Тұғыр - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Биыл – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Осынау той жылында төрге озуымыз Қазақ Елінің халықаралық аренадағы беделін үстемелеп, ұстанымын қуаттап отыр. Анығын айтқанда, біздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі секілді мәртебелі ұйымның аса маңызды миссиясын атқару тізгініне ие болуымыз бір күнгі беделдің жемісі емес. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен сындарлы сыртқы саясатымызға көрсетілген құрмет. Тәуелсіздігіміздің 25 жылында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев елдегі тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін халықаралық қауымдастық алдында Елін сүюдің ерен үлгісін танытты. Сыртқы саясатқа да сыртын бермей, аса қатерлі дау-дамайларды шешуде байсалды ұстаным танытып, арағайындық миссиясын абыроймен атқарды. Міне, бүгінгі жеңіс – Нұрсұлтандай Көшбасшысы бар Елдің ең абыройлы биігі.

Иә, біз бір жылдары тағдырын СССР шешіп, несібесін Мәскеу бөлген ел едік. Сол Одақтан отау шықпай тұрып-ақ, біздің Президентіміз қазақ халқы үшін аждаһаның апаны болып келген Семей полигонын жапты. Естеріңізде болар, ҚР Тұңғыш Президенті бұл Жарлыққа 1991 жылы 29 тамызда қол қойған. Ал, Қазақстан Көшбасшысының бұл Жарлығынан кейін ғана БҰҰ тура осы күнді Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні деп жариялады. Яғни, Қазақстанның бастамалары бұған дейін де БҰҰ-ның кәдесіне жарап келді. Айтып-айтпай не керек, біз қарусыздану саясатының әлемдік эталонына айналған елміз!

Адамзат баласының ізгі пиғылы қару асынып, ұрыс салуға ықтияр емес. Өкінішке орай, кейбір санаулы мемлекеттердегі сабырсыз саясат қана соғыс өртін тұтандыруға оң иығын беріп тұрады. Жаһандық саяси аренада «Назарбаев нұсқасы» делінетін заманауи терминнің қалыптасқанын және білесіздер. Бұл нұсқаның мазмұны мен өзегінде қажырлы қазақ қайраткерінің бейбітшіл идеялары мен қарусыз қоғам құру жөніндегі байыпты бастамалары бар.

Қазақстан дәл бүгінгідей мәртебелі ұйымға мүше болу мүмкіндігіне Орталық Азия елдері арасынан тұңғыш болып қол жеткізіп отырғанымызбен, бұл – Қазақстан шыққан бірінші төр емес. Мәселен, біз – бұған дейін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес құру бастамаларымен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етумен, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеяларымен, қауіпсіз жаңа әлем мен әділетті қоғам құруды көксеген «G-global» жобасымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымына құрылтайшы болумен дараланған елміз. Түйіндей айтсақ, Қазақстан – әуелден-ақ алты құрлықтың ақылманына айналған ел.

Әсіресе, Қазақстанның ЕҚЫҰ тізгінін ұстаған сәтінде атқарған жаһандық деңгейдегі маңызды миссиясын ерекше атауға тиіспіз. Астана төрінде халықаралық деңгейдегі аса беделді ұйымның саммитін өткізіп, идея авторы Нұрсұлтан Әбішұлы болып табылатын «Қауіпсіздік қауымдастығына бетбұрыс» атты Астана декларациясын қабылдадық. Соңғы 10 жылда ЕҚЫҰ дәл осындай алқалы басқосу ұйымдастыруға қол жеткізе алмағанын сол 2010 жылғы Астана саммитіне қатысқан халықаралық саясаткерлердің өзі мойындағаны естеріңізде шығар...

Ол аз десеңіз, Вашингтондағы ядролық қауіпсіздік саммитінде жарияланған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде қабылданды.

...Орталық Азия – Алты Алаш атанған мәуелі бәйтеректің Отаны. Ендеше, Алты Алаштан шығып, алты құрлыққа ақылман, содырларға араағайын болып, бейбітшілік бесігінің белағашына айналған Қазақстанның бейбітшіл миссиясы тағы бір мәртебелі ұйымға мүше болуымен қуатталды. Бұл – мойындалған беделдің, асқақтаған абыройдың жеңісі!

Тұғыр! Қазақ Елі үшін – лайықты тұғыр!

Қуанышымыз құтты болсын, ағайын!

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 772
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px