алыс емес. Күн қызуы қыстың ақ көрпесін бой-бой тамшыға айналдырып, топыраққа сіңіруде. Көк­тем­нің көрікті күндерінде келетін исі мұсылман халқының жаңа жылы болып есептелетін ұлық мереке әз-Наурызбен қауышу Егіндібұлақ селосында да кең көлемде тойланып өтті. Қаһарлы қыстың екі күн бойғы ақ түтек бораны, жылулық пен мейрімділікті ерте келетін Қыдыр атаны көптен күткені сезілгендей, арыны басылып, бір сәтке болса да тынши қалды. Қашанда ел іргесінің бүтіндігін бақытқа балайтын, Егіндібұлақ жұртшылығы сабырлы да салиқалы татулықтың, бірліктің, мейірімділіктің, ізгіліктің мейрамы Наурызды тойлауға Мәдениет үйіне қарай ағыла бастады. Айнала жайылған ақ дастарқан ұлттық тағамдарымызға толы, қашанда ал­дымыздан ас кетпесін, әрдайым мол­шылық болсын деген ниетпен ауыл имамы Сембек қажы ақ батасын бергеннен кейін қыстың сүрі мен жеті түрлі тағам салынған наурыз көжеден халық дәм татты. Село әкімі А.Дәуіпбаев ұлттық болмысымызды ұлықтайтын, елдігімізді дәріптейтін ұлттық мерекеміз – Ұлыстың ұлы күнімен жерлестерін құттықтаған соң, жиналған қауым думанды қыздыра түсті. Мәдени-мауық орталығының көркемдік жетекшілері Гүлназ Үсенова мен Гүлбаршын Қасымовалар дайындаған «Қош келдің, нұрлы Наурыз!» атты театрландырылған-музыкалық композициясы ұмыт қалып бара жатқан жоралғыларымызды жаңғыртты десе болар. Ауылдың ақ жаулықты әжесі қолына шырақ ұстап «алас, алас» деп, Алладан барлық жаманаттан сақтап келер жыл тек жақсылық әкелсін деген тілек тіледі. Көпшілік Қыдыр ата мен Наурыз Аруын қарсы алды. Оқушылардан құрылған «Мұрагер» домбырашылар және «Замандас» ардагерлер ансамблі, «Айгөлек» балабақшасының бүлдіршіндері ән мен күйден шашу шашты. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, аудан деңгейінде өткізілген «Екі жұлдыз» шоу бағдарламасына қатысқан село тұрғындары, жүлделі екінші орынды иеленген Ғалым Мұқажанов пен Тұрсынбек Қапановты мәдени-сауық орталығының директоры Нұрлан Үкібасов марапаттап, сый-сияпатын тапсырды. Мерекенің соңы спорттық ойындарға ұласты.


Жаңаарқа ауданы.

Сарыарқаның кіндігі, жазиралы дала – Жаңаарқа жері мерекелердің Ұлығы – әз Наурыз мейрамын салтанатты түрде ерекше мерейлі күйде қарсы алды.

Жаңа тірліктің, жаңа бақыттың бастауы, жақсылықтың жаршысы болған осынау ұлы мерекеде барша халық шат-шадыман көңіл-күймен көшеге шығып, даланы думанға бөледі. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін той-думанды тамашалауға жиналды.

Алаңда 12 киіз үй тізбек құрып, ал­тыбақан орнатылып, айнала ұлттық нақышта безендірілді. Киіз үйлерде Ауған соғысының ардагерлері мен көп балалы аналарға, барлығы 265 адамға арналған мерекелік дастарқан жайылды. Аудан әкімдігінің алдындағы алаң бейне бір қазақтың дархан даласының бір пұшпағын алып жатқан қонақжай, жомарт ауылды елестетті. Жастар жағы алтыбақан теуіп, мәре-сәре болып жатса, үлкендер жағы наурыз көже сапырып, келген- кеткен кісілерге дастарқанындағы дәмінен ұсынып әбігер.

