«Су сұрасам, сүт берген...» - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

«Су сұрасам, сүт берген...»
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

– Кешегі балқаймағың тамаша!
– Ірімшігіңіз қаншадан?
– Құрт әкеліңізші, Майра...
Қарағандының Оңтүстік-Шығыс  бөлігіндегі Республика даңғылына жиналғандардың таңмен ортаға алғаны – сүт сататын келіншек. Сүйреткен көк ала сөмкелерінің іші толған қазақтың ұлттық тағамдары. Бұрын...
... «7 жасар ұлын ертіп Майра келетін. Шіркін,екі сөмкені сүйреткен баланың белі қайыспай ма деп ойлайсың. Өзі көше аралап сүт сатқанда, баланы сөмкеге қарауыл етіп кетеді. Итқұс иіскеп кетпесін деп. Саудасы біткенде балмұздақ сатып әпереді. Бала – мәз. Баланы көріп, ана мәз.
Екі-үш сиыры бар. Бір күнде (3 сиыр) 10 литрден – 30 литр сүт алады. Бір шана шөпті – 30 000 теңгеге сатып алады. Ойлап қараған адамға білдей бір сүт фабрикасының жалғыз қызметшісі секілді. Сүт сатып, балаларын асырады, оқытты», – дейді 1979 жылдан бері сол көшеде тұратын ағай.
– Электронды сүттартқыш сатып алып едік. Айға жетпей бұзылды. Қолмен тартқаным дұрыс-ау, – дейді бізді байқаған Майра бос бөтелкелерді асығыс жинап жатып. Орыстың кейбір әйелдері оған  бос ыдыстарын сыйлайды екен. Майра оларға сүт, қаймақ, құрт салып әкелуді уәде еткен болды.
Сөмкеде соңғы қалған 500 грамм ірімшікті Гүлжаһан әжей алды. Күрсініп тұр.
– 1989 жылдары Қытай көк сөмкені нарыққа шығарды. Қазірге дейін осы сөмке қазақ әйелінің қолынан түскен жоқ. Майра-ау, мына жұрттың тағамдарыңды талап алатыны қандай жақсы?!  Көтеріп қайтпайсың. Бұл да бір Алланың сені жарылқағаны шығар, – деді.
Егер, ол сүт сатуын тоқтатса, Оңтүстік-Шығыста тұратын орыс, қазағы аралас Заречныйға іздеп баруға әзір секілді. Науқас жанға қолдың ірімшігі қажет екен. Оған біреу хабарласып осылай деді.
Байқасаңыз, бір ғана қазақы ірімшіктің нәрлі құрамында – 25%  ақуыз, 30%  май бар. Аса бағалы амин қышқылының, А, В дәрумендерінің, пантотен қышқылының, кальций және фосфор тұздарының көптігімен ерекше. Адамның ағзасы сол ірімшіктегі нәрлі заттың 99%-ын сіңіреді. Жұмсақ орындықта сүт қосып шәй ішіп отырсақ та бейнет көрдік дейміз-ау... Қазақтың тағамын дәріптеген қолыңызға  Құдай қуат берсін!
Майра бүгін – мәз.  Кезіндегі 7 жасар азамат жақында әскерден келеді. Ол отырған автобуста сол ән ойнап тұр. Заречныйға кетіп барады.
«...Су сұрасам, сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!..»

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 208
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px