Қылмыспен күрес – екпінді - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Қылмыспен күрес – екпінді

Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»


Биылғы төрт айдың ішінде жалған кәсіпкерлікпен айналысушыларға қатысты 195 іс қозғалыпты. Бұл туралы бейсенбі күні Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Брифингке көлеңкелі эко­номикаға қарсы іс-әрекет бойынша басқарманың басшысы Сәтім Тастайбеков, жалған кәсіп­­керлікке және заңсыз бан­к­роттыққа қарсы іс-әрекет бөлімінің басшысы Ернар Махаев және ерекше маңызды істер бойынша бас маман-аға офицер Манат Амантаева қатысып, тілшілер қауымының сауалдарына жауап берді.
Департаменттің Экономи­ка­лық тергеулер қызметі тарапынан көлеңкелі экономикаға қарсы іс-әрекеттерді жүзеге асыру бойынша тұрақты да мақсатты жұмыстар атқарылып келеді. Көлеңкелі экономикамен күрес бағытында жалған кәсіпкерлікпен айналысушыларды айқындау шара­лары басым күшпен жүр­гізілуде. Бұл қылмыс үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 215 және 216-баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Жалған кәсіпкерліктен ел экономикасына орасан шығын­дар келтірілуде. Қылмыс кесірі­нен жергілікті бюджетке салық түрінде түсетін қыруар қаржы қолды болуда. Сондықтан, жалған кәсіпкерлікпен күрес – Эконо­микалық тергеулер қызметі­нің басты жұмыс бағдары­на айналуда.
Жоғарыда айтып өткенімдей, қаңтар-сәуір айлары ара­лығын­да Мемлекеттік кірістер депар­таментінің Сотқа дейінгі тергеу­лердің бірегей реестрінде жалған кәсіпкерлік бойынша 195 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде, 15 қылмыстық іс сот қарауына жолданды. Осы істер арқылы мемлекетке келтірілген шығын көлемі 84,8 млн. тең­гені құраған. Және 450 млн. теңгеден астам қаржыға бұғау салын­ған. Қазіргі таңда жалған кәсіпорындармен байланыста болған кәсіпорындар өз еркімен 80 млн. теңгеден аса қаржыны бюджетке аударды.
Жалған кәсіпкерлерді қол­ға түсіру мақсатында жедел іздес­тіру шаралары жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, үш қылмыстық топ қамауға алын­ған. Олар қылмыс орнында, яғни, екінші деңгейлі банктерден 20 млн. теңгеден астам ақша шешу үстінде қолға түскен. Сондай-ақ, қылмыскерлердің 300 млн. теңгеден астам сомада атқарылмаған жұмыс пен көрсетілмеген қызмет үшін ашыл­­ған жалған есепшоттың көшірмесін алуы департамент қызмет­керлерінің күмәнін тудыр­ған.
Аталған мерзім ішінде осы қылмыс бойынша 4 тұлғаға сот үкімі шығарылған. Қылмыс­тық топ құрамында болған олар 7-8 жылдарға бас бостан­дығынан айырылған. Жал­ған кәсіпкерлікпен айналысушылар алдымен бір адамның атынан серіктестік ашқан. Айтары сол, кейбір жағдайда «фирманың директорлары» өз­дері­нің жеке кәсіпорындары бар екендігінен бейхабар болған. Қылмыскерлер бұл мақсатта, көбі­несе, аса ауыр науқасқа ұшыра­ғандарды, мүгедектерді пайдаланып келген.
Бүгінгі таңда заңды тұлғалар есепшотына тауарлар мен қызмет көрсетулер үшін аударылған төлем­дерге қатысты  екінші дең­гейлі банктердің 22 филиалында сараптау жұмыстары атқарылуда. Жұмыс нәтижесінде, өткен екі ай ішінде қаржы айналымы көлемін азайтуға мүмкіндік туды. Нақты айтқанда, өткен жылдың сол мер­зімімен салыстырғанда, 24,579 млрд. теңгеден 16,236 млрд. теңгеге төмендеген. Яғни, атал­ған көрсеткіш 33,9 пайызды еңсеріп, 8,343 млрд. теңгені межеледі.
Баспасөз мәслихатында жур­налистерді толғандырған сауал­дарға жауап берген Сәтім Тастайбеков көлеңкелі экономикамен күрес қарқынмен жалғаса беретіндігін айтты.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 348
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px