Әулие атында мешіт бой көтермек - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Бақсылар жөніндегі арнайы зерттеулерінде ақын С.Сейфуллин қазақ даласындағы атақты бақсылар – Шақар, Жамансарт, Берікбол, арғын Досмырза бақсылардың сарындарын ауыз әдебиетінің жауһарлары санап, халық медицинасындағы орнын жүйелі түрде баяндайды (С.Сейфуллин. «Таңдамалы шығармалары», VI том. Қазақ әдебиеті. Алматы. 1964 ж.).

Бақсы сарындарына ерекше мән берген ғалым А.Байтұрсынов. Ғалымның бақсылар жөніндегі зерттеулеріне мән берейік:

«Бақсылар жын шақырғанда сарнап, өлеңше ұйқастырып, түрлі сөздер айтады. Алладан, әулиелерден, аруақтардан жәрдем тілейді.

Мысалдар:

Әуелі құдай есімі Алла!

Іс бастаймын бісміллә!

Тайғақ кешу тар жолда

Жарылқа, Алла әр жолда!

***

Айналайын, құдірет!

Исламға пана Мұхаммед!

Сыйындым, сізден бір медет.

Су басында Сүлеймен,

Сізден де медет тілеймін.

Күн көзінде әулие,

Жер жүзінде әулие,

Машырықтағы әулие,

Мағырыптағы әулие,

Тауда жүрген әулие,

Таста жүрген әулие,

Көлде жүрген әулие,

Шөлде жүрген әулие,

Бәріңнен медет тілеймін…» (А.Байтұрсынов. Шығармалар: Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. Құрастырғандар: Шәріпов Ә., Дәуітов С. Алматы. Жазушы. 1989 ж. 257 – 260 бб.).

Этнограф Ә.Диваев, музыка зерттеушілері қазақ бақсыларының ауру кісіні емдеу кезінде айтылатын сарындарын зерттеу негізгі ғылыми объектілеріне айналдырды.

«Құрылар бір шымылдық оң жағына,

Қойлыбай қарайды екен жан-жағына.

«Аллалап» қобыз тартып тұрады екен,

Сыйынып әулиелер аруағына».

Қазақ халқының көне мәдениеті мен тарихына қомақты үлес қосып, артына баға жетпес мұра қалдырған ғалымдардың бірі француз И.Кастанье: «Бақсы науқасты айықтырып жазып алу үшін тарихи шын өмір сүрген, кейін әулиеге айналған адамдардың аруағына сыйынады.

Істің басы бісміллә!

Құранның басы бісміллә!

Оңдай көр ісімді

Жаратқан жаббар бер Алла!

Айналайын, ей Алла!

Сен қолдасаң, мен мұнда» («Қазақ наным-сенімдері». 1913 ж. Орынбор), – деп жазды.

Фольклоршы ғалым Ә.Қоңыратбаев «өлген адамның бәрі бірдей аруақ бола алмайды. Аталық қоғамда руға бас болған, елге қамқор болған адамдар ғана аруақ болып саналады» (Ә.Қоңыратбаев. Алматы. 1987. 115-б.) десе, академик Қ.Жұбанов «қазақтың бақсылары емші түрінде ғана болатын болса, тарихта бақсы сөзінің әр заманда әртүрлі жырланғандығынан бақсының емші ғана болмағандығын көреміз» деген тоқтамға келген (Қ.Жұбанов. «Шығармалар мен естеліктер». Алматы. 1990 ж., 16-19-бб.).

Аты аталған ғалымдардың зерттеулерінен шығатын қорытынды – бақсылық өнер тұқым қуалайтынын, Ш.Уәлиханов айтқандай, кез келген кісіге бақсылық өнер қона бермейтіндігін аңғарамыз. Қазан төңкерісіне дейін қазақтың атақты бақсылары хан сарайларынан табылса, жарты әлемді өзіне бағындырған Еділ патшаның төңірегінде атағы жер жарған атақты бақсылар дүйім жұртты бақсылық, емшілік өнерлерімен тамсандырған болса, бүгінгі таңда оларға деген көзқарас мүлде өзгерген. Оның негізгі себебі – Сібір халықтарының шамандары мен қазақ бақсыларының өнерлерінің қыр-сырын ажырата алмауымыздан.

Қазақ даласын аралаған ағылшын суретшісі Джон Кэстлдің Әбілхайыр хан сарайындағы бақсының ауруды емдеуі жайлы картинасы бар. Ол бақсының үстіне киген киімі бақсы ойынын қызықтап отырған ханның төңірегіндегі кісілерден кем емес. Суретші көзімен көрген бір сәтті көркем шығарма етіп қалдыра білген.

