ТЕҢІЗ ӨҢІРІ: айналып өткен өркениет - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

ӘЛҚИССА

Назарыңыздағы мақаланы жаза отырып, қалың бұқараның бұйымтай-базынасын облыстағы басқармалар басшыларының қаперіне жеткізгіміз келді. Нақты айтқанда, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абайділдә САНАУБАРОВ, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат БЕГІМОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан НҰРЛЫБАЕВ, облыстық білім басқармасының басшысы Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ пен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан АҒЫМБАЕВ мырзалар осы жазбамызға бір көз жүгіртіп өтсе деген тілек бар...

Біз Нұра ауданындағы Теңіз өңіріне арнайы барып, ондағы жұрттың тірлігімен етене танысып қайттық. Басы бөлек аудан кезінде Бас редакторымыз талай мәрте іссапармен шиырлаған аймақ қой. Өңір тұрғындарының тұрмысын ежелден білетін Мағаш ағаның «Ағайынның хал-ахуалын көріп қайт» деген тапсырмасымен жол тарттық. Ауылдарды аралап, өңірдегілердің күнделікті тіршілік түйткілдеріне көз жеткіздік. Лауазымды басшылар мүмкін білер, әлде бейхабар болар, қордаланып қалған мәселе мұнда жеткілікті екен... Біз кіріп, амандасып шыққан аудан әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВ та күрмеуі күрделі мәселелерді жылы жауып қоя салмады. Теңіз өңіріндегі әлеуметтік саланың ақсап тұрған ахуалын жіліктеп берді. Жақсылығын асырып, жамандығын жасырмады. Астымызға – көлігін, жанымызға – серігін сайлап берді. Сөйтіп, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Сүлеймен ЖҰМАБЕКОВ екеуіміз бұрынғы Теңіз ауданының алты ауылына аттандық...

САРЫ УАЙЫМ ҚҰШАҒЫНДАҒЫ СОНАЛЫ

Қазіргі аудан орталығы Киевка кентіне Теңіз өңіріндегі ең жақын мекен – Соналы. 140 шақырым. 160 адам тұрады. Бұйра белдердің арасында бұйығы күн кешіп жатқан ауыл. Бізді ауыл әкімі Данияр Алшынбаев қарсы алды. Бір сәтке бүкіл ауылда әкімнен өзге жан жоқтай көрінді маған. Қирап жатқан үй үгінділері арасынан қыбыр еткен тіршілік иесін байқамадым.

Соналылықтардың сары уайымы – мектеп. Әне-міне жабылады дегелі біраз жылдың жүзі айналыпты. Мектеп болғанда – бастауыш мектеп. Төрт сыныпта бар-жоғы – 6 бала. Үшеуі – 1-ші сыныпта. Қалған үш сыныпта – бір-бір оқушыдан. Айналдырған алты баланы оқыту ісіне 8 адам жұмылдырылған. Директоры, мұғалімі, от жағушысы мен күзетшісі дегендей... 4-ші сыныптан кейін 50 шақырым жердегі Изендідегі интернатта жатып оқиды.

Ауыл әкімінің айтуынша, осы жердегі халықтың тұрақтап тұруына да осы төрт сыныптық мектеп едәуір көмегін тигізуде. Аз да болса, біраз адамды жұмыспен қамтып отыр. «Психологиялық тұрғыдан алып қарағанда да, мектебі жоқ жерге «құрыған жер» деп ешкім көшіп келмейді ғой», – дейді Данияр. Мектепті сақтап қалу үшін бала санын көбейту керек. Алайда, әзірге, Соналыға бет алған көш көрінбейді.

Соналыда дәрігерлік пункт те жоқ екен. Дене қызуыңды өлшеп, маңдайыңды ұстайтын медбикеге де жарымапты ауыл. Басы ауырып, балтыры сыздаған халық 90 шақырым жердегі Баршынға немесе 140 шақырым жолды артқа тастап, аудан орталығына баруға мәжбүр.

