Тақырыптар терең қаузалды - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Дүйсенбі күні облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жыл басынан бері мемлекеттік сатып алулар бағытында жүргізілген жұмыстар сарапқа салынды. Және аталған отырыста ауыл шаруашылығы саласындағы ілкімді жобалардың аяқ алысы мен биылғы мерейтойларға дайындық барысы талқыланды.

Облыстық мемлекеттік активтер мен сатып алулар басқармасының басшысы Мұрат Кадековтың айтуынша, облыста жыл басынан бері жоспарланған мемлекеттік сатып алулар көлемі 81,5 млрд. теңгені құраған. Бұл соманың жартысынан көбі ашық конкурс әдісімен өткізілген мемлекеттік сатып алуларға тиесілі. Конкурстық іс-шараларды уақытында өткізу мақсатында облыста арнайы желілік кесте түзілген. Соған сәйкес, 8 шілдедегі жағдай бойынша облыста құны 35 млрд. 724 млн. теңге болатын 796 конкурс өткізу көзделген. Облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тарапынан 17 млрд. 605 млн. теңгеге 316 конкурс өткізу жоспарланған. Қалалар мен аудандарда 18 млрд. 119 млн. теңгеге 480 конкурс ұйымдастырылады. 8 шілдедегі мәліметке сүйенсек, 780 конкурс (98 пайыз) көрсетілген уақытында жария етілді.

«Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламалары аясында мемлекеттік сатып алулар шаралары жүзеге асырылуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Асанов облыстағы сүтті сиыр шаруашылығының дамуы туралы баяндама жасады.

«Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында 2016-2020 жылдар аралығында аймақтағы сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту бойынша шеберлік жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, 2020 жылдың аяғына дейін сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал саны 25 мыңға жетіп, сүт өндірісі жыл сайын 4 пайызға артып отыруы тиіс.

Сүтті мал шаруашылығы етті бағыттағы мал шаруашылығына қарағанда тиімді екендігі ғылыми дәлелденген. Мәселен, бұзаулаған бір сиыр жылына орта есеппен 3 мың тонна сүт береді. Бұл – ақшаға шаққанда 350 мың теңгенің шамасындағы кіріс. Ал, етті бағыттағы сиыр жылына 180 мың теңге тұратын бір бұзауды туумен шектеледі.

Қазіргі таңда облыста 629 мың ірі қара бар. Оның 245 мыңы сиыр. Сондай-ақ, облыс бойынша 13 шаруашылықта сүтті бағыттағы сиырлар өсірілуде. Жыл басындағы есепке жүгінсек, олардың саны 1786 сиырды құраған.

Сиыр санының көбеюімен қатар, сүт өндіру ісі алға басып келеді. 1 шілдеде жыл басынан бері өндірілген сүт көлемі 147,3 мың тоннаға жеткен. Яғни, Абай ауданынан басқа барлық өңірлерде сүт өндірісінің қуаты артып келеді.

Биылғы жылы тағы 5 сүтті-тауарлы ферма құрылмақ. «Ырыс» бағдарламасы бойынша ашылатын бұл фермалардан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландыруы арқылы 1400 сиырға арналған 4 ірі қожалық жұмысын бастайды. Бұл шаруашылықтардың жалпы құны – 2,1 млрд. теңге. Шет, Нұра және Бұқар жырау аудандарында қолға алынады.

Биыл Қарағанды облысының құрылғанына – 80 жыл. Мерейтойға байланысты облыс көлемінде игілікті істер қолға алынуда. Бекітілген жоспарға сәйкес, биыл 203 іс-шара атқарылады. Сонымен қатар, бірнеше жерде әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі.

Бұқар жырау ауданы, Петровка селосы және Абай ауданы, Құрма селосындағы дәрігерлік амбулаториялардың, Балқаш қаласындағы 320 орындық «Балақай» балабақшасының, Ботақара кентіндегі 464 орындық қазақ орта мектебінің тұсаукесері осы мерейтойлық іс-шаралар шеңберіне орайластырылуда.

Жыл соңына дейін Сәтбаев қаласында 600 орындық білім ордасы, Ұлытау, Шет аудандарында дәрігерлік амбулаториялар, Жезқазған қаласында 320 орындық балабақша, Қарағанды қаласының «Кең дала» шағын ауданында жаңа мектеп ашылады деп күтілуде.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына орай Қарағанды қаласында бірнеше шараның басы қайырылмақ. Солардың бірі – ғылыми-тәжірибелік конференция болса керек. Бүгінде конференцияны ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Октябрь ауданының атауын Әлихан есіміне беру мүмкіндіктері қарастырылуда. Сондай-ақ, Алаш көсемінің туған жері – Ақтоғайда да мерейтойлық шаралардың дені өтпек. Аудан әкімі Салтанат Әбеуова айтып өткендей, сондағы өлкетану музейінде экспозициялық диорама ашылып, Ақтоғай кентіндегі Ә.Бөкейхан атындағы мектеп алдына көсемнің ескерткіші қойылады.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2480
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px