Қазақтың атақты бақсыларын кезінде қай таптың өкілдері болмасын пір санаған. Ерекше құрмет көрсетуге тырысқан. Үлкен тойларда төрге отырған. Өкінішке қарай, Ш.Аймановтың «Алдар көсе» фильміндегі бақсы әртіс Е.Өмірзақовтың үстіне киген киімі кісі шошырлық аянышты күйде көрсетілген.

Шаман атауы Сібір халықтарында аталады. Сібірлік шамандардан қазақ бақсыларының артықшылығы – олар өз замандарының ірі дін иелері, ислам дінінің насихаттаушылары болған. Қазақ бақсылары бақсылық өнерін де, бес уақыт намазын дәрет алып қана орындайтын намазхандар болатын.

Әлем халықтарының ішінде арам, адал деген түсінік тек мұсылман халықтарға ғана тән шаралар. Мұсылман дінінің басты қағидасы намазханның жеке басының тазалығына ерекше мән беруінде жатыр. Қазақта адал ас ішу, жаңа ғана босанған келіншек бір құман жылы суға шомылып, денесін адалдап, тазаланып алып қана нәрестесін «бісміллә» деп емізетін ертеден келе жатқан әдет болған.

Ерекше бітіммен, келбет-кескінмен туған баласы Құнанбайды Зере ана дәретсіз емізбеген. Бөбегін қалайша бағып-қағып, мәпелеп өсіргенін Зере әже былай деп еске алады екен: «Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай «бісміллә» деп айтпай емізбеген мезгілім жоқ» (Б.Сапаралы «Құнанбай қажы». Алматы. 1995 ж. 148-бет). Құран Кәрімде де Алла “нұрымды таза жерге түсіремін” демей ме?

Сексенінші жылдардың бас кезінде халық медицинасына қатысты телехабарға қатысқан академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сайым Балмұханов: «Біздің елдегі бала күндегі өзім көрген халық медицинасының ірі өкілдері, әсіресе бақсылар «қояншық», «талма» ауруларын емдеуде маман кісілер болатын. Кезінде солардың қадір-қасиетін білмедік, «бақсысың», «балгерсің», «қожасың», «молдасың» деп қудалап, 1937 жылдың зобалаңына әкеліп іліктіріп, біржолата құтылдық» дегені бар еді.

Қазақ емшілерінің емшілік өнері қазақ даласын аралаған саяхатшылардың, қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов еңбектерінде айрықша аталатын жайт. Ақын-жырауларымыздың дастандарының негізгі арқауына айналған Қойлыбай Әбурақпанұлы көптеген деректерде руы Бағаналық делініп келді. Қазақ даласын өзінен бұрын аралаған саяхатшылардың жазба деректері негізінде кеткен қателік болар, Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, т.б. этнографтар еңбектерінде Қойлыбай атаның руы Бағаналық делініп келді. Осы жайға 1985 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген еңбегінде нүкте қойылды.

«Қойлыбай бақсы туралы ел ішінде көптеген аңыздар мен жүздеген дастан бар. Солардың дерегінде ол Бағаналық болып келді. Қойлыбай бақсы – Қыпшақ руынан шыққан адам» деген түзету енгізілді (Ш.Уәлиханов. Таңдамалы. 2-басылым, Алматы. «Жазушы», 1985 ж. 54-бет). Академик Әлкей Марғұланда Қойлыбай әулиенің емшілігіне, бақсылық өнеріне ерекше баға берді. Адам баласының бірінші данасы Сүлеймен, одан кейін көптің батагөйі болған Қорқыт, одан соң Қойлыбай. Ол хан сарайларында жырлаған, өз заманының атақты жырауы болған. Қойлыбай қобызын әрқашан Жыланшық өзенінің жағасында отырып тартатын болғандықтан, Торғай даласында Жыланшық өзеніне құятын бір саланы «Қойлыбай өзені» дейді. Тегінде, Қойлыбай Торғай мен Сыр суының арнасында ерте кезде көшіп жүрген. (Ә.Марғұлан. «Ежелгі жыр, аңыздар». Алматы. 1985 ж. 212-228-бб.).

«Бақсы жыры» деп Қорқыттың қобызын, оның сарынын ең алғаш мұрат еткен кісі – Қойлыбай бақсы. Ол Қорқыттың шәкірті болып саналады.

«Әуелі бақсы пірі Қорқыт ата:

Тілеймін медет бер деп кетсе,

Адамнан ер Сүлеймен өткеннен соң

Мойнына көп жамағат салған бата».

Негізгі кәсібі сынықшы Қожаберген жыраудың «Ер Қойлыбай» деген тарихи дастаны болған. Осы дастанда Қожаберген жырау былайша толғайды:

Ертеде қыпшақта өткен ер Қойлыбай,

Қолына жүрмейді екен қобыз алмай.