 

БАРШЫННЫҢ ӘКІМІНЕ КЕҢСЕ КЕРЕК

Баршын ауылы – бұрынғы Теңіз ауданының орталығы. Өңірдегі алты ауыл осы Баршынға қарап бой түзейді қазіргі кездің өзінде. Маңайдағы жұрт «орталыққа бәлен кепті, түген кетіпті» деп әңгіме айтып отырады. Алайда, осы Баршынның өзінің де мехнаты басынан асады. Алақаныңызды ашып, саусағыңызбен санай беруге қамданыңыз...

Біріншіден, ауыл әкімшілігінің ба­сы­байлы кеңсесі жоқ. Бұрынғы аудандық аурухананың сол жақ қанатын паналап отыр. Іздеген жан әкімді ауруханадан табады. Ауыл әкімшілігінің ғимаратын мектепке беріпті. Ал, ертедегі мектеп ғимараты қирап қалыпты. «Алыстан тексеріспен келетін уәкілдерге «мынау біздің кеңсеміз еді» деп көрсетуге қысыламыз», – дейді әкімшілік маманы Зәуреш Мұханәлиева. Біз барғанда ауыл әкімі Әуезхан Ноғайбаев еңбек демалысында екен. Бар мән-жайды Зәуреш апай баяндап берді.

Аурухананың ғимаратында әкім­шілікпен бірге кітапхана, мұрағат, пошта бөлімшесі жайғасқан. Кезінде бір ауданның орталық ауруханасы болған ғимаратта орын жетерлік. Тек, әттегенайы, жөндеу көрмегелі біраз жылдар өткені көрініп тұр. Есік-терезесі де аңғал-саңғал, жылу жүйесінің де ақауы алаңдатып отыр.

Ғимаратын сөз еткеннен кейін қызметін де "түртіп" өтейік. Ауруханаға ағылған жұртты бір ғана дәрігер қарайды екен. Ол кісі де келер жылы зейнетке кетпек. Ал, қазір өңірдегі 3 мыңға жуық адамға жалғыз өзі ем-дом жасап жүр. Әкімшіліктегілер «дәрігердің орнын басар адам іздеп жатырмыз» дегендей сыңай танытты.

Аймақтағы алты ауылдағы ауру-сырқауды таситын жалғыз «жедел жәрдем» «УАЗ-ы» аурухананың гаражында тұрғанына төрт айдан асыпты. Бұзылып, қозғалтқышы істен шыққан. Алайда, «сау» кезінде де шақырған жерге жарты күнде баратын көліктің жүрмей жатқанына қабақ шытқан жанды байқамадық.

Халық «жалқы «УАЗ-дың» барынан жоғы» деп, барар дәрігеріне өз қарекетімен жетуге үйреніп алған. Қазір уақытша қолданысқа аудан орталығынан бір көлік жіберіліпті мұнда. Әзірге, сол шапқылап жүр.

Жоқ іздесең, Баршыннан ізде. Мәдениет үйін күндіз шаммен қарап, таппайсың. Азия чемпионы, даңқты боксшы Қанат Әбутәліповтің туған ауылы – бұл жер. Қарапайым спорт залы да жоқ болып шықты. Ауылдың азаматы Ерлан Едірейсов деген жігіт кішігірім бокс секциясын жүргізіп отыр екен. Интернаттың акт залына ринг қойып, балаларын сол жерде баулып жүр. Алда-жалда ауданнан уәкіл келіп, жиналыс бола қалса, рингін қайта бұзып-жинап жатқаны бапкердің. Сөйтіп жүріп Ерланның шәкірттері ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп үлгеріпті. Алды – ел чемпионы атанған.

Аймақтағы алты ауылда небары екі учаскелік инспектор бар. Үш мыңның үстіндегі халықтың жоғын жоқтап, жоғалғанын іздеумен сол екеуі айналысады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де солардың мойнында. Өздерінің қызметтік көліктері де жоқ. «Теңіз өңіріне аймақтық полиция бекетін ашып, тәртіп сақшыларының қатарын көбейту керек», – дейді осы ауылдың бас көтерер азаматтарының бірі, аудандық мәслихаттың депутаты Бораш Мұханәлиев. Отыратын орындарын шешіп, баспаналарын берсе, Баршынға келіп, қызмет істеуге құлықты жастар бар екен. Олардың бірімен Борекең алдын ала келіссөздер жүргізіп, қолын алып қойыпты. Тек, әкімдік баспана мәселесін шешіп берсе болғаны.

