Татулықтың ұйытқысы - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Мен саналы ғұмырымдағы екі қоғамды бастан өткерген жанмын. Себебі, кеңес дәуірі кезінде тәрбиеленіп өстік, білім алдық. Қалаған мамандығымызды игере отырып, туған халқымызға қызмет етуге бел будық. Өзім осы бүгінгі Шашубай қонысының тумасымын. Ол кезде «Рыбтрест» деп атайтын. Қазіргі №7 орта мектепте оқыдық. Зымыраған уақыт бәрін де көз алдымызда өзгертті. Қазақ елі басқа да одақтас республикалар секілді Тәуелсіздігін жариялады. Менің қазақ достарым өздерінің ата-бабалары аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне қалай шаттанып, қуанды десеңізші. Осы қуаныштың асқақ сезімі біздің де жүрегімізге жетіп, еркін ойлаудың, арман-мұратқа жетудің өзегі екеніне риясыз сендік, – дейді Галина Григорьевна Крикун.

Галина Григорьевна бүгінгі айрандай ұйып отырған еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына көз жүгіртіп, мүлдем басқа қоғамда өмір сүріп жатқанын жеткізеді. Тәуелсіздіктің өркениет үрдісінде дамуы әр жүрекке сәуле құйды. Әлдеқашан қарыштап, дамып кеткен алып мемлекеттермен иық тірестіре отырып, алық-берік жасау үстіндеміз. Осының бәрі Тәуелсіздіктің жемісі. Галина Григорьевна кеңес кезінде өзбек елінің Қоқан қаласындағы техникалық училишені жіп иіру мамандығы бойынша бітіріп шығады. Елге оралып, әр түрлі салада еңбек етті. Қоғамдық сауда ұйымында, кешегі аудан орталығы Озерный поселкесінде тұтынушыларға қызмет ету мекемесінде еңбек етті. Жолдасы Қапарбек Ақжанұлы – еңбекшіл жан.

Галина Григорьевна Қазақстандағы ұлттар достығының беріктігіне, ынтымақтастығына өз үлесін қосып жүр. Шашубай қонысындағы барлық қоғамдық іс-шараларға белсене араласады. Қазақтың дәстүр-салтын жақсы біледі, ана тілімізді де құрметтейді, сөйлейді, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі, – дейді Шашубай қонысындағы кітапхананың жетекшісі Бибіжамал Қалиева.

Бейбіт өмірге не жетсін?! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған салиқалы саясат туған өлкемізді гүлдендіріп, адамдардың бірлесе еңбек етіп, өмір сүруіне бастап келеді. Маған, әсіресе, өркениеттің озық технологиясы қатты ұнайды. Өздеріңіз байқап қараңыздаршы, тіпті, жап-жақын тұрған екі ауыл тұрғындарының телефонмен сөйлесуі қиямет-қайым еді. Қазір басқаша, үйіңізде отырып, жер шарының әрбір нүктесінде не болып жатқанын көре аласыз, ғарышпен тілдестік. Жасыратыны жоқ, 25 жылдың ішіндегі өзгеріс таңдай қақтырады. Біз Тәуелсіздікті бағалай білуіміз керек. Оның әрбір қазақстандық үшін аса қымбат екенін қастерлей білсек ұтарымыз көп. Қол жеткен табысты, жетістікті, күнгей жағымызды ашық айтып отырсақ, оңды болар еді. Біздің мемлекет әлі бұдан да әрі кемелдене түседі. Мамыр мерекесі Қазақстандағы сандаған ұлттардың басын қосып, бірлікке, татулыққа үндейді. Қазақта «тату үйге тақсырет жуымайды» деген қанатты сөз бар ғой. Бейбіт өмір баянды болсын, Елбасының кешегі бүкіл әлем жұртшылығына жариялаған ядролық қарусыз өмір сүруге шақырған манифесі де адамзаттық ортақ құндылықтан туындап отыр, – дейді Галина Григорьевна бізбен әңгімесінде.

Өмір көрген аяулы жанның игі тілегі баянды болғай!

 

АҚТОҒАЙ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 122
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px