Ұлыстың Ұлы күніне орай Жаңа­арқа ауданының көркемөнер­паздары қыстың қыспағынан құтылып, арқа- басы кеңейетін, мейрам шаттыққа кенелетін табиғат ананың оянуын бейнелейтін – «Қош келдің, гүл көктем», «Күн мен түн теңестігі», Абылай ханның 300 жылдығына орай «Абылай хандығындағы Наурыз», Ақселеу Сейдімбектің 70 жылдығы қарсаңында «Сарысу бойындағы көш керуен», атты маз­мұнды қойылымдарды жұртшылық назарына ұсынды. Сондай-ақ, 2012 жыл Астана ТМД мен түркі әлемінің мәдени астанасы болып белгіленуіне байланысты «Астана түркі елдерінің Наурызы» тақырыптарында театрландырылған мерекелік қойылымдар әзірлеген болатын. Осы қойылымдардың барлығы ел көңілінен шықты.

Мереке «Балдәурен» үлгілі би­шілер тобының әсем биімен ашылды. Аудан әкімі Ғабдрахман Омаров жұртшылықты Ұлы мейраммен құттықтап, әр отбасына ынтымақ пен молшылық, құт-береке мен бейбіт өмір тіледі. Облыс әкімінің атынан облыстық тілдерді дамыту бас­қармасының бастығы Х.Омаров тұрғындарға ізгі тілегін білдірді.

«Қош келдің, Наурыз» атты кон­церттік бағдарлама мереке шырайын аша түсті. Арнайы тігілген киіз үйлерде аз қамтамасыз етілген 90 отбасына мерекелік дастарқаннан дәм берілді, 60 балаға құны 1000 теңгелік сүт, нан, кондитер өнімдері салынған азық-түлік себеттері таратылды. Барлық қонақтар өздеріне көрсетілген бұл құрметке риза болып, алғыстарын айтты. Ұлттық мереке күні дәстүрге айналған «Ең үздік ұлттық тағам» сайысы, ұлттық спорт түрлерінен және қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырылып, «Бауырсақ» фестивалі өткізілді. Бір шетте тәтті- дәмді тағамдар саудасы қызып жатса, сүт, ет, өнімдерін төменгі бағамен ұсынатын «Ауыл-береке» жәрмеңкесі аудан тұрғындарының қуанышын еселеп жатты.

Дүрілдеп өткен бұл мерекеге келген аудан халқы мен қонақтар риза болысып, алғыстарын білдірді.

Осындай мерекелік іс-шаралар ауданның түкпір-түкпіріндегі барлық селолық округтерде ұйымдастырылды.

Мерекеден соң аудан әкімі Ғ.Омаров сырқаттанып жатқан үш ең­бек ардагерінің үйіне барып, сый­лықтар мен 5000 теңгенің азық-түлік жиынтықтарын табыстап, ақыл­гөй қа­риялардың ақ батасын алды.

ШЕТ ауданы.

Ұлыстың ұлы күні – Ұлу жылы Нілді аулында атаусыз қалмады. Таңертеңгі оннан басталған Наурыз мейрамы кешке дейін жалғасып, көрермендерді көзайым етті.