Баршынның мұңын мұңдап жүрген Бораш ағамыз үнемі шарапатты істердің басында жүретін жан екен. Мәселен, біз барғанда «ауыл іргесіндегі христиандардың қорымын бүгін қоршап біттік» деп отырды. Өңірдегі жұрттың дені қазақ қой. Өзге ұлт өкілдері жоқтың қасы. Қайтыс болған неміс-орыстардың құлпытасын оңдап, маңайын күтетін ұрпағы қалмаған. Тоқырау жылдары шекара асқан, қалаға кеткен. Күтімсіз қалғандықтан, қабірі қирап, құлпытасы құлап жатқандары жетерлік. Мұны көрген Борекең аруақтар алдындағы адами парызын жақсы түйсіне білген екен. Азаматтарды ұйыстырып, ауыл-үй арасынан қада мен қазық жинап, аумағы бір шақырымдай жерді мал аяғынан оқшаулап тастаған. Бұл ісіне күле қарап, «діні жат жандардың моласын қайтеді екен» деп қабақ тыржыйтқандар да болыпты. Десек те, кісінің "табасына" қала жүріп, істі соңына жеткізіпті.

Баршында бұрынғы аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты бос тұр. 1997 жылы аудан тарағаннан қараусыз қалған қос қабатты, еңселі ғимарат. Зәуреш Мұханәлиеваның айтуынша, осы нысанды жөндеп алса, ауылдағы барлық әлеуметтік қызмет түрлерін топтастыруға болады. Әкімдіктен бастап, мәдениет үйі, кітапхана, ФАП, пошта, полиция бекеті сынды мекемелер мұнда оңай сыйып кетеді. Ең бастысы – бұл бір терезе қағидаты принципіне сәйкес, өңірдегі қалған 6 ауыл тұрғындарының мемлекеттік қызметке қол жетімділігін көп жеңілдетуге үлкен көмек болары сөзсіз. Мамандандырылған төрт спорт залын ашуға да орын жетерлік. Бар мәселе қаржыға тіреліп отыр.

 

ТАУҒА Талпынған

ТІКЕНЕКТІ

Тікенектіге соңғы журналист осыдан он бес жыл бұрын барыпты. Оның өзі тойға келген. Содан болар, көптен көрмеген туысындай қарсы алды бізді жергілікті жұрт. Арқалаған өкпе-назы да баршылық.

Тікенектіде жетпіске жуық түтін бар. 258 адам. Негізгі мектеп жұмыс істеп тұр. Бұл мектептің сақталып қалуына да ауыл тұрғындары күш салған. Арнайы жоба жасаған. Біз аталған жобаға «Тікенекті – 2050» деген атау бердік әзілмен...

Айтары сол, тікенектіліктер өңірдегі соны бастаманы табыспен жүзеге асырып отыр. Ауылға жаңадан көшіп келушілерді тартуда. Ауыл әкімі Сембай Тәжімов бастап, Рамазан Әбілдин сынды жанашыр азаматтар қоштаған екен бұл істі. 2013 жылы бала саны азайып, тоғыз жылдық мектеп жабылмақшы болыпты. Негізгі мектепті ұстап тұру үшін кемінде 41 бала оқуы керек. Осы сәтте Рамазан Әбілдин сияқты қалталы жігіттер ауылдың проблемасына қарап отыра алмаған. Ортақ қор ашып, жан-жақтан көшіп келуге ниетті отбасыларды іздестіре бастаған. Аудандық газетке хабарландыру жасап, жүрген жерінде айта жүрген.

