Шеберлік арттыруда теңдессіз шара - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Шеберлік арттыруда теңдессіз шара
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»


Жуырда Саран қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Нұрсұлтан ӘШЛЯЕВТІҢ қатысуымен «Гражданская инициатива – 2005» қоғамдық қоры қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсыры бойынша ақпараттық насихат тобына арнап шеберлік сыныбын өткізді. Айта кетейік, дәл мұндай жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шарасы облысымызда алғашқы рет өткізіліп отыр.
– Мемлекетіміз ұстанған саясаттың басты бағыттарының бірі – жемқорлықтың көзін жою. Сондықтан, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстары аясында біз түрлі іс-шаралар өткіземіз. Сөзіміздің дәлелі ретінде бүгін ақпараттық насихат тобының дәріскерлеріне арнап, осы шебер­лік сыныбын өткізіп отырмыз. Себебі, осы топ ұсын­ған материалдардың сапасы тұрғын­дарымыздың құлағдар болу деңгейінің артуымен, тиісінше, жемқорлықтың азаюы­мен байланысты болмақ. Өз­деріңіз білетіндей, жергілікті газетіміздің бетінде «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» айдарымен тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында жоспарлы жұмыс жүргізіледі. Бірінші тоқсанда сондай бес материал жарық көрді. Сонымен бірге, ай сайын «сенім телефоны» мен бөлім меңгерушілерінің азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау кестелері жарық көреді. Қала жастарының қатысуымен «Жемқорлықты тоқтатайық» атты акция ұйымдастырылады, – деді Саран қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Түртбаева.
Ұйымдастырушылар жемқор­лық мәселесіне қатысты айтылар ойдың қонымды болуын ескеріп, қатысушыларды төрт топқа бөлген екен. Солардың қатарында ақпараттық насихат тобының дәріскерлері ретінде мемлекеттік жергілікті атқару органдарының қызметкерлері де болды. Әр топта кемі 4-5 адам бар.
Шеберлік сыныбы «Жемқор­лық – біздің ортақ қасіретіміз» атты бейнебаяннан басталды. Сатып алынған жүргізуші куәлігінің жазымға әкеліп соқтырғаны жайлы көрсетілген уақиға желісі ешкімді бей-жай қалдырмады. Бұл да жемқорлықтың бір түрі. Жемқорлық түрі демекші, ұйымдастырушылар сөз бастамас бұрын қатысушылардан осы жем­қорлық түрлері туралы сұрады. Қатысу­шылардың айт­уынша жемқорлық көбінесе қызмет бабын жеке бас қажеттілігіне қолдану, асыра пайдалану, заңбұзушылыққа жол беру кездерінде орын алады. Расымен де, осы коррупция (жемқорлық) термині латынның corrumpere – құртылу, corruptio – параға сатып алу сөздерінен пайда болған екен. Яғни, лауазымдық тұлғаның өз билік өкілеттілігін және оған сеніп тапсырылған құқықтарды, сонымен бірге осы ресми мәртебеге сай бе­делді, мүмкіншіліктерді, та­ныс­тықты заңға және адам­гер­шілік құндылықтарға қай­шы пайдалануы. Алайда, мұның түрлері бұдан да көп. Ал, жем­қорлықпен мемлекет болып күресу­іміздің себебі неде? Себебі, жемқорлық қай мем­лекеттік болсын дамуын тежейді. Жем­қорлық асқынған елдің бола­шағы бұлдыр, келешегі күмәнді. Шараның өзегі де сол. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу.
Жүргізуші әр топтың алдына қойылған конвертті ашуды өтінді. Ішінде – қағаз қиындылары бар екен. Қатысушылар қиындыларды дұрыс орналастыра келе белгілі бір суреттің сұлбасы пайда болғанын көрді. Қатысушылар топ болып талдау жасады. Сөйтіп, бірінші үстелде «төленді» деген мөрі бар жоғарғы оқу орнының емтихан кітапшасы, екінші үстелде дәрігер суреті, үшіншісінде пара ұсынған шенеунік, ал төртінші суретте ақша толы полиция қызметкерінің фуражкасы бей­неленіпті. Тапсырма бойынша әр топтан бір азамат шығып, жаңағы суреттерге қатысты өз ойларын білдірді.  
