Тас қашау – тағылымды өнер - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Көңілі даласындай дархан, пейілі кең қазақ адам баласына ешқашан жаттық танытпаған. Ұлтына, түріне, тіліне, діліне қарамастан «адамның баласы ғой» деп бауырына басып, барын беріп, адал асын бөлісіп жеді. Сонау қуғын-сүргін жылдарында өз Отандарынан опа таппай, қудалауға ұшыраған түрлі ұлт өкілдерінің бейбітшілік бесігіне айналған қазақтың жері қашанда қасиетті.

Лек-легімен, бұрын-соңды көрмеген жерге келіп, тосырқай қараған қалың жұртты қазақ отбасылары бөліп алып, түсінісіп, жылы шырай танытып, асырап-сақтап, паналатты. Туған-туыстан, туған жерінен айрылып, өзге елге келсе де өгейсітпей, ел қатарлы өмір сүрулеріне мүмкіндік туғызған қазақ еліне Хаваш Зулымбекұлы Холухаевтың отбасы дән риза. Әкесі Зулымбек тағдырдың жазуымен репрессия жылдары Кавказ елінен қазақ жеріне табан тірейді. Темірдей тәртіпке бағынған, салт-дәстүрді ерекше қастерлейтін Зулымбек атай тас қашау өнерінің хас шебері болады. Адал еңбектің абыройға жеткізеріне әу бастан қанық ингуш ұлтының өкілі еселі еңбек, нақты кәсіп – тіршіліктің тірегі екендігін, тәлімді тәрбие мерейлі отбасы, шайқалмас шаңырақтың алтын діңгегі болатындығын балаларының санасына жастайынан сіңіріп өсіреді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Зулымбек атайдың 13 баласының ішінен ата кәсібі, әке жолын ұстанып жүргені Хаваш ағамыз. Жастайынан әкесі жұмыс жасайтын Қарқаралы қаласының басындағы тұрмыстық комбинатқа ере барып, тас қашау кәсібінің қыр-сырын әбден меңгеріп шығады. Төзімділік пен ұшқырлықты қажет ететін таулы өлкенің түлегі, өзіндік қыры мен беймәлім сыры көп өнерді осы Хаваш ағай бүгінде жалғастырып келеді. Көп сөзге жоқ, тұйық, тас қашап, құлпытас жасайтын шеберді қарқаралылықтар жатқа таниды, сыйлайды. Сұранысқа ие кәсіп. Жасаған құлпытасы тұтынушыларының көңілінен шығып жатады. Бағасын да қарапайым халықтың қалтасы көтереді. Құлпытастары нағыз маңдай тер, қол еңбегінің жемісі. Керекті материалдарды Қарағанды қаласынан алып келеді. Сондай-ақ, осы бір жауапты істі қолға алып, шын ынта-пейілімен жасап, адамдардың алғысын, Алланың сауабын алып жүреді. Ішімдік ішіп, темекі тартпайды. Жары – Галина Иосифовна Садовская, украин қызы. Мақалдатып-мәтелдетіп қазақша сөйлегенде еріксіз таңғаласың. «Тасбұлақ» демалыс орнында массаж маманы болып еңбек етеді. Бұл кісінің анасы Анна Михайловна Садовская да жер аударылғандардың бірі. Ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына өзіндік үлесін қосқан жандардың бірі. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» дегендей, қиын-қыстау кезде бауырына басқан қазақ халқына Анна Михайловнаның пейілі зор, құрметі ерекше. Қыздарына да қазақ деген халықтың асыл қасиеттерін айтудан әсте жалыққан емес. Содан болар, Галина апай Хаваш ағайға тұрмысқа шыққаннан кейін мұсылман дінін қабылдағанда қарсылық танытпай керісінше, «кімге тұрмысқа шықтың, соның ынта-пейіл, ұсынысымен, салт-санасымен өмір сүруің керек» деп құптайды. «Балаларымның ертеңі үшін мұсылманның сүннетімен, Алланың үйі Құнанбай қажы мешітінің сол кездегі имамы Нұрбек қажыға барып, мұсылман дінін қабылдап, тілімді кәлимаға келтіріп, Аллаға адал ниет еттім. Галина есімімді Ғалия Иосифқызы деп ауыстырдым. Басыма орамал тағып, ислам дінінің әдет-ғұрпын ұстанып келемін. Айт мерекесінде айт намазына қатысып, дастарқан жаямыз. Құрбандық шалып, жетім-жесірлерге таратып, пітір-садақа береміз. Сондай-ақ, жолдасым Хаваш та балаларымызға «жатқанда да тұрғанда да «бісіміллә» деп айтыңдар» деп үйретумен жүреді. Демалыс орнына келгендерге қызмет көрсеткенде олар менің таза қазақша сөйлегенімді көріп, таңғалып жатады. «Ұлтың кім?» деп сұрайды. Сонда мен «Қарқаралының бәрі Қаракесек, мен де Қаракесекпін деп» жауап беремін. Ризашылықтарын білдіріп жатады...» дейді зейнеткер Галина апай.

Қарқаралы қаласында өзіндік орны бар осы бір отбасының қазақ халқына деген құрметі ерекше. Үлкендері ер басына күн туған заманда достық құшағын аша білген қазақ елінің қадір-қасиетін ұрпақтарының санасына құйып тастаған десе де болады. Осы үрдісті ұстанған Хаваш ағай мен Галина апай және балалары туған жерлері Қазақстанды алтын бесігіміз деп, қазақы санамен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден танған емес. «Жақсы жан ай мен күндей, әлемге бірдей» демекші туған-туыс, таныс, дос-жаран, көршілерімен ынтымағы жарасқан берекелі отбасының тәлімді тәрбиесі, ата кәсіптері ұрпақтарына жалғасып, айналасына нұрын шаша берсін демекпіз.

 

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 141
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px