Қымызхана ашылды - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Қымызхана ашылды
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»


Алматы ұйғырдың асханасы деген астарлы әңгіме бар. Қарағанды ше?
Дөп басып айту қиын. Дегенмен әрменнің, гүржінің, немістің, өзбектің ас үйлерін іздеп әуре болмайсыз. Тіпті, қытай ас үйі де қарағандылықтар үшін таңсық емес. Есесіне өзіміздің ас үйіміз болса, кәне?
Ондай үйлер, болмаса қымыз­хана ашқан бірді-екілі оқиғалар болған. Солардан жұрнақ жоқ бүгінде. Жұртын тапсаңыз не сырахана болып шығады, не донерхана болып шығады.
Бүгінде қаламызда халал ас үйлер, халал дәмханалар жыртылып айырылады. Соларға ел бара қоймайды. Оларда бәрі болғанымен ұлттық дәміміз жоқ.
Келген қонағыңызға дәм таттыратын дәмхана таппайсыз. Еріксіз әлгі куксиханаға, болмаса тұшпараханаға сүйрейсіз. Осы бір орайсыздығымыз жан ауыртатын.
Соның орны толған сынды. Қаламызда екі қабатты қымызхана бой көтерді. Асты – намазхана, үсті – қымызхана. Сырт келбетінің өзі көз арбайды. Жартылай сфералы. Киіз үйдің пошымына келеді. Ал іші боса-болмаса киіз үй болып өрнектелген. Столдары дөңгелек. Алпыс адамға арналған.
Ұлттық тағамдарды өздері дайындайды. Ет, қуырдақ, сірне, жұма күндері – шелпек, бауырсақ, ірімшік, жент, құрт сынды ет, сүт, нан өнімдерін ұсынады. Сусындық өнімдері де біршама. Оның бастысы саумал, қымыз. Қымызды өздері тәрбиелейді.
Базарға барсаңыз суға қымыз қосып сатады. Оларын «Жаңаарқаның қымызы» деп пұлдайды. Бұлар болса өз қымызымыз деп отыр.
Өзіміз барып таңсық астардан таттық, дәмін алдық. Өткен жексенбіде Ауызашар берді. Об­лысымыздың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа аруақтарға бағыштап дұға оқыды. Рақымжан Мақсұтов, Ермек Тұтқышев, Қарпық Ақбаров, Шәризат Қазтаев сынды ел ағалары игі тілектерін білдіріп, баталарын беріп жатты.
Ауызашарды белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов жүргізді.
Қымызхананың иелері Шынарбек Балапанов ағамыз бен қосағы Бірлік апайымыз. Шынарбекті біраз жұрт білсе керек. Қанында қазақ қаны ойнап тұрған намысшыл, рухты ағаларымыздың бірі. Қарағанды қаласына алғаш болып көп қанатты киіз үй тіккен азамат.
– Қыста да жұмыс істейміз, –  дейді қымызхана иесі,  – қысырақ ұстаймыз демейміз, бәлкім жабылған қымызды үзбеспіз, одан қалды ашығанымыз бар. Шұбат та сатылымға шығарыла­тын болады. Оның үстіне жеке адамдардан тапсырыстар қабылдаймыз. Әңгіме-дүкен құрамыз деушілерге де есігіміз айқара ашық.

Ендігі қалған әңгіме қымызхананың мекен-жайы болар. Гоголь көшесі бойындағы көпірдің астында орналасқан. Қымызхананың әп-әдемі атауы бар. «Ақмол» деген. Шамалы күндерден кейін келушілер киізүйде отырып, қымыз іше алады. Өйткені, шамалы күндерден кейін киізүйлер бой көтермек.

Суреттерді түсірген Ермек Төлеуұлы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 616
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px