Термен келген ақша, желмен ұшып... - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Термен келген ақша, желмен ұшып...
Мирас АСАН,
«Орталық Қазақстан»

Апта күндерінің ішіндегі ең «алыс» күн – демалыс. Бес күн жалған өте шығуы мүмкін – бес күн өтпей қояды, кейде... Жұмыстан мұрны қанап жүрген ешкімді көрмесем де, демалысқа асығып тұратынымыз өтірік емес. Бірақ, демалыс деген – аты ғана. Құлқын сәріден қу тіршіліктің қамын күйттеп, үй ішіңмен ерте оянасың. Бой көтеріп, сейілге шығатын уақытта қазақтың шаруашылығы дайын тұрады...  Әйтеуір, барымызды киіп, бақанымызды қолымызға ұстап, бала-шағамызды ертіп, сыртқа шығуға бейілміз. «Бір келген демалысты пайдаланып қалайық» деп, бар жұмысты сол күні тындырамыз...
* * *
Әуелгі әдеппен бүгін де тыпыршып ерте қимылға көштік. Аспан ашық сияқты. Десе де, алдамшы уақыт. Бейжай маужырағанымен, ызғарлы болуы мүмкін. Жылы киініп, жұмысқа асыққандай далаға ытқисың. Состиып-состиып тұрған зәулім қабаттардың жықпыл-жықпылынан шыққан халық илеудегі құмырсқадай. Қыбыр-жыбыр. Абыр-сабыр. Жер әлі дегдімеген. Тобарсыған тоқымдай-тоқымдай кішкене аралдарды аттап-пұттап алға қарай ентелейді. Сол лекке ілесе бастайсың. Жазарға уақыт таппай жүргенде, базарға уақыт табылады, сөйтіп... Базарды бетке алдық.
Шындық та – сонда, сұмдық та – сонда. Әйелің азық-түлік алуға кетіп, баланы ойнатуға қалмайсың ба? Сол әдетпен Майқұдық шаһарындағы «Ануар» сауда үйіне кіре бергенімде (ішінде балалар сауық құратын тамаша алаң бар) көзім шалып қалды... Күнде көріп, қасынан мән бермей өте беретін «лохотрондарға» бұрылдым. Өлексеге үймелеген қарғалардай, қарақұрым халық шоғырлана қалған. Қазақтың қарадомалақ балалары. Егде, ересектері бар. Жасы келіп қалғаны да жоқ емес...
Құмар ойынға құл болып тұр. Тірнектеп тапқан тиын-тебенін құлқыны құдық ойын аппаратына апарады да тығады. Өзіміз құралпылас азамат көзімізше көк қағаздың бесеуін тоғытты. Ойнап тұрған кімдер дейсіз ғой? Мемлекеттік қызметтегі жігіттер емес, базарда арба сүйрейтін, автобуста кондуктор болып жұмыс атқаратын, шұлық сататын, оқудың ақшасын құмар ойынға салып жүрген студент, бір сөзбен айтқанда – өзіміздің қазақтың жігіттері...
Үйлі-баранды жігіттердің өздерін емес, отбасын аядым... Баласының аузынан жырып, «лохотронның» аузына тығады. Үйін құмар ойынға салып жіберіп, отбасын ойран қылған есуастарды естіп жүрміз. Қылықсыз қарекеттеріне араласып тұрғанымыз, бүгін. Садақаға соқыр тиын тастамайтын азаматтар аппараттың алдында өздері – соқыр. Құлақтары – керең. «Психологиялық ауытқу» дейді өтіп бара жатқан бір жүргінші. Ертеңгі өз-өзіне қол жұмсау, кісі тонау, мойынға адамның нақаққа қанын жүктеудің алдында осы жайт тұр екен. Көзіміз жеткен ақиқат. «Лохотрон» емес – апаттрон.
Мосқал тарта бастаған құмар ойынның алдында нәпсісі нән Марғұлан есімді жігітті  әңгімеге тарттым. Әңгімесі әрі күлкілі, әрі аянышты. Айтуынша, әдетте екі сағат түрегеп тұруға шаршайтын аяқ, алты-жеті сағат бойы тапжылмай тұра беруге жарайтын көрінеді. Құмар ойынға кіріскен уақытта, құлағын кесіп алса да, түк сезбейді екен. Бір елеске алданып, қалтасындағы бар ақшаны аямай салуға бейіл. Көзімше тоғыз мың бес жүз теңге салып, 2550 теңге ұтты. Өзі мәз. Бүгін қолы шығып тұрған сияқты. Үйден тағы ақша әкелмек. Тоқтатпақ болдым. Көптен бері көкейімде кептеліп жүрген іштегі ызаны лақ еткізіп төге салғым келді. Бірақ, мені Марғұлан қайтсін, бір тиын пайдам бар ма? Қазақта «Берген жомарт емес, алған жомарт» деген мақал бар еді... Алған «лохотрон» жомарт болды Марғұлан үшін...
«Лохотрон» – ойнайтын емес, лақат-ұраңды ойлайтын ажалдың ауызы сияқты қазаққа келген тағы бір қатердей қаланы әбден жаулап алған.
Ойын аппараттары азық-түлік дүкенінен бастап, көлік базарына дейін самсап тұр.  Арзан ақша табамын деген есек-дәме ессіздердің талайына зардабын тигізіп жүргені анық. Бір ғана «Ануар» сауда орталығында он бес шақты «лохотрон» тұр.
Термен келген ақшаны, желмен ұшырып жүрген бауырларыма бұдан басқа айтар сөз жоқ.
«Сен онымен ойнап тұрған жоқсың, ол сенімен ойнап тұр» деймін. «Лохотрон» лақат-ұраң болып жүрмесін» деймін.
Мен баламды ойнаттым, аппарат «ағамды» ойнатты...

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 198
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px