Тура жолды нұсқады - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Тура жолды нұсқады
  Облыс әкімдігінің және прокуратурасының қолдауымен, дін істері басқармасының тапсырысы бойынша Жезқазған қаласындағы
С.Қожамқұлов атындағы драма театрында «Исламның мұраттары мен құндылықтары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Діни ахуалды жақсарту және дәстүрлі ислам құндылықтарын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, теолог мамандар, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамы, дін мәселелерін зерттеу орталықтарының директорлары, республикадағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, қалалар мен аудандардың ішкі саясат бөлімінің басшылары, әр аймақтағы имамдар, қоғамдық қорлардың директорлары, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер мен студент жастар қатысты.
Амандық РАХҰЛЫ,    
«Орталық Қазақстан»
 
Конференцияның жұмысын облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайрат Нүркенов жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев ата-бабаларымыздың ежелден дәстүрлі Ислам дінін ұстап келе жатқандығын, ол – бейбітшілікті, татулық пен бірлікті уағыздайтын дін екенін алға тарта келіп, еліміздің әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына қосылуды мақсат етіп отырғанына тоқталды. Мемлекетімізді одан әрі нығайтуда береке-бірліктің алар орны зор. Ислам құндылықтарын саралап, діни бағыттың тура жолын нұсқайтын конференция жұмысына сәттілік тіледі.  Одан әрі сөз кезегін алған облыс прокурорының орынбасары Әспенби Жарылғасов Қазақстан тәуелсіз ел болып жарияланған соң өзін зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырғанын, соның аясында дін бостандығы жаңа арнаға түсіп отырғанын айтып өтті. Өткен ширек ғасыр ішінде еліміз этникалық мемлекет болып қалыптасты. Бүгінде 40-тан аса әртүрлі конфессиялар бар. Қазақстан діни кездеулер мен диалогтардың ашық алаңына айналды.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов, «Нұр Мүбәрак» Ислам мәдениеті университетінің аппарат басшысы Болатбек Абуов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, Қарағанды өңірі бойынша өкіл имам Өмірзақ қажы Бекқожа және елмізге танымал теологтар, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері Ризабек Ілімбаев, Оралхан Сейдманов Ислам дінінің негіздерін саралап түсіндіріп, асыл дініміздің атын жамылып жүрген жат пиғылды  ағымдардан сақтандыру бағытында кең көлемді баяндамалар жасады. Еліміздің бас мүфтиі бастап, ел арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесі де байқала бастады. Республикада қазірге дейін 802 адам адасқанын түсініп, жат жолдан қайтқан. Мүфтиат жанындағы Ғұламалар кеңесі жарыққа шығатын діни кітаптарды сараптап, өзекті мәселелерді нақтылаған пәтуа шығаруға атсалысуда. «Отан – отбасынан басталады» демекші, ата-ана баласына отбасы тәрбиесінің нәрін беріп, дұрыс жолға бағыттап отырса адасушылықтан аулақ болар еді. Исламда отбасы мәселесіне айрықша мән берілгені белгілі. Жастарды сырт елде емес, өзіміздегі «Нұр Мүбәрак» университетінде оқыту жайы да қозғалды. Қазірде Қарағанды облысынан 47 бала оқып жүрсе, оның ішінде, Жезқазғаннан да бар. Қатысушылар арасынан сауал қоюшылар оқуды бітіріп келген мамандарға жағдай жасаудың кемшін соғып жатқанын, өңірде ұстаздардың жетіспейтінін, сондай-ақ, имамдарды да оқытып отыру қажеттігін көтерді. Осыған орай, залдағы микрофонға келген қаладағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков жезқазғандық бір баланы «Нұр Мүбәрак» университетінде оқыту шығынын көтеретіндігін көпшілікке жеткізді. Конференция жұмысына қала әкімі Батырлан Ахметов те қатысқан еді. Қатысушылар дін қызметкерлерінің тұрмыстық жағдайына көңіл бөлінсе деген тілектерін де білдіріп қалды.
Ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын одан әрі секцияларда жалғастырды. Қорытындысында, барлық талқыланған мәселелер бойынша алдағы іс-қимылдарын жалғастыруға бағытталған ұсынымдар қабылданды.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 170
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px