Нәтижесінде, әрісі – Көкшетаудан, берісі – Талдысайдан 12 баласы бар 5 отбасы Тікенектіге қоныс аударған. Олардың барлығы тегін баспанамен қамтамасыз етіліп, 50 мың теңге қолдау көмегі таратылған. Бала басына бір сиырдан берілген. Ол малдың жейтін шөбі мен жемі, қысқа арналған көмірі мен отын-суы да қарастырылған. Еңбекке жарамдылардың барлығы жұмысқа орналастырылған. Рамазан ағамыздың өзі сол кезде ауылдағы екі үйіне екі отбасыны кіргізіпті. Сөйтіп, тоғызжылдық мектепті аман сақтап қалған.

Жалпы, бұл жоба Қазақстанның барлық ауылдарына үлгі болатындай бастама екен. «Шіркін, қазақтың әр ауылында Баршынның Борашы мен Тікенектінің Рамазаны сияқты бір-бір азамат болса» дейсің осындайда.

Былтырғы боранды қыста 150 тонна шөпті ауылдастарына тегін үлестіріп берген Ракең ауылдағы МТС-ты ұстап отыр. Тікенекті – Шұбаркөлге барар жолдың бойында жатыр. Жүріп-тұрған жүк көліктері сынбай тұрмайды. МТС-тың көмегі осындайда керек. «Ауыл азаматтары МТС-тан бөлшектерін тегін жондырады» дегенге ішіміз жылып еді. Сөйтсек, Шұбаркөлдің көмірін тартып жүрген «КамАЗ-дардан» да соқыр тиын алмайды екен. «Жолаушы – мүсәпір. Мүсәпірге жәрдем жасау – мұсылманның парызы», – дейді Ракең. «Кең болсаң, кем болмайсың». Ракең МТС-тан түсетін тиын-тебенге мұқтаж емесі анық. Шаруашылығы бар. Қолындағы ірі қараны өсіріп, келешекте асыл тұқымды шаруашылық құрғысы келеді. Сол мақсатына ауылдастарымен бірге жеткісі келеді. Осы оймен ауылдың проблемасын да ашық айтты.

Ауылдағы мәдениет үйі апаттық жағдайда. Оны сүріп тастап, жартылай бос, тозып тұрған ауыл әкімшілігі ғимаратын жөндеп, бір қанатын мәдениет ошағына және емханаға бейімдемек. Мектепте математика пәнінің мұғалімі жетіспейді. Әзірге, зейнет жасындағы ұстаз сабақ беріп жүр. Штат бойынша берілген екі медбикенің бір орны бос тұр. Ал, «жедел жәрдемнен» мүлдем үміт үзген. Аудандық ауруханамен «ауырсақ, өз күшімізбен келеміз» деген мазмұндағы арнайы келісім-шарт жасасып, ауылдағы бір көлікті міндеттеп қойыпты.

Дегенмен, Тікенекті тауға талпынуда. Бірлікпен тірлік ете білген азаматтардың арқасы ғой. Салы суға кетіп, қолын қусырып отырған жан көрмедік. "Тікенекті – 2050" жобасы әлі жалғасуда...

 

ТАЛДЫСАЙДАҒЫ ТҰЗДЫ ШАЙ

Талдысайдағы 170 адам тұзды шай ішіп отыр. Тура мағынасында. Бізге құйған шайлары тұз татыды. Ауылда тұщы су жоқ.

1997 жылға дейін ауыл 9 шақырым жердегі Көкдомбақ скважинасынан тартылған құбырдан су ішіп келіпті. Жетпісінші жылдары салынған құбыр сол жылы істен шығыпты. Содан бері ауылдан бір шақырым жердегі ащы су көзінен құбырмен жеткен тіршілік нәрін тұтынуда. «Есесіне, тұщы суға қарағанда ащы су арзан. Тек, су соруға жұмсалған энергия шығынын төлейміз», – деп әзілдейді талдысайлықтар.

Ауыл әкімі Марат Сыздықов суды тұщыландыру жұмыстары қолға алынғандығын айтты. Жуырда аудан әкімі сапарлап келіп, жағдаймен тікелей танысыпты. Келешекте су тұщыландыру қондырғысы қойылмақ. Ауыл халқының билік уәдесінен үміттеніп отырған жайы бар. Ал, Талдысайдағы ең ұялатын мәселе – атақты әнші Рабиға Есімжанованың туған ауылында мәдениет ошағы жоқ! Жоқ емес, бар. Ғимараты тұр. Аңғал-саңғал, иесіз. Кезінде жекеменшікке сатылып кеткен. Ауыл азаматы, қожалық иесі Рыспай есімді азамат қайтадан сатып алып, аудан меншігіне қайтару рәсімдерін жасауда екен. Оған да шүкіршілік еттік.