Күн көкжиектен арқан бойы кө­терілгенде тұрғындар қарасы мә­дениет үйіне қарай ағылған. Мә­дениет үйінің дәлізіне көше-көшенің кісілері ұзыннан-ұзақ үстел тартып, кең дастарқан жайыпты. Келген қонақтардың барлығы дерлік дас­тар­қаннан дәм татып, бір-бір кесе наурыз көжеден ауыз тиді. Тойды ауыл ақсақалы Жангелді Сарбасов Наурыз батамен бастады. Құшақ-құшақ қуанышпен қауышқан ел төс қағыстырып, қауқылдаса бергенде мәдениет үйінің бас маманы Ермек Тәжентаевтың ұйымдастыруымен іш­тегі өнерпаздар концерт тізгінін қағып үлгерген-ді. Тізгінші Дастан Тоқ­шылықовтың сөзінен кейін сахнаға шыққан Әжелер ансамблі «Аулың сенің іргелі» деп сызылта шырқап барып, «Жүгіріп шықтым белескемен» қайырды әндерінің соңын. Өнер көрсеткен басқа да бозбала, бойжеткендер көктемнің гүліндей құлпыра көрініп, көрер көзді тұсағандай. Ше­тінен шексіз ықыласқа бөленді. Ан­талаған әлеумет әнге ұйып қалыпты. Дәл осы арада «Қыз сыны – 2012» байқауы да басталып кеткен. Сайысқа түскен бес ару таныстыру, сұрақ-жауап, өнер және ақ дастарқанның ас мәзірі сияқты сынақтар бойынша бақ сынасты. Әр сайыскер өз көшесінің намысын жыртқан соң тұрғындардың делебесі қозып, байқау тартысты өтті. Әсіресе, Сәкен Сейфуллин шы­­ғармашылығынан «Аққудың айрылуы» өлеңін мәнерлеп оқыған Мар­жан Сьезбекқызы мен Нұрғиса Тілендінің «Аққу» күйіне билеген Жанар Ерболатқызының өнері тәнті еткен көрермендерді. Талапкерлердің ішінен Айдана Қайратқызы мен Маржан Сьезбекқызы топ жарып, бас жүлде мен бірінші орынды иеленді. Қалған қатысушылар да құр алақан қайтқан жоқ. Арнайы дипломдармен марапатталды. Құс қанатының сусылымен жеткен көктемді қызыққа бөлеп, құлпырта түскен аруларды ауыл елдің ажары демей гөр осыдан кейін.

Бұған дейін далада ұлттық ат спорты ойындарынан жарыстар басталып кеткен екен. Атқа қонған жігіттердің тақым беріктігін сынайтын аударыспақ ойын үлгісі көрсетілді. Апыр-топыр ат үстінде арпалысқандарды көшпен­ділер рухының құдіреті шалықтады білем. Бір-бірін жерге түсірмесе де, қызды-қыздымен біразға барысты.

Желік қуған жігіт-желең, желтақым шабандоздар ауыл сыртына тай жа­рысқа шықты. Жылқы мінез қазақтың құлын жаны кісінемей тұрған ба? Тайлы-тұяғымызбен сонда жосыдық. Әр көшенің маңдайға басқан шап­пайберлері, жал-құйрығы сүзілген, жұнт­тай тай-жабағылар жұтынып-ақ тұр. Бас бәйгеден аты бардың бәрі дәмелі. Қарақшыдан қара үзіп, мәре сызығын алғашқы болып қиған құлагер атқұмар азамат Ғалым Текеновтің тайы еді. Үркердей топ ішінен екінші келген Ерболат қажының тобылғы торысы. Екі орынға да жүлде – ақшалай сыйлықтар берілді. Арқасы қозған көк бөрінің ұрпақтары ауыл ақсақалынан бата алып, көкпар тартып кетті. Адуын, қайсар білек азаматтардың уыт-жігері сынға түсер тұс қой – бұл. Айқайға сүрең қосқан ағайын аз-маз қызықтап, үйді-үйіне тараса барды. Марғау Нілдінің бауыры бұйығы қалпын той-думанға бөктіріп, мауқын бір басқандай.

Айтпақшы, кешке орталық кө­шенің үлкен-кішісі ауыл азаматы Шаһарманның шаңырағында бас қо­сып, наурыз тойын сонда жалғас­тырды. Ағайынның ақ тілегі қабыл болғай!


Ерсін Мұсабеков,

Жансая ОМАРБЕКОВА,

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,

Жадыра Бейісбекова,

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,

Тәслима ҚҰРМАНСЕЙІТОВА,

Сағыныш Әбілова,

Жәнібек Әлиман.

Суреттерді түсірген Л.Галимов.


 Пікірлер: 0
 Оқылған: 3611
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px