Қымбатты Ұлы Отан соғысының ардагерлері және тыл еңбеккерлері! Құрметті жерлестер! - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Қымбатты Ұлы Отан соғысының ардагерлері және тыл еңбеккерлері!
Құрметті жерлестер!
Сіздерді ерекше мәні бар шуақты мереке – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Қазір бізді адамзат тарихындағы ең қасіретті және қанды жылдар парағының жабылған кезеңінен 70 жылдан астам уақыт аралығы алшақтатып отыр. Алайда, Отанды қорғаушылардың ұлы ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Арада қаншалықты уақыт өтсе, сіздердің буын жүзеге асырған Ұлы Жеңістің ұлағатты тағылымдарын пайымдау соншалықты арта түседі. Бұл ешқашан ұмытылмауы тиіс, өйткені, сол арқылы біз адамдардың бірлігі, бауырластығы, ерлігі не екендігін және Отанды қалай сүю керек екендігін көрсетеміз» деп сан мәрте атап өткен болатын.
Жеңіс күні өздерінің қасиетті парызын адал орындаған миллиондаған жауынгерлер мен офицерлердің қиылған қыршын ғұмырының, жауды жеңу жолында аса ауыр еңбекке өмірінің мәні мен мағынасын бағындырған миллиондаған тыл еңбеккерлерінің өлшеусіз еңбегінің өтеуіне келген. Біз бүгінгі бейбіт күн үшін бүкіл әлемге Отанды шексіз сүюдің үлгісін танытқандарға, есімдері ұлттық және дүние жүзі тарихына алтын әріппен жазылғандарға алғыс айтып, терең құрмет сезімін білдіреміз.
Қарағанды облысы майданға қырық бес мыңға жуық адамды аттандырды. Біздің жерлестеріміз Мәскеу мен Ленинград үшін болған шайқастарда қаһармандықтың ғажайып өнегесін көрсетті, Сталинград іргесінде қас дұшпанға қайыспай қарсы тұрды, Белоруссия,  Украина, Молдавия және Балтық жағалауы елдерін азат ету ұрыстарына қатысты. Ұлы Отан соғысындағы майдандарда көрсеткен ерлігі үшін 6587 қарағандылық ордендер және медальдармен марапатталды, 18 адам Кеңес Одағының Батыры атанды.
Біз Ұлы Жеңісті тылда шыңдағандардың қайсарлығын ешқашан ұмыта алмаймыз. Соғыс кезеңіндегі жағдайда біздің облыстың еңбеккерлері «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» ұранымен өмір сүріп, жұмыс істеді. Ұрыс даласына аттанған әкелері, күйеулері мен бауырларының орнын станоктар жанында, шахта ұңғымасында, аурухана төсегінің қасында, дала төсінде оларды қыз-келіншектер мен балалар алмастырды.
Отан соғысы – біздің Тәуелсіздігіміздің тарихымен ажырағысыз байланыста. Ұлы Жеңіс сан буынға бейбітшілік пен ашық аспан сыйлады.
Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен біз барлық әлем білетін және сыйлайтын мықты әрі өркен жайған мемлекет құрдық.
Осы жылдар ішінде өздерінің баға жетпес өмір тәжірибелерін жастардың бойына сіңіре отырып, бейбіт заманда алғы шепте тұрудан айнымаған ардагерлеріміз егемен Қазақстанның сенімді тірегі бола білді. Сондықтан да, аға буынның талап-тілегін ескеру, олардың жайлы тұрмысы мен лайықты өмірі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау – біздің борышымыз.
Майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің даңқы мәңгі арта берсін!
Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне иіліп, құрмет көрсетеміз!
Мереке құтты болсын, қымбатты жерлестер!
Ұлы Жеңіс күнімен!     

Н.ӘБДІБЕКОВ,
Қарағанды облысының әкімі.
Р.ӘБДІКЕРОВ,
облыстық мәслихаттың
хатшысы. 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 146
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px