КЛУБСЫЗ АУЫЛ, КЕҢСЕСІЗ ӘКІМ

Жанбөбек ауылы әкімінің де дербес кеңсесі жоқ. Осындағы «Қарақойын» шаруа қожалығының ғимаратын жалға алып отыр. Ауыл әкімі Қайрат Нұрышев қожалық басшыларынан сатып алып, балансқа қоймақ болған екен. Белгілі болғанындай, бұл ғимарат банктің кепілдігіне алыныпты. Енді, борышкердің қарызы өтелмей, ғимарат саудаға шығарылмайды. Ауылдағы тағы бір жоқ – мәдениет үйі. Ауыл әкімі совхоздың бұрынғы асханасын мәдениет ошағына айналдыруды көздепті. Алайда, мұны да «Қарақойын» ШҚ банкке кепілге салып тастаған. Тоқ етері сол, «Қарақойын» несиесін өтемей, ауыл – клубсыз, әкім – кеңсесіз жүре тұрады.

Өзге ауылдармен салыстырғанда, Жан­­­бөбекте тұратын халық қарасы қалың көрінді. Бес жүздің үстінде адам мекен етеді. Орта мектеп жұмыс істейді. Биыл 108 бала бітіріпті. Тек, интернат мәселесі уақыт күттірмей шешуді қажет етуде.

Бөлімшелерде тұратын отбасылардың 18 баласы екібасты үйдің бір жағын паналауда. Биыл тағы 5 бала қосылады деп күтілуде. Орын тар. Адам айналуға келмейтіні көрініп тұр. «Сондықтан, күзге дейін интернат мәселесін біржақты қыламыз» деген талпыныстары бар екен.

Интернат ғимараты ретінде мектептің құлап жатқан қанаты қарастырылуда. Азаматтар жоқтан бар жасауға білек сыбанып отыр. Соны жөндеп, «жаңа оқу жылы басталғанша қолданысқа берсек» дейді.

Ауылдағы ФАП бос тұр. Дәрігер зейнет жасына шыққан жан екен. Орнына келе қояр маман да көрінбейді...

ҚҰЛАНӨТПЕСТЕГІЛЕР

ҚҰДЫҚТАН СУ ІШІП ОТЫР

Құланөтпес ауылына қарасты Нығыман және Ақтүбек атты екі бөлімше бар. Құланөтпес пен Ақтүбектің тұрғындары ащылы-тұщылы құдықтардан су ішіп отырғанын қайтейік, Нығымандағы бір қауым ел өзеннің суын тұтынуда. Кәдімгі Құланөтпес өзені нығымандықтардың қажетін ашып тұр.

Ауыл әкімі Ерлан Жүнісов бұл мәселеге қатты алаңдайтындығын айтты. «Өзен уланып, масқара болмасақ етті» деп, жанын шүберекке түйіп отыр әкім.

Ауызсу мәселесі Құланөтпес құрылған 1981 жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Теңіз ауданы Қарағанды мен Ақмола облыстарының ортасында «көшіп жүргенде» басымен қайғы болған басшылар су тарту шаруасын ескерусіз қалдырған. Тұрақсыздық кімге опа берген?! Зардабын 400-ге жуық халық көріп отыр.

Ауылдардағы ағайынды таза сумен жарылқап тастаған «Ақбұлақ» сынды бағдарламаларға да ілікпепті ауыл. Сылтау – халық саны жеткіліксіз. «Сонда Елбасының «жалғыз адам тұрса да, тұрған жерінде өркениет болуы керек» дегені қайда?» деп назын білдірді Ерлан әкім.

