Тазалық – кіре берістен басталады - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Жас ұлғайған сайын қонаққа жиі барамыз.  Біздің қатарымыздың  бірінің ұлы үйленіп, енді бірінің қызы тұрмысқа шығып жатады. Алды немере де сүйіп, ата-әже атануда. Қатарластарымыз балаларын қызықтап, кейде үлкен мейрамханаға, кейде үйіне шақырады. Бұл жолы барған үйім тым алыста емес. Өзім тұратын «Аққайыңға»  қарама-қарсы жаңадан бой көтерген «Астана» шағын ауданы. Арасында осындағы «Бәйтерек» балабақшасына немеремді алуға барамын. Сонда қысқа уақыт ішінде салынған зәулім үйлерге қызыға көз тастап, ауласында ойнап жүрген қазақтың қара домалақ балаларына сүйсіне қарайтынмын. Себебі, пәтерге қол жеткізіп жатқандардың көбі – жас отбасылар. Іштей осыған қуанамын.

Енді, міне, осында тұратын танысымның баласы ҰБТ-дан жоғары балл жинап, сол қуанышқа ортақтасуға келе жатырмын. Қолы босамай жатты ма, домофонға жауап бере қоймады. Кіреберістің есігі ашық екен, көп кідірместен, баспалдақпен жоғары көтерілдім. Бірінші қабат, екінші қабат.... Мен көтерілген жоғары қабатқа дейін шашылған күл-қоқыс, темекінің тұқылы, босаған шөлмектер, тамақтың қалдығы. Сырты жарқырап тұрған үйдің ішіндегі мына ыбырсыған күл-қоқысты көріп, көңілім құлазыды. Өзім тұрып жатқан үйдегі көршілерім ойға түсті. Күнде деп өтірік айтпайын, аптасына бір рет жастар түгілі, белі бүкшеңдеп  қарт әжелер (өзге ұлт өкілінің) өзі тұратын пәтердің баспалдақтарын сыпырып, сүртіп жатады. Тіпті,  қасынан қысылып өтетін кезіміз болған.

Құрбым құшақ жая қарсы алды. Дәм үстінде «бұл үйге кіргендеріңе қанша жыл болды?» деп сауал тастадым.

– Төрт-бес жылдың жүзі болып қалды-ау,– деді. Іле,  – Неге сұрадың?,– деп таңырқай қарады.  Мен ойымды ірікпедім.

– Әжептәуір жасқа келсек те өзіміз тұратын алаңды жиі жуып, тазалап аламыз. Тіпті, тазалыққа жауапты адамымыз бар. Сол кісіге ақшамызды төлейміз. Мен жас отбасыларды түсінбеймін. Жас деймін-ау, 30 бен 40 жастың арасындағылар. Маңайын таза ұстауға мән бермейді,– дедім қынжылып.

Бұл күнде баспанасы бар адам – бақытты. Жасыратыны жоқ, кейбірінің баспанаға әзер қолдары жетті. Енді бардың қадірін біліп, тұрған жерінің тазалығына мән беріп отырса, өзіне ғана емес, ұрпағына да шапағаты тиер еді. Айналаны білсем, көрсем деп талпынған бала маңайындағы нас нәрсені ұстай алады. Осындайда тұрғындардың тазалық – денсаулық кепілі екенін ескермейтіні тым өкінішті. Домофон бар, сырттан келген бейтаныс жандар шашып кетті деу қисынсыз. Қалай десе де тұрғындардың немқұрайлығынан болғаны көзге көрініп тұр. Жалғыз бұл үй ғана емес, қаламыздағы көп қабатты үйлердің көбінде тазалық сақталмайды. Көршілер біріне-бірі сілтеп, күл-қоқысты көрмеген сыңай танытады. Осындайда, көп қабатты үйлерде тазалыққа жауапты адамды бекітсе, бәлкім тұрғындар бір мәмілеге келер ме еді?

 – Ертең жұмыс, мына іргеде тұрған (Федоровкада )  замандасымның да үйіне кіріп шығайық. Оның да кенжесі мектепті жақсыға бітіріпті,– деген танысымның қолқалауымен Федоровкадағы жер үйлерге қарай жаяу аяңдағанбыз. Қаз-қатар тізілген үйлер. Бір үйді көрсең көңілің толады. Айналасы жасыл желекке бөленген. Енді бір үйді көрсең, кісі шошырлық. Адам тұрмайды дейін десең, ауласында балалар ойнап жүр. Сол үйдің иесі ме, әжептәуір жастағы бір азамат құлайын деп тұрған шарбаққа сүйеніп тұр. Күншуақтап тұр-ау, шамасы. Құдай-ау,  істейтін жұмысы жоқ па? Қарап тұрғанша, құлағалы тұрған шарбағының қазығын дұрыстап қадап қойса болар еді. Өз үйі –  өлең төсегі емес пе?!

Қазақ десең, өзіңе тиеді. Жалқаумыз-ау, әйтпесе, мына ауладағы бос жатқан алаңға біраз көкөніс егіп, күзде жемісін жеп отырмай ма? Үйіне су келмейтін шығар дейін десең, қасындағы үйдің ауласы жасыл өскінге толып, құлпырып тұр. Қолда барды ұқсата алмау дегенің осы шығар.

Тазалық сақтау кез келген адамның қолынан келеді. Әр адам өзінің тұрып жатқан баспанасының маңайын сәнді әрі таза ұстағанға не жетсін!

Жұлдыз  ТОЙБЕК.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 544
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px