Қоғамдық қор қызметкерлері шеберлік сыныбын өткізуге тың­ғылықты дайындалған екен. Шараны өткізбес бұрын ұйымдастырушылар Саран қаласында 108 тұрғынды қамтыған әлеуметтік сауалнама жүргізіпті.
– Сауалнамаға қатысқан тұрғын­дардың 32 пайызы ер азаматтар және 68 пайызы әйелдер. Жас шамалары да әр түрлі. 25 жасқа дейінгілер – 19%, 25-35 жас аралығындағылар – 25%, 45-55 жаса аралығындағылар – 26% және 55 жастан жоғарылар – 4%-ды құрады. Олардың білімдері, лауазымдары мен қызмет салалары да сан алуан. Бәрінің айтары бір. Жемқорлық – қызмет бабын өз пайдасына пайдалану. Сарандықтардың айт­уынша, жемқорлықтың ең көп таралған түрі – парақорлық. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жемқорлық мемлекеттің барлық секторларында кездесетін болып шықты. Ал, сауалға жауап қатқандардың басым дені жемқорлықпен жол ережесін бұзған, жүргізуші куәлігін алған (көлікті тіркеген, техникалық байқаудан өткен) кездерде МАИ қызметкерлеріне пара беру сәттеріне тап болғандарын жеткізді. Парақорлықтың ең көп бөлігі (сауалнамаға қатысқандардың 38 пайызы) құқық қорғау органдарына тиесілі. Сауал жүргізілгендердің 19 пайызы өздері не болмаса жақын туыстары ешқашан пара бермегендерін айтса, 66 пайызы параны көбінесе құрылым басшылары алатынын жайып салған. Зерттеу мәлімет бойынша жемқорлықтың тамырын саяси (мемлекеттік жүйе), экономикалық (мемлекет, жеке меншік сектор, тұрғындар, олардың құрылымы, қызмет етуінің тиімділігі арасындағы экономикалық қарым-қатынастар), құқықтық (заңдардың заман талабына сай келуі), моральдық-этикалық (моральдық қағидалар, мәдениеттілік деңгейі, қоғамдық дәстүрлер, білім мен тәрбие) сынды төрт түрге бөлуге болады. Сауалнамаға қа­тысу­шылардың айтуынша бірінші орынды биліктің жемқорлыққа деген бойкүйездігі алады екен. Алған жауаптарды саралап, себептерін санаттары бойынша (саяси, эконо­микалық, құқықтық және моральдық-этикалық) топтастыра келе мынадай қорытындыға келдік. Жемқорлық – біздің қоғамның рухани-адамгершілік мәселесі, – деді «Гражданская иниц­иатива – 2005» қоғамдық қорының директоры Юлия Гляненко.
Ал, жемқорлыққа қарсы шара қолдану мәселесіне қатысты сауа­л­намаға қатысқандар пікрлерін әр түрлі білдірді. Бірі тұрғындардың өмір сүру деңгейін жоғарлату қажет десе, келесісі пара алу жағдаятына қарастырылған жазалау шараларын күшейту керектігін алға тартады. Дегенмен, көпшіліктің ойынша жемқорлықтың көзін жою үшін ең алдымен заңды қатаң сақтау қажет.
Бұл мәселе біздің елге ғана тиесілі дерт емес. Жемқорлықпен күресудің жолдары халықаралық деңгейде де кеңінен қарастырылған. Ұйымдастырушылар жемқорлықпен күресудің халықаралық үлгілерінен мысалдар келтіріп, қатысушылардың арасында қызу пікірталас жүргізілді.
Шара соңында Нұрсұлтан Ашляев өткізілген шеберлік сыныбына өзінің тиісті бағасын беріп, жалпы қорытынды жасады.

САРАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 465
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px