Өркениет демекші, ауыл интернет желісіне қосылмаған. Интернетті қойып, мектеп те салынбаған. Тағы сол «ары тарт та, бері тарттың» салдары. Құланөтпестің бүлдіршіндері кезіндегі ауыл советтің кеңсесін мектеп қылып, білім алуда. Спорт залы жоқ. 43 бала қыста кеңсенің мәжіліс залында жаттығу жасап, жазда есік алдында доп тебеді.

«Жедел жәрдем» көлігі мұнда мүлде ат ізін салмайды. Аудан орталығынан 230 шақырым қашықтықта жатыр. Жергілікті халық науқасын 70 шақырым жердегі Қорғалжынға, болмаса Астанаға әкетеді. Ал, ауылдағы жалғыз медбикенің қолында құрал-жабдығы, дәрі-дәрмек сақтайтын тоңазытқышы да жоқ.

 

...ЖӘНЕ ЖОЛ

«Теңізде жол жоқ» десе де болады. Киевкадан шығып, Жарасбайдан асқаннан кейін грейдерге бір көтеріліп көрмедік. Шұбаркөлдің көмірін тасыған жүк көліктері көтерме жолдың дал-дұлын шығарыпты. Грейдерді жағалай, дала жолымен жүруге тура келді. Аудан әкімінің аяқ артарға «Нива» бергені абырой болды.

Біз барған ауылдардың барлығында жол мәселесі ерекше айтылды. Тіпті, ащы су ішіп отырған Талдысайдағы Рысбай Жүнісов есімді азамат «жолымызды жөндеп берсе, басқа ештеңе сұрамаймыз әкімдіктен» деген тілегін айтты. Судан гөрі, жолдың азабы әбден өткені байқалады ауыл тұрғынының сөзінен.

Шұбаркөлден шыққан «КамАЗ-дар» теріскейге көмір тасиды. Теңіздегі ауылдардың барлығы дерлік осы жол бойында орналасқан. Баршын мен Шұбаркөлдің арасы – 140 шақырым. Жұрттың айтуынша, көктемде осы аралықпен көліктің жүруі мүмкін емес. Жеңіл көлігіңіз сөз болып па, тәйірі... Алпыс тонналық қытайы «самосвалдар» бір жүріп өтсе, «КамАЗ-дар» да радиаторын соғып, жайрап жатады екен жол үстінде. Қос дөңгелек сойып тастаған.

Аудан басшылығы Шұбаркөлден көмір тасыған көліктердің зардабынан құтылудың жолын қарастыруда. «Бір жөндеп алсақ, Баршын мен Шұбаркөлдің тұсынан шлагбаум орнатып, жүк көліктерінің грейдерге көтерілмеуін қадағалау қажет» дейді.

Шұбаркөлдегі жұмысшылардың дені вахтамен жұмыс істейді. Кейде сол жұмыскерлерді алып кететін автобус 100 шақырым жердегі Қызылжарда қалып қояды. Көлік жолға жарамайды. Ал, жұмыскерлер өткен-кеткен техникамен Қызылжарға жетуге мәжбүр.

Өңірдегілер жолмен қатар, көпірдің мехнатын тартып отыр. Теңіз өңірін Нұра аймағымен байланыстырып тұрған Кеңжарық көпірін былтырғы тасқында су шайып кетіпті. Құланөтпес өзенінен жаз, күз мезгілдерінде су үстіне тасталған тас пен шым арқылы өтуге болады. Көктемде жергілікті жұрт аудан орталығымен қатынассыз қалады. Киевкаға жету үшін Қорғалжынға барып, одан әрі Астана өтіп, республикалық күрежолмен кері қайтады.

Көпірдің ахуалын облыстағы құзырлы басқарма басшылығы арнайы келіп көріпті. Кеңес дәуірінде салынған нысанды қайта қалпына келтіру үшін 630 млн. теңге қажет. Аудан әкімдігі облыстық қазынадан 25 млн. теңгеге сұраныс жасапты. Құрылыс жұмыстары басталып кетсе, республикалық бюджеттен қалған қаржыны сұратуға болады екен. Облыс басшылығы да келіп, көріп кеткен екен. Ал, әзірге, теңіздіктер Құланөтпестің суына малтығып, киімін күнге кептіріп әуре...

