Қыдыр - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016


Қыдыр
«Қырықтың бірі – қыдыр» деген қазақпыз. «Қыдыр дарып, Қызыр қонсын үйіңе» дейді Наурызда. Қыдыр – қырық, Қызыр – жалғыз? Неге? Наурызда ғана Қызыр Көк Түркіге зеңгір көктен Тәңіріміз түсіретін Әулие ғой деп ойлаймын. Ал, қыдыр жетім-жесір, қаріп-қасір, қайыршы, ақын, батыр, хан, бай-бағылан, ғалым, бала кейпінде келуі мүмкін үйіңе.  Мүмкін, қате топшылау болар. Содан көне тарихтан тамыр тарттым. Сыңар езулеп кетсем, тура жол сілтеңіздер. Қыдыр кімге дариды?
***  
Осыдан он жылдай бұрын кезінде төрткүл дүниеге әмірі жүрген Англияның астанасы – Лондонда болу сәті түсіп, дәм-тұзын тату бұйырған еді.
Сол сапарымнан «Ұлы Даладан – Ұлыбританияға» деген жолжазба жазғанмын. Ол «Орталық Қазақстан» газетінде, «Алаштың алдаспаны» («Фолиант» баспасы, Астана қаласы, 57-бет, 2009 жыл) кітабымда басылған. Сол жолжазбамда айтылмай қалған бір жай бар екен. Ұлыбританияны 64 жыл билеген Королева Викторияның Францияның әйгілі императоры Наполеонмен соғыста, атап айтқанда Трафальгар шайқасында француз флотын күйрете жеңген адмирал Нельсонға көрсеткен құрметіне таң қаласыз. Теңіз шайқасында қаза болған Нельсонның мүрдесін Лондонға жеткізуге бұйырады Королева. Теңізшілердің дәстүрі бойынша қаза тапқан матростан адмиралға шейін мұхитта болса, мұхитқа, теңізде болса, теңізге мүрдесі жіберіледі. Осы жазылмаған заңға бергісіз тәртіпті Королева бұзады. Қазіргідей ұшқыр ұшақ, желден жүйрік кеме жоқ. Нельсонның мәйітін бұзбай Лондонға әкелуге әмір береді Виктория. Содан адмиралын әкесіндей қадірлейтін матростар үлкен табыт жасап, виски сияқты брендиге шүпілдете толтырып, Нельсонның денесін бұзбай жеткізеді. Королеваның қолына бергеннен кейін Нельсон жатқан табыттағы брендиді матростар қылдай бөліп, ішіп алған дейді. Виктория корольдар мекені – Букингем сарайының алдына Нельсонға ғажап ескерткіш орнатып, Трафальгар алаңы деп ат берген. Көзбен көрдік, көңілге қондырдық. Бұл – батырына деген халқының, ханның құрметі. Содан да болар Ұлыбритания азуын айға білеген Америкаңызды да, еңсесі ел тіреген Еуропаңызды да, Азиядағы құмырсқадай қаптаған қытайыңызды да бойына теңгермейді. Басқасын айтпағанда мен 9 жыл бұрын болғанда Британияның 1 фунты 2 доллар болатын. Әлі сол шамада. Еуроодағыңыз Англиясыз тарап кете жаздағаны күні кеше.
***  
Ықылым заманда ханын, елі мен жері үшін басын бәйгеге тігетін батырын тұлпарымен қоса қара жерге беретін Көк Түркінің қара шаңырағының киесі де, иесі де – Қазақтар марқұм болған жақсысы мен жайсаңын қымызға шомылдырып жерлесе, несі айып?! Нельсоныңызды он орап алатын батырларымыз бар ғой. Ұлын Ұрымға (Рим) ұшырып, қызын Қырымға қондырған бабалардан қалған қан бар емес пе бізде?! Біз ешбір елден кем емеспіз. Қыдыр дарыған халықпыз ғой. Күйбеңдеген қу тірліктің соңында  темпеңдеп жүріп, бабаларымызға дарыған Қыдырымызды ұшырып алып жүрмейік. Қолымыздан.
Мағауия СЕМБАЙ,
«Орталық Қазақстан»

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 241
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px