Болған соң сол ерлерден бізге мирас,

Қобызды мен де жүрмін тастай алмай.

Өлеңмен салып жүрмін ою-өрнек,

Жасадым түрлі шөптен дәрі-дәрмек.

Сынықшы Қожаберген атағым бар,

Талайын науқастардың жаздым емдеп.

Алашқа әулие боп шыққан аты,

Қыпшақта Қойлыбайдың Бұлтың заты.

Әкесі Әбурақпан ғұлама екен

Өзгеден артық болған салтанаты.

Бақсылар жөніндегі арнайы зерттеулерінде С.Сейфуллин «Бақсы туралы бірер өлеңнің жұрнақтары» атты өлеңінде:

«Қойлыбай бақсылардың үлкен пірі,

Олардың таусылмайды айтса жыры.

Халайық, үлкен-кіші көзі көрген,

Көп еді ол ерлердің көрген сыры.

Қойлыбай жат кетпеген жастарынан,

Кетпеген бақыт-дәулет бастарынан», – деп жырлайды.

Қойлыбай әулие жөнінде негізгі мәселеге тоқталайын. Осыдан бір-екі жыл бұрын Жезқазған қаласында қонақта болдым. Жезқазғандық кәсіпкер Сәлімжан Сейілов деген замандасыма «Сәке! Жүз пайыз қазақтар тұратын Жезқазғаныңызда әне бір шіркеуден басқа ел мінәжат ететін мен мұндалап тұрған мешіттеріңіз көзге түспейді ғой» дедім. «Жезқазғанда 100 мыңға жуық халық тұрады, 90 пайызы қазақтар. Осыдан бірер жыл бұрын біраз намазхандар жиылып, Жезқазған қаласында Орталық мешіт салу керек деп бастама көтерген соң, маған қарасты екі гектарға жуық қала ортасындағы жер телімімді қиған едім. Әдепкі қарқында елден біраз қаржы жиналды. Экономикалық тоқырау жылдарында жиналған ол қаржы мешіт құрылысына жеткіліксіз болды. Жезқазған мыс комбинаты басшылары көмек бермекке уәде еткен еді. Олар берген уәделерінен тайып шыға келді. Елден жиналған қаржыға мешіттің іргетасы құйылып, біраз жыл қоршалып тұрып қалды. Кейіннен іргетасы қайта көміліп, ел серуен құратын алаңға айналды», – деп мешіттің орнын көрсетті. Сонда қалай? Сізге қарасты мына жер телімін мешіт үшін қиғансыз. Басқа жер табылмай қалғандай бұл жер ел серуен құратын алаңға айналған. Оңтүстікте Шымкент, Қызылорда облысында қолында қаржы-қаражаты бар жігіттер жаппай мешіттер салып жатыр. Қызылордалық Тілеуберген Шәутай деген азамат бір өзі он шақты жылдың ішінде 7-8 мешіт салып шығып, ел игілігіне берді. Кәсіпкер қыздардың мешіт салып шыққандары бар. Жезқазған да өнеркәсіпті аймақ емес пе? Мұндағылар бар байлығын шетелдік кәрістерге өткізіп, соларға ауыздарын ашып қарап отырған ел болды ғой? Өзіңізге белгілі, Жезқазған төңірегіндегі Ұлытау өңірінде осы елді мекен еткен қазақтың атақты әулиесі Қойлыбай жерленген. Сол кісінің аруағы үшін осы мешіт ісін екеулеп қайта қолға алсақ қалай қарайсыз? Елге жария етейік. «Көп түкірсе көл» деген. Қойлыбай атақты бақсы, емші ретінде Ш.Уәлиханов еңбектерінде аты аталатын тарихи тұлға. Құдай біледі аруағы жар болып, Сіз екеуміздің осы ойымызды ел болып қолдайтынына менің көзім жетеді» дедім. Әулие аруағы жар болып, іске асатын түрі бар. Мешітке лайықты жер бөлініп, Сыр бойы, Қорқыт елінің қолында қаржы-қаражаты бар бір топ жігіттері Жезқазған қаласында «Әбурақпанұлы Қойлыбай ата атындағы Орталық мешітін» салуға бірауыздан келісіп отыр. «Ештен кеш жақсы» деген, қазақ даласының атақты әулиесі Қойлыбай атындағы Жезқазған қалалық орталық мешіттің, атақты кісіге, тарихи тұлға аруағына арнап салынатын мешіт құрылысына ел болып ат салысайық, ағайын.

 

Өтеген ӘБДІРАМАН,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

АЛМАТЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 638
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px