 

ӨРКЕНИЕТКЕ «ӨКПЕЛІ» ӨҢІР

Ақмола мен Қарағанды облыстары арасында көкпар тартылып, 1997 жылы Нұра ауданына қосылып тынған Теңіз өңірінің алты ауылындағы әлеуметтік саланың біз аңдаған сиқы – осы. Нұра ауданына басы бүтін берілгеннен кейін де бағы ашылып кете қоймаған. Елеусіз қалған елдің мұңы – шаш-етектен.

Елеусіз демеске ше?! Мәселен, өткен жылы аудан бойынша әлеуметтік саладағы нысандарды жөндеуге және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қарастырылған 1 млрд. 400 млн. теңгеден астам қаржының небары 7 млн. теңгеге жуығы аталған алты ауылдың (Шұбаркөлді есептемегенде) мұқтажына жұмсалған. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, ақиқаты – сол. «Аспаннан киіз жауса да, сорлы ұлтараққа жарымас» деген.

Былтыр өңірдегі бірде-бір білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет ошақтары жөндеуден өтпеген. Әлеуметтік саланы дамыту жұмыстары ауыл ішіндегі жолдарды тегістеу, балалар ойын алаңдарына жабдықтар қою және көшелерді жарықтандыру жұмыстарымен шектелген. Яғни, орталықтан құйылған қаржының басым бөлігі Киевканың төңірегін айнала тасжолдың бойында жатқан ауылдардың қажетіне жаратылып келіпті.

Баршындағы Балғабек Нұрғалиев есімді ақсақал 1991 жылы бұрынғы Теңіз ауданында 350 мыңның үстінде қой, 12 мың шамасында жылқы болғанын айтады. «Сол мал қазір болмаса да, теңіздіктердің өз қолы өз аузына жетеді. Мұндағы үш адамның бірінің Астанада екі бөлмелі пәтері бар. Бізге, тек, әлеуметтік саланы оңдап берсе, болғаны», – дейді көнекөз.

Өзіміздің есебімізше, ежелден төрт түліктің құт мекені болған Теңізде қазір 7-8 мыңның шамасында жылқы бар. Қой да 20 мыңнан асып жығылады. 3 мыңға жетпейтін халық үшін – едәуір байлық. Тек, өңірдегілер «қарнының ашқанынан емес, қадірінің қашқанынан жылайды». Бейбіт заманда ескерусіз қалған. Әлеуметтік саланың кетеуі кеткен. Бір қуанары, қазіргі кезде аудан әкімдігі осы олқылықты оңдауға күш салуда.

Келесі жылы әлемдік «ЭКСПО» көрмесін қабылдауға дайындалып жатқан елдің бір бөлшегі – Теңіз өңірінен өркениет көші осылайша айналып кетіп отыр. Қарапайым ұялы байланыс желісіне қосылмаған. Теңізді үш күн кезіп, дала сораптарымен шоқырақтаған көлігіміз Изендінің тұсында асфальтқа ілікті. Сол сәтте қалтафонымызға да қоңырау түсе бастады...

Өркениет көші Теңізге қашан жетеді екен...

 

ҚАРАҒАНДЫ – КИЕВКА – СОНАЛЫ – БАРШЫН – ТІКЕНЕКТІ – ТАЛДЫСАЙ – ЖАНБӨБЕК – ҚҰЛАНӨТПЕС – ҚАРАҒАНДЫ.

 

Суреттерде:

1. Соналы селолық округі әкімшілігінің кеңсесі.

2. Баршындағы бұрынғы ІІБ-нің бос тұрған ғимараты.

3. Тікенектінің әкімі Сембай ТӘЖІМОВ пен Атымтай азамат Рамазан ӘБІЛДИН кезекті мәселені талқылау үстінде.

4. Былтырғы көктемде қирап қалған Кеңжарық көпірі.

5. Бұйра белдер арасында бұйығып жатқан Жанбөбек ауылы.

 

Суреттерді түсірген автор.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2391
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px